МЕЙІРІН ТӨКТІ

Ыстық ықыласын аямады. * Сосын адамның көмегін қажет етеді. Төлінің асты-үстіне түсіп, жалап-жұқтап, оған аналық мейірін төкпеген соң, онда қайдан уыз, қайдан сүт болсын?! Ж.Баб. * Төңірегінен мейірін төгер, назарын бөлер жан таба алмай қиналады. Ә.Кек. * Қабақ астына тығылған қара көздері мейірін төгіп тұр. Жүрісін баяулатып, жөн сұрап тілдескісі келетін адамдай қарайлай берген. Т.Сәук. * Әлден уақытта мейірі қанған соң, құшағын жазып, үйден сылти басып, аптыға шыққан анасының қойнына сырғи салып, Нұрланмен амандасты. З.Шаш.

МЕЙІРІН ҚАНДЫРДЫ

Көңілін тапты, рахат сыйлады, ләззатқа батырды. ~ Бұл ауылдың қыздары әуелгіде құм ішінің шыңырауының суындай мөлдіреп, мейіріңді қандырып, есейе келе, егделене ашып бықырған айранға ұқсап кететіні қалай деймін, таң қаламын. Д.Досж. ~ Тайпалып жорға болып салдырған күй, Мейірін тыңдағанның қандырған күй. І.Жанс. ~ Сатпайтын, сатылмайтын сары қымызды шара-шарасымен сіміріп мейірін қандыратын, көні жібіп көңілі жай тапқанда «Алқоңыр» текті ән шырқап, «Телқоңыр» текті күй тартатын елді «қойдан қоңыр қазағымай» дейтін ғой ата-бабамыз. Ж.Баб. ~ Жарқырап екі көзім күнге бақтым, Жұлдыздан жүрегімнің сырын таптым, Моншақ су мейірімді қандырды да, Тіліме жырын берді махаббаттың. Ә.Тәж.

МЕЙІРІМІ ТҮСТІ

Біреуге ықыласы ауды, көңілі жібіді. ~ Кім біледі, осынау бір айдай ашық күні әке қабағы да ашылып, мейірімі түспес пе екен. Ш.Айт. ~ Жүзі бал- бұл жаңа күлімдеп келеді. «Көкем сияқты жақсы адам білем. Мейірімі түсті ғой. Мендей қызы бар шығар. Әйтпесе, бұлай жәрдем ете ме? М.Сүн.

МЕЙІРІМ ШУАҒЫНА БӨЛЕНДІ (ШОМЫЛДЫ)

Рахат сезімге кенелді, шаттыққа бөленді. ~ Анварға кездесіп қырдың гүліндей құлпырып, жаным жадырап, жүрегім мейірім шуағына бөленді. С.Досж. ~ Күйбең тірліктің көлеңкесі жіңішке қастарының арасынаайқын сызық салып үлгергенмен күлімдеген қоңырқай көздері мейірім шуағына шомылып тұр. Ү.Жәл.

МЕЙІРІМ КҮТТІ

Біреуден қайырымдылық, жылы пейіл дәметті. ~ Күйеубаласы әккі барон, бай, бірақ сараң. Қарт қыздарынан әкелік шексіз махаббаты үшін мысқалдай болса да қайырымдылық, мейірім күтті. Ж.Аязб. ~ С а л и х а. Ендеше Құрбақадан мейірім күткен сен де ақымақ екенсің. Т.Ахт. ~ Сақалынан алты тарам жас ағып, әлде бір мейірім күткендей, айналасына жаутаң-жаутаң қарайды. К.Қаз.

МЕЙІРІМ ЖАСАДЫ

Қайырымдылық көрсетті. ~ Нұржан мен Еркін сияқтылар көбейді… Байқаймын, әкем олардың кейбірінен пара алып босатады да, кейбіріне мейірім жасамайды… С.Мұқ. ~ …қақтығыстың артын бағып отырған әйелдер рыцарымыздың қасына жүгіріп келіп, өздеріне қайырым көрсетіп, мейірім жасауын — малайларына аяушылық білдіруін қоярда қоймай жалынып сұрай бастамаса, бискайлықтың шынымен бір пәлеге ұшырайтыны кәміл еді. М. Серв.

МЕЙІРІМ (ШУАҒЫН) ТӨКТІ

Ыстық пейіл танытты. ~ Көзінің жасын төгіп, сағынып көрген анасындай елжіреп, бауырына қыса берді. Кемпір оған ыстық мейірім төгіп, жанымен құлай берген. С.Ом. ~ Мен де оның бетін жас балаша шөпілдетіп сүйіп-сүйіп алдым. Көп тұрдық. Айтпақ асыл сөздерімізді қабағымызбен ұқтырып, бірімізге-біріміз мейірім төге қарай бердік. М.Әбд. ~ Жазық-маңдай, жәудіреген тана көздері нұр шашып, маңайындағыларға ерекше мейірім шуағын төге қарайды. АҚ «Үш хикаят». ~ Жердегі пенде өзгенің зіл батпан ауырлаған, көтере алмай шаршаған жанын көтеріспейді, көп болғанда мейірім шуағын төгіп, жылы сөз айтып жұбатып жеңілдетуге себепкер болады… Д.Дос.

МЕЙІРІ ТҮСТІ

Елжіреп, емірене сүйінді, құштар болды, алпыс екі тамыры босады. ~ Құшақтап сүйді қатын қысып-қысып, Балаға пәруана боп мейірі түсіп. От болып өртенуге жақындайды, Жүрегі қуанғаннан алып-ұшып. М.-Ж.Көп. ~ Келіншек ауыр күрсінді. Сөйтті де, кенет мейірі түсіп кетіп, еңкейіп баланың маңдайынан шөп-шөп сүйіп алды. І.Ес. ~ Осының бәрінде де оның өмір жолында кездескен кісілер — құй фабрикант, құй полицей, құй, мейлі, түрме начальнигі болсын, мейірі түсіп маңдайынан сипаған бір жан болмапты. Ә.Нұрп. ~ Менімше, құдай барып тұрған эгоист, тек қара басын ғана ойлайды. Інжіл мен құранды оқысаң құдай мен алла адамды мейірі түсіп жаратқан. Д.Иса.

МЕЙІРІ ТАСЫДЫ

Ерекше мейірленді, жүрек жылуын төкті. ~ Ғаламға патша күндей нұрын шашып, Халқына мархабатты мейірі тасып. Қазаққа бұл күнгеше есіттірмей, Аты бар, өзі жоқ қып қойды басып. М.Ж.Көп. ~ Осы бір күндер уілдеп үн шығара бастаған нәрестесін бауырына басқан сайын мейірі тасқан Жамал апайдың да аса бір бақытты шағы сияқты. С.Ғабб.

МЕЙІРІ ҚАТТЫ

Қатыгез, рақымсыз. ~ Сен менің жақынымсың, туған жиенімнің баласысың Байларға жасыңнан қаның қас, жібімейтініңді білемін Өйткені анаң нан жалғыз едің Жалғыздың мейірі қатты болады. Б.Қыд.