МЕНІҢ ЖҰЛДЫЗЫМ ЖОҒАРЫ

Жұлдыз аққанда айтылатын ырым-сөз. ~ Сәби қиял еді. Салқын самал тұрып, таң ағара бере жиі аққан жұлдыздарға қарап, «менің жұлдызым жоғары» деп қайта-қайта қайталап жатып жылы көрпенің астында бұйыға түсіп ұйықтап кететін. С.Жүн. ~ Негізі қазақта «Жұлдызды санама, аққан жұлдызға қарама» деген тыйым да бар. Яғни аққан жұлдыз өлген адамның белгісі. Сондықтан бабаларымыз жұлдыздың аққанын көрсе «Менің жұлдызым жоғары!» деп күбірлейтін. А.Қалн. ~ Қазақ ұғымында аспанда жұлдыз аққанда «Жұлдызым жоғары!» деп үш рет қайталайтын қызық ырым бар. Ол – «әркімнің де көкте жұлдызы болады, жұлдызы аққан адам пәниден бақиға көшеді» деген ежелгі түсініктен туған сенім. Демек жұлдызы аққан түні көкке қарап, «Жұлдызым жоғары!» деп күбірлеген қазақ өзіне өзі ғұмыр тілеп тұр деп біліңіз. Ұ.Есд. ~ Аспаннан ағып түскен жұлдызды көрген қазақтар «менің жұлдызым жоғары» дейді. БАҚ.

МЕНІҢ ДЕ ҚОЛЫМА (АЛАҚАНЫМА) ҚАРҒА ТЫШАР

Маған да дүние бітер, менің де бағым жанар д.м. ~ «Ауылыңда жаңалық көп, Құлып та бар, твист те бар, Отырмассың қамалып, Ғайыптан лотореядан ұтарсың, «Қолыма қарға тышар» деп». Н. Хас. ~ Құс екеш құстың баласының саңғыруын баққа балайтын қазақпыз. Жоқшылықтан арылар күніңе үміт артып «біздің де алақанымызға қарға тышар» деп жатамыз. Б.Бәм. ~ Аққуды біз киелі санайтынымыздан өзге дәл қарғадай көп ауызға алмаймыз. Себебі ана тіліміздің тіні, қандай замандарды бастан кешсек те, өте берік. Айталық: қарғадай болып, қарғадай кезінен, қарғадай бала, қарға адым жер, қарға жүнді қаттас, үйрек жүнді оттас, менің де қолыма қарға тышар, қарға қарғаның көзін шұқымайды, қарғыс, қарғану секілді тіркестер, сөздер ауызекі тілде өте көп айтылады. Д.Бал.

МЕНІКІ НЕ ӘУРЕ (ӘУРЕШІЛІК)

Маған не жоқ; осыдан маған не қайыр? ~ Абай мен Ербол таңқалып, мұның түсіне қарасқанда, көкшіл тартып сұрланған ыза көрді. – Бір өкінішті Байдалыдан есітіп ем бүгін. Ендігі өкініш өзіме кепті. Тобынан жырылып жалғыз жорытқан кек қасқырдай менікі не әуре десеңші? М.Әу. ~ Осы менікі не әурешілік, күйеуім бар, отбасым бар сонша біреуге жаутаңдағаным не? – деп өз – өзін зекіді. Бірақ бойындағы бір сезім оған ырық берер емес. АҚ «Адасқан жүрек».

МЕНІ ҚОЙШЫ

Мені елеп-ескермесең де… д.м. ~ Кәрі ме, жас па, бәріміздің де барар жеріміз біреу ғой әйтеуір. Мені қойшы, өз жанымды Махамбетпен бірге бір шүберекке әлдеқашан түйгенмін. Тек қос сұңқарымды ойлағанда қабырғам қайысады. Тірі ме екен, айналайындар?.. Ә.Әл. ~ Қыстан қысыр шыққан ту қойымыздың түрі осы, балық көз майы жоқ көк бақа. Әсіресе мына қыздарға обал болды. Мені қойшы, соғыс кезінде масақ теріп жеп- ақ күн көріп кеткенмін. О.Бөк. ~ Мені адам деп, көңіл аударып жатқан да ешкім жоқ. Мені қойшы, бір қап көмірмен бірге мәңгілікке кеткен жаңағы мәйітті айтсаңшы. Көзден кетті – көңілден де кетті бейшара. Дж.Лон.

МЕНЕН ҚАЙЫРЫМ ЖОҚ

Менен көмек күтпе, қолымнан ештеңе келмейді д.м. ~ Менен енді еш қайырым жоқ. Бар жақсылығым сол – қашан ісі тексеріліп сотталғанша, үйде кепілдікте ұстай тұрам. Ол үшін араға түсіп шыжылдайтын жайым жоқ. С.Жүн.

