Масайған, қызу, албырт сезім. ~ Лимонның дәмі қышқыл, сонда да ішем. Ішіп отырғанымды көрсе ғой, тіпті бірге ішсе ғой» деген масаң сезім де мазалап, маңында шыр айналып жүріп алды. Қ.Түм. * … жүрегім айныған да жоқ және масаң сезім көпірден өтіп, өзеннен ұзап кеткенше айықпай, сол бір ғажайып күйдің әсері көкірегімде біраз уақыт сақталып қалды. Қ.Жүсіп. ~ Аңқып ауа.. масаң сезім тым тəтті, Сыңғыр етіп сырлы бақ та үн қатты. БАҚ
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МАСА ТАЙҒАНДАЙ
Тап-тақыр, теп-тегіс. * Аурухананың қабырғалары да, төбесі де, табаны да сүргі тартқандай теп-тегіс, маса тайғандай, тап-таза. Ж.Айм. ~ Көше маса тайғандай тақыр, таза. Өңшең ғана әйнектен жасалғандай … І.Жанс.
МАСА (ШЫБЫН, САЙТАН) ТАЙЫП ЖЫҒЫЛҒАНДАЙ (ЖЫҒЫЛАРДАЙ)
Теп-тегіс, жып-жылтыр. ~ Дәмелі шын шошыды. Тап кетерде келген қалың малмен бірге, жаясына маса тайып жығылғандай былқылдаған арда емген семіз тай өлтіріге келген. Өлтірі, әдетте, қалың малдан кейін келеді. С.Жүн. ~ Жұмыс столы да, мәжіліс столы да ақ сары маса тайып жығылардай жалтырап тұрады. К.Қаз. ~ Оның үстіне басы қаздың жұмыртқасындай тап-тақыр, төбесінен шыбын тайып жығылғандай. Ғұмыры басына шаш бітпеген бе, әлде жасы жетіп жидіп түсіп қалған ба, әйтеуір таз төбесі көз шағылыстырады. ~ ~ Оның үстіне басы қаздың жұмыртқасындай тап-тақыр, төбесінен шыбын тайып жығылғандай. Ғұмыры басына шаш бітпеген бе, әлде жасы жетіп жидіп түсіп қалған ба, әйтеуір таз төбесі көз шағылыстырады. Ғ.Мұст.
МАРТУ (МАРТУДАЙ) БАСТЫ
Жын-пері арбады; қара басты. (Марту — наным бойынша әйел бейнесіндегі қас күш, албасты). * Курнос Иван әрқашан Шураны көрген сайын осылай ауыр сезім бойын мартудай басып, өзінен-өзі азып-тозып қалар еді. Ә.Нұрп. ~ Жоқ, бар дүние дәл осы сәтте ауа жетпей қысылып өліп кеткендей. Көк те, жер де марту басқандай қыбыр етер емес, бәрі өлік… Осы тапырық өлі әлемде тек бір — ақ адам тірі секілді. Ол — Пейілжан. І.Ес. * Көңілін сұрай келген көз көргендер сомадай қатынның жардай боп жатып «бық-бық» деген моқал тіліне түсінбей, іштей аяп: – Марту басқан екен сорлыны! Тіфә-тіфә! — деп бастарын өлгенше шайқап кетті. Е.Абду. * Өзі де құдды түсінде марту басқандай үні бітіп, дыбысы шықпай, бар бойымен іргеге қарай ығыса берді. Ә.Нұрп. ~… мертiктi ме бiлмеймiн мiнген атым лаулап, мойынсұнбас жүрегiм мұз үстiнде жүр аунап, марту басқан секiлдi мысты құртып бұғаулап…Ұ.Есд.
МАРҚАДАМ ТАППАДЫ
Әлдебір істің қайыры болмады; пайда көрмеді. * Шашасына шаң жұқпайтын төкпе шешендер, кешегімен салыстырып келешекті болжай білетін білгір көсемдер өрлі-қырлы сөз ағылтып, ой сабылтып отырып, ақпатшаға бодан болған бұратана елге отаршыл үкіметтен опа шықпайтынын да, қарсылық жасап марқадам таппайтынын да дәлелдеп болып, үдере көшіп шетелге кетіп қара батыруға бас шұлғысып, ат басын түйістіре бастаған тұс еді. Ғ.Біләл ~ Онымен ерегісіп марқадам таппайтынын білетін Болатбек ләм-мим деместен бастығының бөлмесін босатты. C. Олж. * … долданған қатынмен тәжікелесіп марқадам таппасын білген ол бетін ірге жаққа беріп, басын қалың түйе жүн күпісімен тұмшалап жатып қалды… Қ.Мүб. * «Бөлiнгендi бөрi жейдi».Бiрiң Төре, бiрiң Қожа, бiрiң Алшын, бiрiң Қырғыз болып марқадам таппассың. К.Сег. * Елісхан хатты оқып көрсе: «Шыңшысәймен қарсыласып, марқадам таппайсың. Жұмыртқадай шағыласың. Онымен келісуден басқа шығар жол жоқ… » — депті. Т.Рыск.
