Менің пайымдауымша д.м. ~ Мен білсем, бұл бала қара жер қақ айырылса да шананы тартпайтын шығар! М.Қаб. ~ Комбаттың да бір ойы бар шығар, — деді ол алдыңғы жақтан көз алмай. — Мен білсем сол деревняда дұшпан жоқ, ал бар болса көп емес. Т.Ахт.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МЕН АТАЙЫН, СЕН ТҰР
Бірінен-бірі өткен. * Шетінен мен атайын — сен тұр. Шомат қожа болыс болса, Боқан балалары Балапай, Қалақ та — ірі шонжарлар. С.Жүн. * Енді ол бұрынғыдай министрге көп жаутаңдамайды, қарамағындағы өңкей «мен атайын, сен тұр» дейтін әлеңкейдей жаланған көп жігіт пен көрікті қыздар бұның көңілін табуға тырысады. С.Дос.
МЕЛДЕК (МЕЛТЕК) АТТЫ
Кекіре тойды. ~ Иә сол адамзат ұрпағы жойылып кетпегей! — деді ол, ocы бір өзіне таныс арамза наразылықты өзі де күткендей, мені ызалана кекетіп. — Ағылшын лордтары әманда мелдек атып тойып жүру үшін, бала табудан бас тартуды уағыздау керек, — оған рұқсат. Л.Тол. ~ Шодыр сый қонағымен отыруға да уақытты ысырап етпеді. Піскен егінді жиып алмаса төгіледі. Әр күннің берер жемісі бар. Жиып алмасаң о да төгіледі. Шодыр соны төкпеу үшін лұқсат сұрады. Мен оған лұқсаттың үстіне алғыс бердім. Еңбек емген мұжық қалай байымас. Ермек емген сорлы қазақ жарым аш. Орыстың тек осы мінезі жұкса біздің қазақ мелтек атар еді-ау!.. Ғ.Мұс.
МЕЛДЕГІНЕН КЕЛТІРДІ (ШЫҒАРДЫ)
Әбден тойдырды д.м. * Осы Омбы өңірінде неше болыс бар, сегіз бе, он ба — бәрін шақырам. Мейлі, ішсін, жесін, ет пен қымызды мелдегінен келтіріп, ауыздарынан шығармасам, атым өшсін. С.Жүн. * Он шақты күннен бері Су Құсайынның тамағы тоқ. Өсек сөзге, жаңалыққа жаны құмар еріккен жұрт жол бойы қонағасын мол беріп, мелдегінен шығарған. С.Жүн.
МЕКТЕП ҚАБЫРҒАСЫНАН
Мектепте оқыған кездер туралы. ~ «Әуедегі еттің сасығынайды» мектеп қабырғасынан жаттап өскенбіз. С.Смат. ~ Мен Əуезовтің есімін мектеп қабырғасынан қастерлеп, əсіресе «Абай» романын оқығаннан кейін- ақ осыны жазған адамды көруге қатты іңкəр болғанымды айтқан тұста ол тамағын қайта- қайта кенеп, қалың еріндерінің ұшына жып- жылы күлкі жинап, тосын көзге түсініксіздеу езу тартты. З.Қаб. ~ Көңіл күйі келгенде əркімақ Абайдың өз əуенімен əнге де салады. Үлкендер түгіл балаларға дейін жатқа біледі. Бəрімізге тіпті мектеп қабырғасынан таныс. З.Қаб.
МЕКЕН ЕТТІ (ҚЫЛДЫ)
Қоныстады. ~ Бұрын Қаракөл, Жыл бұлақ дейтін екі болыс ел мекен еткен жер еді бұл,— деді Шіркімбай. Т.Әл. ~ Жанарыңыздың жарығы мен жарқылы да, жарық дүниенің жақсылығы мен жасампаздығы да жүрегіңізді мекен еткен ұлы Рухтан нәр алады. Рухыңызды өлтіріп алмаңыз! И.Сап. ~ «Бетпақ дала» — шөл, елсіз, аңнан басқа жан жоқ. Киік, қасқыр, түлкі ғана мекен қылады. С.Сей.