МЕНЕН ҚАЙТПАСА, ҚҰДАЙДАН ҚАЙТАР

Тірі болсам, жақсылығыңды қайтарармын д.м. ~ Айтшы, айналайын… Істеген жақсылығың менен қайтпаса құдайдан қайтар… Мырзаға мен үшін сөйлес. Мен біржола кетем демеймін. Елімді бір көргім келеді… Тек маған Қояндыға баратын малымен жүріп қайтуға рұқсат қылсын… І.Жанс. ~ Жөн ‹‹бір күндік досқа мың күн сәлем›› деген сол. Біреу дұшпандық етсе, сен достық ет. Өзінен қайтпаса құдайдан қайтады, ـــ деуші еді шешем марқұм деді Бикен тұмсығын тартқыла отырып. Б.Жұм. ~ Саған хат жазарлық менде не бет бар ? Сонда да болса әйтеуір… Баламнан қайтар, баламнан қайтпаса, құдайдан қайтар. «Сен» деп жазғаныма кешір, «сен» демек тұрғай, сенің маңайыңнан жүре алмайтындардың бірі емеспін бе? К.Қаз.

МЕНДІК ТЕЗЕК ТАБЫЛАР

Бізге де бірдеңе бұйырар д.м. ~ Шырағым, несіне тарынасың, мендік тезек табылар. А.Тоқм.

МЕНДЕ ДЕ ЕС ЖОҚ

Өз ісіне риза болмаушылықты білдіреді. ~ Қойшы, саған сөзім шығын. Сен бірдеңе түсінеді деп отырған менде де ес жоқ. Ш.Айт. ~ Өй, осы ыңғайға құлай кету менде неге жоқ, әліме қарамай, сіресем де қалам. Сабыровтар бұлай сөйлеген соң, Қаталбаевтарға не сорым. Оған өкпелеп, қоңырайып жүрген менде де ес жоқ екен. К.Қаз. ~ Бүйте берсең, саған дейін жалғасқан бір әулеттің тамырын кесесің ғой. И-и, сені адам деп сөйлеп тұрған менде де ес жоқ. Күл болмасаң бүл бол. Екінші сен үшін жүгірсем бе!..» – деп тепсініп шығып кетеді. Е.Жең.

МЕН НЕ ДЕЙМІН, ДОМБЫРАМ (СЫБЫЗҒЫМ) НЕ ДЕЙДІ

Беталды айтылған, әңгімеге қатысы жоқ сөзге орай. ~ Қашан танысып ең? —деп еді, Абыралы шалқасынан түсті. — Қатқаныңның басы! Мен не дейім, домбырам не дейді. Бүгін бөле қарындастың туған күні деп тұрмын. М.Қаб. ~ Жә, мен не деймін, домбырам не дейді?.. Көп оттамай, қалтаңдағыдан мың сомды ал. Мейлі, екі мыңын ал. Тіпті түгел ал!.. Одан ешкім байымайды. Қ.Ысқ. ~ — Мен апарып салайын, — дедім өзімді-өзім зорлағандай күшене сөйлеп. — Ойбай-ау, мен не деймін, сыбызғым не дейді? Түн ортасында жатақханаға кім кіргізеді мені?! Қыздарға не бетімді айтам? Н.Кел.

МЕН МҰНДАЛАДЫ

Алыстан бой көрсетті. * Құлқының құрғыр, осында бір қазына жатыр, құйрық жатыр деп жүрсің ғой… — деп бір кекетіп қойған еді. Бірақ соны айтса да осы баздың исі айдаладан мұрын жарып, «мен мұндалап» тұратынын есіне алған… М.Әу. * Қандағы мерез сияқты, іште жатады да, көзге көрінбей, жанды жегідей жейді. «Мен мұндалап» көрініп келген жаудан, баспалап көрінбей келген жау жаман. С.Бақб. * Көкжиекте, менің қарсы тұсымнан солтүстік- шығысқа қарай дөңгелене қарт Қаратау созылып жатыр. Алдымда – Қос Тұра. Қазір мына қырға шықсам, біздің ауылдан көрінбейтін Жетім Тұра мен мұндалайды. Г.Нарытб. *… оның сөзі де мағыналы, пікірі де байсалды, өмір тәжірибесі өлшеусіз мол адам екені мен мұндалап тұрғандай. Х.Есен. * Дәмханада аттары қызық алуан түрлі ішімдік мен мұндалап-ақ тұрады, бірақ тек салған жерден мас болғысы келген біреу болмаса, олардың бәрін бірдей татып жатқан адам кемде-кем. Хэм. (Н.Әбут.)