МАРҚАДАМ ТАПТЫ
Көңілі көншіді, әлдебір істің пайдасын көрді. ~ Жайдарлы жаз қайта айналып келгендей жан-жануар масайрап, күннің көзінен қуат алатындай сары даланың құшағына сағыныштарын сіңіріп, күз бояуын қондырып, дала төсінен марқадам табуда. А.Кеңш. * ~ Ол бұл өмірдің қулық-сұмдығын үйрене алмай-ақ кетті. Басын тауға да, тасқа да ұрды. Ақыры, діннен марқадам тапты… бәлкім, таппады. Өзін көп іздеді. Т.Таң.
МАРЖАНДАЙ ТІЗІЛГЕН
Қаз-қатар, әдемі сап құрғандай болып орналасқан тістер, жазу т.с.с. ~ Екеуі құшақтасып жатқанда бір әйел қастарына келіп тұр. Сынап тұрғаны, сүйсініп тұрғаны белгісіз. Езу тартып күлгенде маржандай тізілген ақ тісі жарқ етті. Ғ.Мұст. ~ Кейде апамның хатын қолы әдемі бір оқушы қыз жазады. «Қарындасың Н. деп, сәлем айтып, қол қояды. Маржандай тізілген қарыптарына қарай сөздері де жатық, колхоз өміріндегі әрбір жаңалықты құр өткізбей жазады. Ғ.Мүс. ~ Дәрігер жігіт маржандай тізілген ірі ақ тістерін көрсете рақаттана күлді. Н.Сер. ~ Ол дәптерінің беттерін парактап ашқанда өткен лекциядан маржандай тізілген айқын әріптермен шақпақ жолды үш бетке толтыра конспект жазып алғанын көрдім. Ә.Нұрш.
МАРЖАНДАЙ ТІЗБЕКТЕЛДІ
Бірінен соң бірі түрып, сап түзегендей болды; артқысы алдыңғының ізін қайталай алға басты. ~ Асқардың көз қыры Ботагөзге түсіп еді, оның көзінде мөлдіреген жастың тамшылары маржандай тізбектеліп, омырауына домалап жатыр екен. С.Мұқ. ~ Мынау, дөңгелене тізіліп маржандай тізбектеліп жатқан түлкінің ізі. Ж.Шәк.
МАРҒАУ ТІРЛІК
Көңілсіз, енжар, самарқау тіршілік. * Құдай-ау, бұл неткен марғау тірлік?! С.Сағ. * Сөйтіп, біркелкі марғау тірліктен іштері пысып, той- думан аңсап жүрген Демежан мен Бибі аяқастынан өнерпаз, жас қонақтарға жарыды да қалды. Қ.Жұм.
МАРҒАУ ТАРТТЫ
Бей-жай күйге түсті, , самарқау тартты. * «Е, бұлардікі де әлі тумаған сиырдың уызындай бірдеме болды ғой» деп, Демежан тағы да марғау тартып, басылып қалды. Қ.Жұм. * Ылғи таң құланиектене тұрып, салығып жүргендікі ме, жоқ әлде бойы жылып, марғау тартты ма, кім білсін; әйтеуір ол күндегідей сергек емес, қазір тым сүлесоқ. М.Сүн. * Шілденің аптап ыстығынан әбден марғау тартқан, келте мүйіз, күржікей, бәкене сиырлар жағада жалқаулана бастарын шайқап, әукелері бұлғақтап жүр. М.Сүн.
МАРҒАУ КЕТТІ
Келмеске кетті, біржола құрып кетті. * Алдияр, әміріңнен кетсін зекет, Бұйырсаң бұл қатын да марғау кетед. Қызымен қасындағы, қайнысымен, Күш қылған күйеулері қашқын Бекет! М.Әу.* … артында қайда кетсе де, тіпті марғау кетсе де осындай шығарда жаны басқа жары қалған идамның арманы бар ма екен деген еді. Б.Қыд. * Мені олардың аямайтынын білдім, інім. Сонда да басымды бәйгеге тіктім. Ішінде арқауы жоқтар мүздап марғау кеткенше, бәрі өлгенше мен өлейін дедім. Б.Қыд.