МЕЙМАНАСЫ ТАСЫДЫ (АСТЫ)
Кеудесіне нан пісті; асып-тасыды. * Баяғыда… Дүниені жайлаған бір асқан байдың көп ұлы болады. Көп ұлымен мейманасы тасып жүргенде, тұңғышының басына бір бөтен жара түседі. М.Қаб. * Имам ақырын ғана бұл шектен шыққан ысырап, әруақ аста-төк аспен риза болмайтынын айта бастағаны сол еді, әлгі мейманасы тасыған пысықай ашулана, қолын бір сілтеп, теріс бұрылып жүре берді. Ж.Аязб. * Ағасы мен еріне қоюлап шəй құйып отырған Хадишаның бұл жолы баяғыдай мейманасы тасып мастанбады. С.Досж. * Әрнәрсе сынарында өзінен мықтыға соқтығады. Мейманасы асқан Махмет Бәйтеннің шатастыруымен Мейрам, Ермек, Жанабіл, Ардақтарға соқтықты. Ғ.Мұст. ~ Бір ауылдан жылына Қоқанға бір қыз беріп тұрған. Ал енді шатақ осыдан шыққан. Патшаның мейманасы тасып, Құдайды ұмытып, араны ашылған ғой. Араны ашылған жаман. Ш.Мұр. ~ Ендігі ісім сенімен түссін, жарымаған кедей! Мейманаң тасыған екен, аяқ астынан желік пайда болған екен! Осыдан бар- ау, Қанипаны ат көтіне салып, Сатыбайдың баласына алып бермесем Аралбай атым құрысын, жер басып тірі жүрмей- ақ қояйын. C.Ом.
МЕЙЛІҢ ЖЫЛА, МЕЙЛІҢ КҮЛ
Не қылсаң да ештеңе өзгермейді д.м. * Күні жерге үңілген, Жері гүлге көмілген, Бір гүл сайын бір бұлбұл. Асты бір гүл жайнаған, Үсті бұлбұл сайраған, Мейлің жыла, мейлің күл. М.Жұм. ~ Сөйткенмен, қазақ көшін оңға бастап, Жүруді өздігінен тағы білмес. Мейлің көн, мейлің, жыла соңғыларға, Қайтсын-ай, қамықты-ау деп, көзіне ілмес. А.Байт.
МЕЙЛІ ҒОЙ
Солай-ақ болсын д.м. * Ол пәлекет нендей бұлтаққа салады? Қандай қолқасы бар? Мейлі ғой, не алса да, туыстарының қазақ еліне шығып кетуіне себі тисе, ештеңесін аяғалы тұрған Қанат жоқ. Сол күні бестөбе қалашығындағы Ақтотының қайнысы Маралбайдың үйіне, кешкі апақ- сапақта барды. Т.Рыс. ~ — Мейлі ғой, — деді Қалибек ыңыранып. — Елден сәлем- сауқат келіп еді, сенің табаққа қол салуға жағдайың жоқ екен. Ө.Кәр. ~ Содан да ылғи бір өңкей, сұрқай сөйлемдер, жылтсыз сөз, жылусыз тіркестер түзеді. Мейлі ғой, мейлі деп ойлайды ол, әйтеуір, үнсіздіктен тәуір. Ж.Нәж.
МЕЙЛІ БІЛСІН
Не істесе де өз еркі д.м. ~ Бұл мінез –ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі. Олар өзімді жақсы демесе, мейлі білсін, жаман дегізбесем екен деп азаптанады. Екінші, мақтаншақ деген біреуі «демесін» демейді, «десін» дейді. Абай. ~ Есеней Ұлпанға қарап еді, Ұлпан аз ғана жымиып, ақырын ғана басын изеді. Есеней кесімін айтты: — Еменалы көшсе көшер, көшпесе мейлі білсін… Сендер көшіңдер! Еменалыға берілген қыстауға қыйқы үйлеріңді сала беріңдер. Ол қыстау енді сендердікі! — деді. Ғ.Мүс. ~ Тіпті: «Сатып алған жанарым жоқ. Бергенін тағдырдың өзі алар!» деп «мейлі білсінді» жамылғы етіп, алдағы үміт дүниесінен біржола–ақ үміт үзген көздер де табылатын секілді. Ғ.Сл.
