Мәймөңкелемей, әңгіменің турасына көшті. ~ Əйелі «қандай шешімге келдің?», – деп сұрамайды, тымпи ойнағандай болып жүр. «Мен мəселені төтесінен қойдым. Не үй алып бер, не осыған келіс» дегендей. С. Досж. ~ Азат мырс етті. «Біздің қожайын олай демейді, мәселені әскери тәртіппен төтесінен бір-ақ қояды — қазақшалағанда «болсаң бол, болмасаң бордай тоз». Қ.Түм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МӘСЕЛЕ ҚАЙДА ЖАТЫР
Әлдебір жәйттің түпкі сырын, құпиясын әшкерелеу мағынасында. ~ Ә, от, мәселе қайда жатыр. «Боржойымыз кім» дедік пе? Бәсе, со боржой кім? — деп ежірейді аңдаған жұртқа қарап Бұқабай. — Оны сіз бен біз табуымыз керек. Тауып тамырына балта шабуымыз керек! От так! Тәртіп солай! С.Ел. ~ Күн көсемнің өлімі мысықтар үшін — Пішту! Мысықтар оған бола қайғырмайды. Пенделер үшін қайғылы басталған март-наурыз мысықтар үшін махаббат маусымы. Әне, мәселе қайда жатыр. Ш.Мұр. ~ Қайда жатыр мәселе — иә өмiр, иә өлiм, Десе де, Лайық па көндiгу тәлкегiне тағдырдың, Қарсы тұрып немесе, ұшан-теңiз нәубаттың, Көзiн жойған дұрыс па Жан алысып, жан берiскен ұрыста?! Т.Әбд.
МӘРТУ (МАРТУДАЙ) БАСТЫ
Есінен айрылды, жын иектеді. ~ — Сұмдық жеңеше, сұмдық! Шойынқараның (Сәлімді ауыл осылай атайтын) үйіндегі келініңіз қорқытып жатыр. Ертеңнен бері толғатып, әлі босанған жоқ. Мәрту басса керек. Тәуіп жеңешем де сонда, мені Молдекеңе жіберді. Қасиетті адам ғой, ертіп кел, мүмкін, со кісіні көріп серпілер, — дейді. М.Мақ. ~ Таусылып әлің, салдырап қарың, Мартудай басып өзіңді өз алмағың… Ә.Кек. ~ Ол жанында жатқан бәйбішесіне: – Қатын ей, мартубасып жатыр ма сені, мына балаға бірдеме жайып бер, қылжисын енді, – деп нұқып оятты. А.Жүн.
МӘРТЕБЕСІН ӨСІРДІ (КӨТЕРДІ, АСҚАҚТАТТЫ)
Абыройын асырды, беделін өсірді. ~ – Сен, бала, реті келгенде жиналыста сөз сұрап, ана бас агрономды мақтап, мәртебесін неге өсіріп тастамайсың, ә? О.Сәрс. ~ Кемпірге небір жүрек тебірен — терлік жақсы сөздерін арнап айтып, оның мәртебесін көтерді. С.Ом. ~ Арасында «біз де басқаларға неге осындай талап қойып, тіліміздің мәртебесін асқақтатпаймыз?! » деп армандап та қояды. Қ.Түм.
МӘРТЕБЕСІ БИІК
Абыройы үстем, атақ-даңқы мол. ~ Одан соңғы бір аталары жұлдыздармен үнсіз тілдес- кен. Әр адамның жұлдызы болатын көрінеді. Жұлдызы жоға- ры адамның мәртебесі де биік. Ө.Кәр. ~ Егер адам түсінде ақ боз ат мініп жүрсе — мәртебесі биік болады, егер ол патшамен қол алысып, қасында отырса, мансабы өседі, түсінде балық
ұстаса не ғашық болады немесе бала сүйеді. Д.Ис.
МӘРТЕБЕСІ АСТЫ (БИІКТЕДІ, ӨСТІ))
Беделі, абырой-атаға (әлдекімнен) артып кетті. ~ Күтпеген осы ерліктен кейін біздің аруағымыз көтерілді, төменгі ауылдықтарды түре жеңіп шықтық. 15:10 — бұдан артық қандай қарымта керек? Ырысбектің мәртебесі асып-ақ қалды. Е.Жең. ~ Біздің алдымызда оның мәртебесі бұрынғыдан да биіктеп, беделі тіптен шарықтап өскен еді. С.Мұр. ~ Есесіне омырауы ор- ден, медальға толып мәртебесі биіктеген. Ө.Кәр.
