МЕРЕЙІ АСТЫ (ӨСТІ, КӨТЕРІЛДІ)

Мәртебесі өсті, беделі биіктеді. ~ Қиын жол, ауыр күндер болды нәсіп, Дүлей жау құтырып тұр мерейі асып. М.Әу. ~ Бірақ, әлде қалай бір сәті түсіп, жұлдызым оңынан туып, мерейім асқан шағында талай-талай аруақты батыр, кәрі тарландардан бата алғанымды да жасырмаймын. Ж.Сәм.

МЕРЕЙІ ӨСТІ (КӨТЕРІЛДІ)

Мәртебесі жоғарылады, беделі артты. ~ Жәукемен құда боп қайтқалы Күнбаланың көңілі жай тауып, мерейі өсіп қалып еді. С.Ом. Қайда барса да бас иіп, құлдық ұрып тұрған бағынышты жұртын көріп, мерейі өсіп, шалқып келе жатыр еді. Қ.Жұм. ~ — Тамаша тері , — деді, құрбандығының қақыраған даусынан күш алып, қасапшының айрықша шеберлігіне риза болып, мерейі көтеріліп тұрған Жа- лама. — Арық та емес, семіз де емес. Тамаша тері… Т.Жұр.

МЕҢІРЕУ ХАЛ

Ештеңе сезінбейтін, мелшиген үнсіз қалып. ~ Төбемнен шатыр етіп жай түскендей болды. Не істерімді білмеген меңіреу халде орнымнан сүйретіліп түрегеле бердім. Б.Соқ. ~ Кейде ойым алай — дүлей ұйытқып, кейде бойым да, ойым да жалқау тартып, меңіреу халге түсіп осы үйде тұра бердім. Т.Ахт. ~ Кейінірек келе күйеуге шыққалы тап болған көнбісті, бұйығы, меңіреу халінен аз да болса серпіліп оқуға кірді. Онжылдықты бітірді. Институтқа түсті. Т.Ахт. ~ Зират басынан қараңғы түскенде қайтты. Қасыретін күні бойғы азап, арпалыс жұтып қойғандай. Өң мен түстің арасындағы бір меңіреу халде. Т.Сәу.

МЕҢІРЕУ ТЫНЫШТЫҚ (ОРНАДЫ)

Үн жоқ, түн жоқ, тып-тыныш, тым-тырыс жағдай. ~ Ауылдың түнге айналған уағы біржола меңдеп бара жатқан меңіреу тыныштықтың құшағына ойыса беріп еді. О.Бөк. ~ Отар тістенген күйі, көзін тарс жұмып қалшиып тұрып қалды. Меңіреу тыныштық. Тек кенеп плащқа ұсақ жаңбыр тамшылары тырс-тырс етеді. С.Мұр. ~ Бұл зарлы үн тұманды теңіздің меңіреу тыныштығын бұзып қайғыға толы қалпында айдалада көпке дейін шырылдап тұрып алды. Ш.Айт. ~ Батыр мен мерген бойларын бекітіп, сыртқа шықты. Ақ қар. Меңіреу тыныштық. Тым құрса сауысқан шықылы естілмейді. М.Мағ.

МЕҢІРЕУ ТЫНЫШТЫҚ ОРНАДЫ

Айналаны тым-тырыс, мәңгірген жым-жырт үнсіздік жайлады. ~ Үшеуінде де үн жоқ. Сұржекейдің тысыры кешіп, бөлме ішінде меңіреу тыныштық орнады. С.Ел. ~ Автоклуб кеткен соң бұл ауылға қайтадан меңіреу тыныштық орнады. Б.Тоғ. ~ Қардан соң өзгеше тымық, меңіреу тыныштық орнады. Жер– дүние танымастай өзгеріп салған. Ә.Асқ. ~ Желке тұсынан қарап тұрған Қозбағар сықырлатып ауыр есікті жапты. Жердің астына түскендей ап-ауыр меңіреу тыныштық орнады. С.Ел. ~ Қоштасар сәт туғанда оларға бір-біріне айтар дәнеңе қалмайтын — бейне өз бетімен жүріп келе жатқан жандардай араларында меңіреу тыныштық орнайтын. Джина үйіне көңілі тыншу тауып оралатын, жалғыз қалғанына сірә да өкініш білдірмейтін. Ч.Пав.

МЕҢІРЕУ ҚАРАҢҒЫЛЫҚ (ТҮН)

Айсыз, жұлдызсыз тас түнек. ~ Бұл есіз, меңіреу қараңғылықтан Айша қорқып жүрген жоқ. Оны бүгінгі күннің қырсығының бірі деп біліп, қарғап-ұрсып, күюмен жүр. М.Әу. ~ Әлгіде бір тамшы тиіп жарылған шамдай көзінің алды жарқ ете қалды да, сол шамның үңірейген ұңғысындай меңіреу қараңғылық құшағында құлап жатты. Сонан соң мына балдақ пайда болды. Ш.Мұр. ~ Меңіреу қараңғылықтың қабағын түйген нышаны сезіледі. Т.Рыс. ~ Меңіреу түнде қара көк аспанға меруерттей шашу шашып, о жер, бұ жерде жұлдыздар жылтыңдап, сыңсып келеді. Ж.Айм. ~ Меңіреу түн. Жым- жырт тыныштықты бүзып жүрген менің төбетім ғана. Н.Сер. ~ Ғарышта Темірқазық тас қараңғы әлемге егесе жарқырайды. Меңіреу түнде жарық жұлдыз бен Агба ғана ояу. А.Смай.

