Құдайға жалбарынды, қолдау сұрады. ~ Қанды көздей жарқылдап, Айдаһардай ақырып, Аруағымды шақырып, Көк толқындай суылдап, Көк тұлпардай зуылдап, Алдадан медет сұрайын, Əңгіме- дүкен құрайын! Ж.Айм. ~ Күні-түн жалбарынған медет сұрап, Жаратқан қабыл қылды жас тілегін. Н.Айт. ~ — Тәңірім- ау, сенгенім сен болсаң, сенің жолынды да жіңішкерткен екен. Алладан медет тілегендей, намазшам арасында қырға шығып қайтатынмын. О.Бөк. ~ Құдай- ау, енді маған не қыл дейсің, күнəмді қылға тіздім. Ойыммен ойды- қырды кездім. Құдай мен пайғамбардан мың қабат медет тіледім. Ж.Айм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МАХШАР КҮНІ
Діни сенім бойынша о дүниеде, қиямет күнінде болатын сот күні. ~ Арыздасар, қоштасар, Қайшажан, бүгін түніміз. Қалады енді артымда қатын-балам, Жесірдің де, жетімнің күні қараң. Ақыреттік жар едің — Сізге аманат Махшар күні қолыңнан Сіздің алам. Б.Тоғ. ~ Со қырғында Тәңірге ғарыз қылған. Махшар күні дидарын ғата қылған, Бұ сөзден жақсы адам ғибрат алған. Мұхаммед үмбетіне иашһүр рамазан! ҚАӘ.
МАХАББАТТЫҢ БАЛ ШЫРЫНЫ
Жанға ләззат сыйлайтын балдай тәтті сезім туралы. ~ Қамар жеңгейдің бар тіршілігі, мұң– арманы осы әнде ғана қалған дерсің. Махаббаттың бал – шырынын сусыны қанып жұта алмағанын, өкініші, өксігі көп ішқұсалықтан өртенгенін, оралмасқа кеткен жастық шағын егіле тұрып еске алады. С.Мұр. ~ Жасым жиырма үшке келгенде махаббат деген бал шырынның дәмін татып, уын iштiм. Сол махаббаттың адам төзбес ауырлығын көтердiм. “Бұл қандай ауырлық?” деп ойламағын. Бұл сенiң — жауапсыздығың! Д.Рам.
МАХАББАТ СӘУЛЕСІ
Ғашықтық сезімінің игі әсері. ~ Бұл кімнің көзі? Әлде анасының көзі ме? Жоқ, жоқ, оның көзінде бағанағы көздей шаттық, әлденеден кенет мас болғандай алып–ұшқан қуаныш емес, үнемі мейірбандық, бітпес аналық махаббат сәулесі тұратын… І.Ес. ~ Сол бір коядер Левинді махаббат сәулесімен тамылжый шарпып, жап-жақын келіп те қалды. Л.Тол. ~ Шәміл-оу! Күндер өтті, Айлар өтті. Алаңсыз қайран күндер қайда кетті? Махаббат сәулесіне ұрындым мен, Махаббат өмірімді ойран етті. М.Мақ. ~ Ондай ерлік жүрегіне махаббат сәулесі түскен жанның қолынан келер еді. Ө.Кәр.
МАХАББАТ ОЯНДЫ
Біреуге деген ғашықтығы бас көтерді, ыстық сезім пайда болды. ~ Ағаш, өсімдіктерде шырын пайда болып, тамыр — жүйелерінде сел жүгірді. Жан-жануардың бойларында қан ойнап, махаббат оянды… І.Ес. ~ Сондайдан бір-біріне деген құрмет, немесе ыстық қатынас туады. Тіпті, кейде махаббат оянып, қол алысып, не қол берісіп жатады. К.Өтж. ~ Бұл — жақсылықтың нышанасы. Өзегіне мейірім жүгіріп, сезімі жасаңситын болғаны ғой. Махаббаты оянуы да мүмкін. Ө.Кәр.
МАХАББАТ ОТЫ
Жүрек өртеген ыстық сезім, сүйіспеншілік. ~ Ері мен екі ортадағы махаббат оты күн сайын дүрілдемегенімен, бәсеңдемей, бір қалыпта тұрғаны сол баланың жоқтығынан ғой деп ойлады Шолпан. М.Жұмаб. ~ Осы күннен бастап, Ноян мен Құралай арасында махаббат оты өрши түсті. Қыз жігітті қанша жақсы көрсе де қызыл ернінен сүйгізуден артыққа бармады. І.Ес. ~ — Қалай, бала, — дейді Байжанға, — махаббат оты ыстық па екен, Қызылорданың күні ыстық па екен? С.Мұқ. ~ Міне содан бастап екі жүректе тұтанған махаббат оты бірін-бірі көре алмаса тұра алмайтын іңкәрлыққа ауысқан болатын. Ж.Шәк. ~ Мен махаббат отына күйіп-жанатын сонша жас та емеспін, сол сәт еске түскенде осы күнге дейін неге әлжіреп, егілемін? Б.Тоғ.
МАХАББАТ МҰҢЫ
Ғашықтық зары. * Махаббат мұңынан әлі айықпаған ба, алғашында Тотының қабағына қар, кірпігіне мұз қатып жүрді. М.Қаб. * Органның жанын махаббат мұңы, тілек пен үміт мұңы тебірентер де сыздатар, ал теңіз болса сезімсіз, кеуек кеңістіктей селт етпес. Ш.Айт. ~ Арамыз бiрте-бiрте жақындай түстi. Бұған, бәлкiм, жүректерде шемен боп қатып қалған махаббат мұңы, бәлкiм ортақ өкiнiш әсер еттi, әйтеуiр күнұзынғы ызғарды бiр жылы леп ерiтiп жiбергендей. Т.Әлж.
МАХАББАТ МАШАҚАТЫ
Ғашық жандардың махаббат жолындағы бастан кешкен қиындықтары. * Өнердің басыбайлы құлы болсақ та, махаббаттың машақатын біз де заманында бір кісідей тартқанбыз. Ә.Асқ. ~ Додаға түскен немді алған? Енді қырыққа келгенде махаббат машақатымен басымды ауыртпағым не? Ө.Кәр. ~ «Қыз Жібек» – қазақ халқының әйгілі лиро-эпостық жыры. Жыр – махаббат машақаты жолында туындаған оқиғаға құрылған. БАҚ.
МАХАББАТ МАЙДАНЫ
Ғашықтық әлемі; шынайы сезімнің ауыртпалығы, қызығы мен шыжығы. * «Оһо, біздің жас маманның жұмыста ғана емес, махаббат майданынындағы екпіні де қатты екен» деп, шампан атып, қаланың қақ ортасынан үш бөлмелі пәтердің кілтін ұстатқан. Т.Сәу. * Дабылдатам, дамылсыз кернейлетем, Тізе бүгем тілге де келмей бөтен. Батырына махаббат майданының Алтын жұлдыз қалайша бермейді екен. Т.Молд.
МАУЫҚҚАН МЫСЫҚТАЙ
Керіліп-созылды. ~ Бойым балбырап, өзім маужырап, мауыққан мысықтай бір қызық жағдайға түстім. Ә.Асқ. ~ Күн шуақта еркелеп мауыққан мысықтай керіліп — есінеп, уілдеп — уһілеп, бірнәрсеге асыққандай нышан байқатты. С.Смат.
