Бір қиындыққа екіншісі қосылды д.м. * Осы бір қысыр әңгіме мешелге жөтел боп қосылып, мені әбден діңкелетіп бітті. Ә.Асқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МЕХНАТ ШЕКТІ (ТАРТТЫ, КӨРДІ)
Азап шекті, қиындыққа тап болды, қиналды. ~ «Ақсақалдар, отағасылар, үлкен аға, кіші інілер! Мен сіздердің араларыңызда өстім. Менің кім екенімді білесіздер. Сіздерді жақтағандық үшін, патшаның заманында менің қандай мехнат шеккенімді білесіздер. С.Сей. ~ Бұл үшеуі етек– жеңі әлі ендей қоймаған жаңа зиратты көз ілмей күзетіп тұр. Көп заман мехнат шеккен, сүйікті елден, туған Еділден аулақта архитектор сол үш қайыңның күзетінде қалды. Х.Ес. ~ Бүгінде өрмек тоқу азайды. Ауылдарда да жүн түтіп, ұршық иіретін әйелдер ұшырасуы екіталай. Қазір резеңке кілем, синтетика төсеніш көбейді. Әлгіндей мехнат шегіп, алаша тоқудың қажеті болмай қалды. Ү.Жәл. ~ Ақырында, сол таудың басына шығады. Көп мехнат тартып, шығып, атайын деп тұрғанда киік: – Ей, батыр, сен мені атасың, бірақ шешең барған соң, саған қастық қылады! – дейді. БС. «Байғұлан». ~ Өзі жетім боп, көп мехнат көріп өскендігінен бе, әсіресе мұң – мұқтажды, қайғылы – шерлі жастарды көрсе, ондайларға қолынан келген жақсылығын істегенше көңілі көншімейтін. І.Ес. ~ Алғашқыда аяғының тұқылы қолдырап, қажалып үйрене алмай көп мехнат көрді. Т.Сәу.
МЕСЕЛІН ҚАЙТАРДЫ
Өкпелетті, көңілін қалдырды. ~ Мұхаммедия Әубәкірдің ең кіші інісі. Жасы әлі жиырманың ішінде. Ел маңына үйірле бастаған, кейде Әубәкірдің өзін аузына қарататын қажырлы, көрікті, жігіт ағасы. Мұстапаға бауыздау құдасынан осы құдасы жақынырақ, жылырақ болған соң меселімді қайтармас, деп сұрап еді, Бақай
шығысымен адуын әйелі Қадиша сөкті-ай келіп: Ғ.Мұст. * – Істейін, қайтармайын меселіңді, Сен едің, – деді батыр немересі. О.Шип. ~ Ахмет жақтырыңқырамай қабағын шытса да, елпеңдеген жас жігіттің меселін қайтарғысы келмеді. Б. Ыбыр.
МЕСЕЛІ ҚАЙТТЫ (ТҮСТІ, ҚАЙТ БОЛДЫ)
Әлденеге көңілі қалды. * – Сый деген не, ет болса бәрі бір дағы. Мен онша сынайтұғын жат қонақ па едім? Өзіңнің де қойың шағын емес пе? Жұмабай ақсақал меселі қайтып қалды. Басын шайқап, Елубайға қарады да, шаруасына айнала бастады. Ж.Айм. * — Ол не хат? Керегі жоқ, ары…— Меселі қайтып қатты ыңғайсызданған Сұлтан өрттей боп қызарып, хатты қалтасына қайта тықты. С.Мұр. * Әзберген түсі қабарып, түнеріп босағаға тізе бүкті. Ағасының кейпін көз қиығымен шолып еді, оның да меселі түсіп, салы суға кетіп отыр екен. Қ.Жиен. * Алдымен дәмге шақырғаныңа рақмет. Менің әлі де талай-талай жортатын жерлерім бар. Сол үшін үйге бармады деп ренжіме. Енді біріне келсек… Жас жігітсің ғой, меселің қайтпасын. Оның үстіне мына құнаныңның ауыздығына байлағаным болсын… — деді шынтақтап жантая беріп. Ж.Сәм.
МЕСЕЛІ ҚАЙТ БОЛМАСЫН
Тауалы шағылып, өкпелеп қалмасын. ~ Тыныққан Шауыпкелге алтыннан көрі ермек керек болды. — Жарайды, шық бері! Бер күректі маған! Мен де біраз шұқиын, меселің қайт болмасын, — деді шұқырға түсуге оңтайланып. С.Мұқ. ~ ~ — Қой, болмас, қара табан жатақтарды ағайынға балап келіп қалған екен, Гүлнаштың меселі қайт болмасын. Берешек астығыңды менің екі өгізіммен апарып сал: жол да, жөн де сенікі — деген. Т.Әл.