МЕҢІРЕУ КЕУДЕ

Сезімсіз, ойсыз, көрсоқыр адам туралы. ~ Ол үрей қашан таусылады? Қашан сейіліп бітеді? Әлде шырмаған үстіне шырмап, торлаған үстіне торлап, мүлде езгілеп, ет өлтіріп, көндіктіріп, меңіреулетіп тастар ма? Меңіреу кеуде, бітеу көңілдер кімге керек? С.Смат. ~ Сол өзі тұтанып лаулап кетсе, төре мен сұлтан қайда барар. Халық меңіреу емес. Меңіреу кеудеден мынадай сырлы толғау тумайды. С.Смат.

МЕҢІРЕУ ИЕН (ДАЛА)

Елсіз жатқан жапан түз. ~ Түскен кезде ғана аңдады: дымсыз, қимылсыз тынған мына маң дала, меңіреу иенде салбырай жер бауырлаған, соншалық кішкентай, соншалық бейшара кепке түскен көк жасыл ұшақтың оң жақ қапталында, анадайда, теріс қарап күйбеңдеген жан иесі – кәдімгі тірі адам өсіп шығыпты. М.Мағ. ~ Осы сөз ойында қалған мырза жол бойы төңірегіне көз тігіп қанша қараса да осынау құлазыған меңіреу даладан ондай тірлік ізін таба алмады. Ә.Нұрп. ~ Сонша жерге, мынау елсіз, меңіреу иен далаға оңаша ертіп келуі тектен текке емес еді ғой. Жаңа қыз өзі де айтты. Ж.Самит. ~ Осылайша күйініп, Сарыөзектің қиырсыз меңіреу даласын жұбанышсыз, шексіз жоқтау жырымен күңіренткен екен… Ш.Айт.

МЕҢІРЕУ ДҮНИЕ

Тымырсыған, мүлгіген, үнсіз, бейжай әлем. ~ Қыбырсыз қатып тұрған ұшы-қиыры жоқ жансыз бір меңіреу дүние мүлгіп тұрып кезігетін. М.Әу. ~ Меңіреу дүниені жарып шыққан өзге үн жанына ерекше әсер етіп‚ жүрек тұсын бүлк еткізді. Қ.Түм. ~ …тағдырға нанған көңілмен бір уақыт шын жалбарынып, назаланып: «Құдай-ау, не күнә сұмдығымнан осындай қазаға душар қылдың? Не жазығым бар еді?»—деп меңіреу дүниеге сұрақ қоюшы еді. М.Әу.

МЕҢДУАНА ЖЕДІҢ БЕ (ЖЕГЕНДЕЙ)

Есің дұрыс па д.м. ~ Шай үстінде де күйеуінің бетіне қарап отырып талай өкінді, «меңдуана жедің бе?» деген кезде, иә?— деп бастау керек еді де!» Ә.Тар. ~ — Сен неғып бүгін атырынып тұрсың, меңдуана жегеннен саумысың өзің? Ә.Тар. ~ – Баяғыда дейім-ау, осы сен екеуміз, Маратбек, бір түс шайысып қалып ек. Құданың құдіреті, шынымен-ақ қартайдық па, әр нәрсе еске түскіш. Есерлікпен меңдуана жегендей ұрыпберме қылыққа жүгініппіз. Тіпті, кейде адам өзінен-өзі ұялады екен. С.См.

МЕҢДУАНА ЖЕГЕНДЕЙ (ЖЕГЕН ҚОЙДАЙ) БОЛДЫ (МӘҢГІРДІ, САНДАЛДЫ)

Есінен айрылып қалды; ақылынан адасты д.м. * Наташаның жайшылықтағы жүргендегі ақша жүзі, иығына төгілген жирен шашы, аппақ балтырына меңдуана жегендей болатын бейбақ басымыз … Т.Сәу. * Махаббат деген бәлеңіз қиын екен, мен көз алдым қарауытып, меңдуана жегендей мәңгіріп қалдым. Ә.Асқ. * … Таңмен таласа мақта тиеген жүк машинасына жармасып кетеді. Кешкісін қас — кірпігін шаң басып, көзі ғана жылтырап, меңдуана жегендей сандалып жетеді. Қ.Ысқ. ~ Сенi көргенде, тiптi, ойламаған жер- ден есiме түсе қалсаң да бiттi, өзiмнен өзiм ұялам, елегiзем. Делебе тап болып, меңдуана жеген қойдай сандалам. Р.Рай.

МЕНМЕН КӨКІРЕК (КЕУДЕ)

Өзін өзгеден жоғары санайтын мақтаншақ, тәкаппар адам туралы. ~ Қызылдар жағына кейінгі кезде өткен бай мырзасының киген киімі де, менмен көкірегі де тегі жат екенін айтып тұрғандай болатын. Ә.Нұрп. ~ Десе де, елдің үрке қарайтыны, тосын айтылған шындықтың үрейлі болатыны, мақтаудан басқаны күтпейтін менмен кеуденің өркөкіректігі – бәрі-бәрі күтпеген жағдайлардың тууына әкеп соғуы мүмкін еді. Ж.Шәк.