МАҢДАЙЫНАН ШЕРТПЕДІ (ШЕРТКІЗБЕДІ)

Бетінен қақпай, еркелетіп өсірді. ~ Оң жақта аз күн тайраңдап, дәурен сүрсін!» деген бәйбішенің тілін екі қылмай, Ақбілегін маңдайға шерткен жан емес еді; оның тана-моншағына, сән-салтанатына дүние аяған жоқ еді. Ж.Айм. ~ Хансұлу үшін қыстың көңілсіз, сұрқай күндері басталды. Маңдайынан кісі шертіп көрмеген ерке қыз басына түскен жайды сазарып үнсіз көтерді. С.Ел. ~ Оларды бұрынғыдай ұрып- соғу бұлай тұрсын, маңдайынан да шертпейді. Ә.Әб. ~ Перзенттің бәрін бірдей көру, бәрін бірдей аялау ата- ананың парызы емес пе еді. Мені де әке- шешем маңдайымнан шертпей, ұлдан кем көрмей өсірді. Б.Мом.

МАҢДАЙЫНАН ШЕРТІП ЖҮРІП АЛДЫ (ТАҢДАДЫ)

Армансыз таңдап жүріп, ең жақсысын алды. ~ Сиғат ертеңінде жігіттерді тасқабақтай қатыстырып, маңдайынан шертіп жүріп таңдады. Қ.Ысқ. ~ Ол сығырың осындай бықыған жұрттың маңдайынан шертiп жүрiп, көңiлi ұнаған үйге ғана атының басын тiрейдi. Ә.Ыб. ~ Егер осында түпкілікті тамыр жаям десең, топырағы торқалы, он жылдықты беске бітіріп, сақман болып жүрген көп қыздың маңдайынан шертіп таңдап жар ет, сенен ешкім қалыңмал сұрамайды. О.Бөк.

МАҢДАЙЫНАН СИПАДЫ

Жақын тартты, ыстық ықылас танытты. ~ Не болушы еді, Қажеке, бәрі де болып жатыр: өкімет маңдайынан сипап — міне қаржы, міне құрал-сайман, міне жер, міне су, міне билік — десе, не істемейді, бәрін де істеп жатыр. Х.Ес. ~ Бұл қалай сонда, еңбек тәртібін бұзғандарға еркіншілік беріп, маңдайынан сипап, бауырымызға бассақ, басқалары қайтпек? Б.Тоғ.

МАҢДАЙЫНАН ҚАҚПАДЫ

Жақсы көрді, еркелетті. ~ – Шақырғаны да рас. Әр елден қазақтар шама-шарқынша көшіп келіп жатыр ғой. Келеміз дегендердің кекілінен сипамаса, маңдайынан қақпайды. Ж.Шәк. ~ Сүттен өзге нан берем. Бірін беріп, бірін бермесең тегін қоймайды: еріп үйге кіреді, баспалдаққа секіріп шығу Сибякқа жүк емес. Және маңдайынан қақпайтыныңды жақсы біледі. Ж.Шағ. ~ Сыртқа шыққанынан берi осы уаққа дейiн өзiнiң маңдайынан ешкiм сипап, арқасынан қақпапты. Ә.Ыб.

МАҢДАЙЫНАН КҮН ӨТТІ

Қиындық көрді, қиналды. ~ Алты аяқты ала атың Қулық бие құлыны, Табанына тас батса, Маңдайынан күн өтсе, Алты күнге жарамас. Жеті аяқты жиренің Табанына тас батса, Маңдайынан күн өтсе, Жеті күнге жарамас. «Ер Төстік».

МАҢДАЙЫНАН КӨРДІ

Тағдырдың жазғанына мойын ұсынды, не болса да бұйырған тағдырынан деп санады. ~ Маңдайымнан көрем де. Не бақ, не сор, сені жазықтағанда әуеден шұға жаумас, жер басып тірі жүрген соң, тойып тамақ ішіп, бүтін киім кигеннің несі айып. О.Бөк. ~ Ығыр болғаны сонша солардың дегеніне көнбек болды. Не де болса маңдайымнан көрермін деп алдына қойылған екі- үш жапырақ қағаздың шетіне бармағын басып берді. Ү.Жәл. ~ Әлгі шимайшы жарықтықтың ертең бұған оқуға түсуде бірдеңе етіп қол ұшын берер қайраны бар ма екен өзі? Әй, маңдайынан көреді дағы. Ә.Кек.

МАҢДАЙЫНА ШАҢ ТИМЕДІ

Қамқорлық көрді; қиындық көрмей өсті. ~ Бәрі, баршасы жиналып келеді де бір рөлді жан- тәніңмен ойнап, мың- сан жүректі дір еткізген жалқы сәтің — үлкен өнер жолындағы алтын көпірге айналып шыға келеді сонан соң. Маңдайыңа шаң тимейді. Қ.Жиен. ~ Өмірде маңдайына шаң тимеген жандар ұзақ жасайтындай көрінетіні бар. Алайда жасынан бейнет көріп, еңбекке піскен, түрлі қиындықты басынан өткізген адамдар ұзақ жасайтын сияқты. А.Қон. ~ Тірісінде маңдайына шаң тигізбес жалғызын о дүниеде де желеп-жебеп жүреді екен ғой бейшара. Ә.Кек.

МАҢДАЙЫНА ҮКІ, БҰРЫМЫНА ШОЛПЫ ТАҚТЫ

Даңқын көкке көтерді, асыра мақтады. ~ … дана халқымыз ежелден аруын аялап, маңдайына үкі, бұрымына шолпы тағып үлпілдетіп өсірген, ұлынан да жоғары төрге отырғызып қымбаттысын қадірлей білген. Асылдың сынығы, шұғаның қиығы деп, көлденең көк аттының көз сұғынан қорғап, қыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген. JQ-Aqparat.

МАҢДАЙЫНА ҮКІ ТАҚТЫ

Қолпаштады, мақтады, даңқын асырды. * Шынында, мұның келешегін жақсыға жорып, күнібұрын маңдайына үкі тағып жүрген кісілер аз емес еді. О.Сәрс. ~ Маңдайына үкі тағып, сыйлыққа ұсынып отырған шығармамыз осындай биік атаққа лайық па, жоқ па онымен ешкімнің шаруасы болмайды. Ж.Ерм.

МАҢДАЙЫНА ТИДІ

Көрген қиыншылығы, басқа түскен ауыртпалық туралы. ~ Әкеңнің маңдайына тиіп жүрген соққы аз емес. С.Мұқ. * Ғасырлар бойы бодандықтың қамытын киген қазақтың маңдайына отаршылдықтың тепкісі қатты тигені соншалық, әлі күнге дейін есеңгіреп, есімізді жия алмай жүрген сияқтымыз. БАҚ