МӘРТЕБЕСІ ӨСТІ
Атақ-даңқы артты, абырой жиды. ~ Егер бұған арналған күйі сәтті шығып, жалпақ жұртқа жайылса, мұның да аты ел құлағына жетіп мәртебесі өскені ғой. Ө.Кәр. ~ Осы өжеттік пен жүректілік тар жерден жол табар ақылмен қосылып, бірікенде ғана батырдың жолы болып, мәртебесі өседі. О.Көш. ~ Талай жерді көрген, талай сыннан өткен, ел билеген Жандай «сені күтіп тұрдым» дегенде кенеттен толқып, әкесінің көз алдында мәртебесі өсіп, үлкен беделге ие болды. А.Жақс.
МӘРТЕБЕ КӨРДІ (САНАДЫ, ТҰТТЫ)
Абыройға балады, лайық санады. ~ Ғажабы сол, әлгінде ғана сауыншы қыздар ғой деп немкеттілеу, шекесінен қараған механизатор жігіттер енді міне бір тілдесуді мәртебе көріп айналшықтай кетпейді. М.Сүн. ~ Қайта қаншама ұрғашыны осындай жан талқысының қысымына салғанын өздеріне мәртебе санап сол өзімшіл қылығын өзгеге мақтан ғып езеуреп отыратының қайтерсің. С.Смат.
МӘРТЕБЕ ТҰТТЫ
Мақтаныш көрді. ~ Сахнада гитарасын сабалап шатып-бұтқанын, шамасы, кез-келгеннiң қолы жетпес үлкен мәртебе тұтады. Ә.Ыб. ~ Ауыл балалары Алтынның сыныбында оқығаны үшін, онымен сыныптас, тіпті онымен мектептес, болғанын мәртебе тұтынатын-ды. Н.Абд.
МӘРЕГЕ ЖЕТТІ
Әлдебір жарыстың сөресіне, діттеген межеге жетті. ~ Жарысқа түскен балалар мәреге жеткенде біз де олардың қасына келген едік. Дәл осыны күткендей Ештай аттан домалап түсті. К.Сег. ~ Ұлы дүбір жарыста сөреге қатар көтеріліп, кереден үзеңгі қағысып, бір-бірінен қол үзім, қол созым, қамшы салым, тіпті, қара үзіп мәреге жеткендер кімдер болды екен? Ж.Баб. ~ Дүркіреген жұрт бұл топтан әжептәуір жерде қалыңқырап қойған Найза кердің мәреге жете бере таяқ тастам жерге келіп қалғанын аңламай қалды. К.Жүн. ~ Алдымен жорға жарысы басталды. Одан ұшқыр жүйріктердің шыға шаппасы мәреге жетті. Соңынан отыз бес шақырымдық аламан бәйгенін жалауы көтерілді. Ө.Кәр.
МӘРЕ-СӘРЕ КҮЙ (КЕШТІ)
Қатты әбігер болып, не істерін білмей қалу туралы. * Кеше бар ел-жұрт бүгін жоқ. Кеше асар-күсер той-тойлап, лақ тартып, ат шаптырып, у да-шу мәре-сәре күй кешкен ел бүгін жоқ. Көшіп кетті, ауып кетті, олардың жұрты ғана қалған. Ж.Баб. * «Арты – зиян, алды қиян», қайда барып, кiмге iлесерiн бiлмеген жұрт әлi де мәре-сәре күйде отырған осынау сәтте көш жөнiнен хабардар болған орыс билiгi де қарекетсiз емес болатын. К.Сег. ~ Жербетіндегі күллі мұсылман үмбеті айт күндері хал сұрасып, бір бірін құттықтап, мәре сәре күй кешеді. БАҚ.
МӘРЕ-СӘРЕ БОЛДЫ (ДА ҚАЛДЫ)
Әбігерге түсті, қуаныштан есі шықты. * Кешке бұлар барған соң, «тойың тойға ұлассын» деген қазақтың батасындай болып, Үсен Марияны құшақтап кешу сұрап, мәре-сәре болды да қалды. Шәк. * Қыс апатынан жүдеп-жадап шыққан отбасына көктем шуағымен бірге өмірдің өзге жылуы қосылғандай, Мәдиярдың отбасы мәре-сәре болды да қалды. Т.Рыс. * Микис екеуіміз бауырымызды тауып, мәз-мейрам болдық. Бір-бірімізді нөмірге, шайға шақырысып, мәре-сәре болдық. Ә.Тар. * Тамада ортаға су жаңа магнитофонды әкеп қойды. Қым-қиғаш джаз үні сарнап қоя берді. Жұрттың бәрі дау-дамайды ұмытып, лезде мәре-сәре болды да қалды. С.Ас.
