МАУҚЫН БАСТЫ

Жаны жұбанды; көңілін тыншытты; құмарын тарқатты. * Сол апажаны қайда? Жасаған-ау, оның үңірейіп қалған орны немен толады? Үйіне барғанда маңдайынан кім иіскейді. Кіммен көрісіп, жылап, мауқын басады? Ақбілектің көңілі бұзылып, көзіне жас кеп қалды. Ж.Айм. ~ «Жарықта қараңдап, бой көрінед!» – деп, Бір-бірін сүйісе алмас мауқын басып. Елжіреп көңілдері, құмар қанбай, Айрылар біраздан соң амандасып. М.Жұм.

МАУҚЫ БАСЫЛДЫ

Көңілі көншіді, құшыры қанды. ~ Сырым, жай жүрмісің, жұмысың не? — дейді Нұралы. — Сіздің Есім деген балаңыз менің бір ағайынымның атын ұстап ылауға мінген екен, оған екі жыл толыпты. — Мауқы басылса, сол аттың сүйегі болса да алып кетейін деп келіп едім,— дейді Сырым. «Шеш.сөздер». ~ Балапанын бауырына басып, еміреніп, еркелетіп, жеп қойғандай құшырлана сүймес пе еді? Көңілдің бар кірбіңі демде жойылып, мауқы басылмас па еді. Ой, бала шіркін-ай! Неден мұндай ыстық болады екен! Ж.Айм. Ақбілектің жылағанына көңілі босап, Ұрқия да жылады. Екеуі жылап-жылап, әбден сілесі құрып мауқы басылды… Ж.Айм.

МАУ ТАРТТЫ

Өсіп-өніп жетілді. ~ Біз феодалдық қоғамды көзбен көріп, бастан кештік. Hay тартып гүл ашылады, мау тартып жетіледі, шау тартып ол қартайып, қурап солады. Жаңа туады, ескі өледі. Б.Қыд. ~ Әйел — бір шоқ гүл, оны уақтысымен суғарсаң, күтсең нау тартып ашылып, мау тартып жетіледі. Назар аудармасаң шау тартып қурап қалады. Б.Қыд.

МАСЫЛ БОЛДЫ

Біреуге ауыртпалық түсірді, салмақ салды; біреудің есебінен күн көрді. ~ Атсыз қазақ қанатынан айырылған құс сияқты болған. Қыс жылқы тебінмен шығады, қожасына масыл болып, шөпке телміріп тұрмайды. Сүті қымыз болады. А.Байт. ~ — Бәрiн бiлемiн, ботам. — Ерiнiң үнi жұмсақтау шықты. — Ендiгi тұста мен сенiң мойыныңа масыл болып, бағыңды байлаймын. Одан басқа түк емес. Әлi онша бауыр баспай тұрып, ажырасып кетсек, кiшкене, оңайырақ соға ма дегенiм ғой. Ә.Ыб. ~ — Жетті енді, осы масыл болғаным да аз емес… Сәлімімді сағындым… ол да мені сағынды… келіп ертіп кетеді… балаларға өзің ие бол… Қ.Мүб.

МАСЫЛ БАСТЫ

Асқан ауырлық, тылсым күштің құшағында қалу туралы. * “Масыл басқандай екі- үш күн бас көтермей маужырап ұйықтағаным не? Қой, ағайын, өзімді өзім қолға алмасам болмас! ” Ә.Асқ. * Бәрібір, бұлақтың сылдырынан басқа бөгде дыбыс естілер емес. Бәр- бәрін мынау масылдай басқан боз тұман жұтып қойғандай, айнала тыныштықта мүлгіп тұр Ә.Асқ. ~ Оның үстіне кешке таман күн желдетіп, аспан әлемінде қап-қара бұлттар жөңкіліп, көзге түрсе көргісіз масыл қараңғылық басты. Ж.Сәм. ~ Өлі мен тірінің арасындағыдай мең-зең бір ауыр ойдың масыл боп басқан қара түнегімен мыж-мыж болып құр сүлдері қалған Разия біреу келіп көрпенің шетін қайырғанда ғана селт етті. Ж.Сәм.

