Қарсы келді, қиянат қылды. ~ Ағия миық тартты. — Әйелжанды екенсің — желіккен ұрғашыға сонша үздігіп… Бай мен баланың маңдайына тепкен екі дүниеде де опа бермес, шырағым. Үйге де келдік. Т.Ораш.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МАҢДАЙЫНА ТАС ТИДІ
Оқыс қиындыққа, апатқа ұшырады. ~ Қысқасы, орыс үлтшыл жүрт еместігін, таптан тапқа, партиядан партияға бөлінген берекесіздігін көрсетті. Мұнан былай маңдайына тас тиіп барып түзелмесе, бү қалыпта үлгі аларлық, жіктерлік еш нәрсесі қалған жоқ. Ж.Айм. * Бірнеше рет сойылға жығылып, маңдайына тас тисе де, қияңқы кәсібін қырыққа дейін қоймаған. Б.Тоғ.
МАҢДАЙЫНА СЫЙМАДЫ
Бұйырмады, ерте кетті, қайтыс болды, айрылып қалды. ~ Алты ай бойғы алапатта жeңiлмeгeн Отырар Алты-ақ күнде жермен-жексен қирады. Ақыл-ойын жалындатқан, Өнер, ғылым шамын жаққан Ұлы қала Азияның маңдайына сыймады. М.Шах. ~ Әсіресе, қазақтың тайқы маңдайына сыймай қыршын кеткен ғазиз перзенті Шоқан қайтыс болғанда оның кісілігі мен ізгілігі айрықша көрінді. С.Ақт. ~ Жатқан жерің жаннат болсын, маңдайыма сыймай кеткен періштем, Рәзия, — деп өзінен- өзі отырып, көзіне жас алып қайғыратын. Б.Мом. ~ Ағасы жазған «Тілді түзету кітабы» секілді жарқын бір дүние өмірге келерін әзір ешкім болжаған жоқ. Отырардың маңдайына сыймай кетер ұл екенің парықтаған жан болмады. Д.Досж. ~ Әй, Махмұт-ай, сипақтап қайтесің. Маңдайымызға сыйдыра алмадық қой. Алаштың ала-құласына жем болып жатқан қызымызды Арқаның ардагеріне қимадық. О.Бөк. ~ Түнеу күні Грон дүкенінен алатын етігіңді құдайекең маңдайына сыйғызбады-ау, ә?.. — Айтпасаңшы. Ересен етік еді. Қалып қалды ғой. Егер сол етікті киіп келгенде, Шалғымбай осы күнге ханға сәлем берер ме еді? — деп Шалғымбай Марданға қарап күліп қойды. І.Жанс.
МАҢДАЙЫНА СОР ЖАМАДЫ
Кесірі тиді. ~ — Мақтаулы Хан Кенесі ол да жаман, Халықтың маңдайына сор жамаған. Азаттық күресінен әдірем кетсін, Бүлдіргі, барымташы сол оңбаған. Қ.Аман.
МАҢДАЙЫНА МҰЗ, ТАБАНЫНА ТАС БОЛЫП ҚАТТЫ
Басқа түскен қиыншылық, бақытсыздық туралы. — Маңдайыңа мұз, табаныңа тас болып қатқан екен бұл қу жетімдік! Әлі талай-талай бұрышта жаман иттей бұғып келіп, балағыңнан ала түсер. М.Қаб.
МАҢДАЙЫНА КҮН ТИГІЗБЕДІ
Әлпештеп, мәпелеп, күтіп-бақты. ~ Әттең, маңдайыңызға күн тигізбей аялар едім- ау… Қайтейін, тағдырымыз басқа арнамен кеткен соң. Ә.Асқ. ~ Тілейтінім: өмірлік боп бірге жүрсең, Махаббаттың отына жанып-күйсең. Маңдайыңа ешқашан күн тигізбей, Адал жарың болар ем мені сүйсең. АҚ «Әкем болса…»
МАҢДАЙЫНА ЖЕЛ БОП ТИМЕДІ
Қарсы келмеді. ~ Үш- төрт күннен бері әйелсіз жалғызіліктіліктен жалығып, әбден жүдеген ол аракідік күрсініп: «Осыдан аман- есен қайта табысар күн туса, ай маңдайына жел боп тимеспін- ау»,— деп жүрген. М.Сүн. ~ — Бетіңді салқын сумен жу. Айналайын… Жетіммін деме. Қамықпа. Біз тірі тұрғанда маңдайыңа жел боп ешкім тие алмайды,— деді Түсіп ақ сары жүзі қуқылдана қап. М.Сүн.