МЕС ҚАРЫН
Қарны үлкен, семіз адам туралы. ~. Мұның мес қарын байы тағы бір қатынымен қаланың сыртында жерүйде тұрады. Бір шаруамен апарғанда көрген. С.Досж. ~ Қанша бүйірлесе де, аяғын кібіртіктеп үнемдеп басқан мес қарын қулық бие ширығар емес. С.Жүн. ~ – Ой, тәйірі-ай, Айтеке, сол есекті де «ат» деп отырсыз ба? Ол мес қарының бәйге болмақ түгіл аман-есен Семейге дейін өз аяғымен жетсе жарар еді, – деп көзінің астымен Абдолла жаққа қарап қойды. С.Ғабб. ~ Арсылдайды қoйғa тиген қасқырдай, Қалың топқа жанарынан жас тамған. Алдыға кеп шipeнiп тұр мес қарын, Сездіреді дауысында сес барын. Н.Айт.
МЕРЕЙІҢ ҮСТЕМ БОЛСЫН!
Беделің артсын, абыройлы бол д.м. тілек, бата. ~ Болжалым онша қате кетпейтін еді, иншалла, ұрпақсыз болмассың. Бақталайлы болсын, мерейің үстем болсын деп тілеп едім. С.Ом. ~ Соның өзіне төбеміз көкке жеткендей қуанып отырамыз. Мерейің үстем бола берсін, лайым! Биыл қыс аяғында Зерендідегі төркін жұртқа кетіп ем. С.Жүн.
МЕРЕЙІН КӨТЕРДІ
Абыройын арттырды, қуанышқа бөледі. ~ Олар келіп көк түйенің қарны жарылды- ау»,— деп әзіл- қалжың айтып, мерейімізді көтеріп тастаушы еді М.Сүн. ~ Мырқал Русактың сынына көбірек түскен шахта бастықтарына көз жүгіртіп еді, бәрінін де еңселері түсіп кеткен екен. Сол түсіп кеткен еңселер Мырқалдың мерейін көтеріп жіберді. Ә.Әб. ~ Әлбетте, сырттан кірген адамды үй иесі бар ықыласымен жылы қабылдаса, ол оның көңілін өсіріп, мерейін көтергені. С.Ғабб.
МЕРЕЙІ ҮСТЕМ (БОЛДЫ, ШЫҚТЫ)
Жолы болып, жұлдызы жанды; дегеніне қол жеткізді.
~ Турасына көшкенде, Жолдасбекке әлгіндей мәліметтердің түк пайдасы жоқ. Үш литрлік соңғы құтыға қол іліктірсе де мерейі үстем. Қ.Жиен. ~ «Дүние — кезек» осы. Әткеншектің екі басы кезек көтеріледі. Ретімен биіктейді. Биіктегеннің мерейі үстем. Дегені болады. Әмірі жүреді. С.См. ~ Бұл дәуір туысымен-ақ, Торшолақтың мерейі үстем бола бастады… Ж.Айм. ~ Романда сыбандардың пасық пиғылдарын әшкелеуші көпшілік бар. …Олардың мерейлері үстем болады. Арамдық құриды. Ғ.Қаб. ~ Иә, қай заман, қай дәуірді алсаң да орыс ұлдары сорлы Ресейдің мерейі үстем болсын деп бойындағы барын беріпті. Қанын, терін, төгіп, қажет болса жанын да беріпті. Ә.Нұрп. ~ … Дұшпан мерейі үстем шықты. Күре тамыры қиылған, даласы қурап, қаласы тозған — елдік емес, тірлік қуар кепке түскен жұрт қаскөй жауға табанды қарсылық көрсете алмайды. М.Мағ.
МЕРЕЙІ ҮСТЕМ, МӘРТЕБЕСІ БИІК
Беделі артық. ~ Әділдік бірде болмаса, бірде өз тағына мық шегедей орнығады. Асылы өстіп келген беделдің мерейі үстем, мәртебесі биік. Қ.Жиен.
МЕРЕЙІ ТАСЫДЫ
Абыройы артты, беделі өсті, шаттанды. ~ Қайыпбердінің, әсіресе мерейі тасуға реті бар. О.Сәрс. ~ Соны айтып есікке қарай беттеген. Әлденеге мерейі тасып, көңілдене шалқып шықты далаға. Қ.Жұм. ~ Бүгін алғаш рет қалдықсыз қорекке көшкеннен кейін жиналып отырған олардың әрқайсысы өз әсерлерін айтып, көңілді кештің мерейін тасытып ұзақ отырысып қалды… С.Ғабб.