МАСҚАРАСЫ ШЫҚТЫ

Жұрт алдында әшкереленіп, ұятқа қалды. ~ «Сайлаубек! – деп айқайлады, – ол жоқ», ойына қулық оралған Алаш: «Құрманбек!», – деп айқайлағанда, «мен – Құрманбек!» деп кіре бергені сол Алашты бір қол шап етіп ұстай алды, Құрманбектің өзі бар болып масқарасы шықты. Н.Абд. ~ Баяғыда Дәужігіт масқарасын шығарып еді, соны дық қып жүрген шығар о бетпақ. Н.Сер. ~ Сол сол-ақ екен, Құралайдың жыны табан астында қозды да кетті, неге олай болды деп ойланып жатқан қыз жоқ, Сәнияны қорлағысы келді, жерге салып таптағысы келді, осында жиналған жұрттың көзінше масқарасын шығарғысы келді. Ә.Тар.

МАСҚАРАНЫҢ КӨКЕСІ

Барып тұрған ұятты, әбес қылық туралы. ~ Шыдамайтыны — ертең балалар екі жақ боп футбол ойнағанда мұны ешкім командаға қоспай қойса, масқараның көкесі, әне сонда! Қ.Жиен. ~ Мен туралы біреу- біреуге сыбырлап, жер- жебіріме жетсін. Тым алақай! Аты- жөнім еш жерде аталмай, іштегі удың беті жабулы қазан —жабулы күйінде қалса масқараның көкесі сонда! Қ.Жиен.

МАСҚАРА БОЛДЫ (ҚЫЛДЫ)

Ұятқа қалды, мазақ болды. ~ Дүниеде шарықтап барып- барып, жұрт алдында масқара болып, гүрс етіп құлағаннан жаман нəрсе жоқ қой. Ж.Айм. ~ Батыр, – деген ол Қасқаққа бұрылып, – осы кәрi қыртты бекер-ақ ерткен екенсiз. Бүгiнгi масқара қылғаны да жетер. К.Сег. ~ Енді ел қалаға барғанда, мені жамандап, қызметтен шығартады, масқара қылады, деп ойлады. Қызылбикені қалай мұқатады? Өзіне қалай бас игізеді? Керімбайдың көптен ойлаған ойы осы еді. Ж.Айм.

МАСҚАРА БОЛҒАНДА

Шектен шыққан әбестік, ұят қылыққа байланысты айтылады. ~ Көрші деймін- ау, өткен жолы, өзі міздің Маяны айтам да, әкесінің бар жазғанын жиып- теріп баспаға ала жөнеліп еді, кейін біреу звондап кеңк- кеңк күле- еп тұр. «Бізге қазақ әндері емес, Тәкеңнің өз жазғандары керек», — дейді масқара болғанда. Д.Әш. ~ Масқара болғанда мына қызықты қараңыз, бір түрлі облыс орталығында арқа тірейтін жанашыры жоқ жалғыз қалған адамдай сезінейін, көңілді ортамның қызығын біреу дөрекілеу мінезімен отап кеткендей, тіпті талай түнді дөңбекшумен өткізіп, әзер- әзер көз ілейін. Қ.Жиен. ~ Масқара болғанда, жоғалған он екі аттың бірі — кекілінің астында танадай ғана төбелі бар жирен жорға Байсеркенің қорасынан табылып отыр. Қ.Жұм.

МАСАТЫДАЙ ҚҰЛПЫРДЫ

Гүлдей жайнап, түрленген, көрікті көрініс хақында. ~ Келді қырға гүл көктем, Масатыдай құлпырып. Ақтарылды нұр көктен, Мейірлене күн күліп. А.Асылб. ~ Масатыдай құлпырған жер келбетін көргенде, бұлақ жағасындағы көгалға менің рахаттанып, аунай кеткім келді. Б.Соқ. ~ Тұс-тұстан түтіндер көтерілді. Масатыдай құлпырған жерде жан-жануар тыраңдап, рахаттанып жатыр. Тек, көбелек қуған Сарыбала дамылсыз. Ғ.Мұс.