МАҢДАЙЫНА ЖАЗҒАН (ЖАЗЫЛҒАН)
Бұйырған тағдыр. * Осы беті оқи берсе офицер болатын, одан әрі маңдайына жазғанын көретін Шыңғыс, школаға түспей тұрып-ақ болашағына бөгет боларлық бір оқиғаға іліккен еді. С.Мұқ. * Сол емес пе, қит етсе, бұған: «Тіріде талабы ілгері баспаған сорлы. Екі елі маңдайына жазған тиесі сыбағадан қағылып құр қалатын қырсығы бар»,– деп табалайтын. Ә.Нұрп. ~ – Шілдехананы да құдай Қозған әулетінің маңдайына жазып қойып па? Т.Әбд. * Міне, осындайлардың жаман атағы шығып, «батырақтар жалпағынан жалқау, маңдайына жазбаған соң мандымады» деген сөзге жолықты. І.Жанс. ~ Онжылдықты бітіріп, маңдайына жазылған мамандықты алды. К.Жүн. ~ «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» деген. Маңдайына жазылған ғұмыры да бар шығар». Н.Қуан. ~ Егер маңдайына жазылған жазудың бары рас болса, соны өзі де көргісі келеді ғой. Ш.Бейс.
МАҢДАЙЫНА ЖАЗЫЛМАҒАН
Бойына бітпеген; тағдырына тимеген; адами болмысына, мінез-құлқына жат. ~ Алдамшылық — ежелдің ең күнінен Боранқұлдың маңдайына жазылмаған қасиет. Ғ.Біл. ~ Ол, жас париждік кенеттен өз сұлулығынан тым ерте айырылып қалғанда айна немесе сол тәріздес дүниелерден, тынық су бетінен өз бейнесін көріп қорыққандай, ешқашан қорықпайтын, ол сезімнің дәмін тату мұның маңдайына жазылмаған еді. О.Уайльд. ~ Былайша айтқанда клиент болу үлкен өнер. Кезекте тұрғанның кез келгенінің қолынан келмейтін, жұрттың бәрінің маңдайына жазылмаған өнер. Е.Әл.
МАҢДАЙЫНА ДАҚ ТИМЕДІ
Қорлық көрмеді, ешкім қарсы тұра алмады.* … бұл Омарлар ежелден қанды ауыз атанып, арасына жік түспегендіктен маңдайына дақ тимей, қағусыз кеткен: әркімнің мұнда ескі кектері бар. С.Торы.
МАҢДАЙЫНА БІТТІ
Біреудің бағын ашты деген мағынада. * Бірақ Мұқаш оның кәдірін біледі деймісің? Алтынай ырысы бар кедейдің маңдайына бітетін қатын ғой. Ж.Айм. ~ Баланың Ибраһим деп қойды атын, Жаратқан тәңірім өзі нұрдан затын. Әркімнің маңдайына біте бермес, Көтеріп мұндай ұлды тапқан қатын. М.-Ж.Көп.
- Қолындағы бар байлығы, өмірден тиген бар несібесі деген мағынада. ~ Хансұлу — Әзбергеннің қарындасы. Пахраддиннің маңдайына біткен жалғыз қызы. С.Елу. * Шақыртып алып, зоотехниктің маңдайына біткен жалғыз жорғасын бұның тақымына басқаны. Д.Әш. ~ Он-он бес қозылы қойдан басқа маңдайына біткен жалғыз торының жайына қарамаса бола ма? Күз болса келіп қалды. Б.Қыд. ~ Паң да тәкаппар кемпір қазір қартайған, әсіресе маңдайына біткен өлім сарқыты – жалғыз қызының ерден қайтып келуі – қатты жүдетіп кеткен-ді. Ә.Сар.
