МАРҒАУ АСТЫ

Ұшты-күйлі жоғалды. * Марғау асып кетсе де құтқармаймын. Ел-жұрттан, мынау қырғын тапқан сабаз-боздақтардан, қан жаласып туған ағаларымнан менің қай жаным артық? Ж.Сәм. * Бір самауыр шәйінің шығынын ауырсынды ма, «шал үйде жоқ!» — дегенде таңдайы тақ ете қалды. Әбдіжапар қиналған жоқ: — Шалыңыз марғау аспаған шығар, күтеміз? — деп кимелей кірді. Қ.Ысқ. * Бұл қаладан қарамды батырсам, марғау асып ұшты-күйлі жоғалсам деп арман ететінмін іштей. Ә.Асқ.

МАРАЛДЫҢ (ЖАС) ЛАҒЫНДАЙ

Өте нәзік, сүйкімді. * Тағы келдің, айналайын, лағындай маралдың. Әлде менің тілегімнен, жүрегімнен жаралдың. Т.Әбд. ~ Күркіреген найзағайдың отындай От тастады түнде келіп жау көктен. Жас Мария маралдың жас лағындай, Ыршып түсті үрейлене төсектен. Қ.Бекх. ~ Ақмаралым маралдың лағындай ақ! Өмір қысқа қамшының сабындай-ақ. Алла қолдап, ағыспен тура жүзсек, Асау толқын сындарға бағынбай-ақ! Д.Жум.

МАҢЫНА ОТЫРҒЫЗБАДЫ

Келіспеді, қарсы болды. ~ Талай рет бағалы сыйлықтар да алып жүрмін ғой адал еңбегім үшін. Соның ішінде алтын сағаттар да болған. Бірақ мен бірін де байлаған емен. Дос– жар, жолдастарға тарту етер дағдыға айналып бара жатқан әдетім, – деп Баржақсы маңайына отырғызбады. С.Шай.

МАҢЫНА ЖУЫТПАДЫ

Қош көрмеді, паңсыды, бойын аулақ салды. ~ Мырзагүл сонда қайтер еді? Тәйірі, қайтушы еді, өзі–ақ өкінер еді… Сұлу болғанда сөйте ме екен! Тіпті маңына жуытпайды. Ш.Айт. ~ Бұны, әрине, Жәнібек білген жоқ. Ал біле қалса, өзіне күйеубала етпек түгіл, оны Орда маңына жуытпас еді. І.Ес. * Ақымақ Хадиша сол күннен бастап өзі де қисық көздері атысып, жер бетінде бала тапқан жалғыз сол сияқты маңына адам жуытпай қойды. С.Досж. * Қозғалғаны – қалқығандай, жымиғаны — еліргенге тиым салғандай. Сыр білдірсем, үркітіп алармын. Сосын тіпті де маңына жуытпас. А.Алт.

МАҢЫЗЫН ЖОЙҒАН ЖОҚ

Өзіндік құнын, мәнін сақтап қалды. * М.Дулатовтың “Ахмет Байтұрсынұлы (биографиялық очерк)” (15-25 беттер) мақаласындағы тарихи фактілер, деректер күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ. Р.Нұрғ. * Асылы, бала- болашақ, ұрпақ мүддесі қай кезеңде де күн тәртібіне өткір қойылған. Бұл тақырып бүгін өз мән- маңызын жойған да, төмендеткен де жоқ. Р.Тұрыс. * Мұның эпостан хиссаға дейін жіпке тізілген қырық алты түрлі жанрлық классификациясының өзі мəңгілік маңызын жоймайтын, құнын кемітпейтін əдеби- эстетикалық қисын. З.Қаб.

МАҢДАЙЫҢНАН ЖАРЫЛҚАСЫН!

Жолың ашылсын д.м. игі тілек, бата. * — Қарағым, бақытың артып, маңдайыңнан жарылқасын! – деп кемпірлер Нағиманы құшақтап жыласып тұрды. Қуанышпен қаланы жаңғырықтырды. Ж.Айм. ~ — Жақсы ниет, маңдайыңнан жарылғасын демеген шығар-ақ!— деп қалды Ақметше тағы да ащы кекесіннің ұшын көрсетіп. Х.Есен.

МАҢДАЙЫҢ АШЫЛСЫН

Игі тілек, бағың жансын д.м. ~ Тым-тырыс. — Апаңның артқы жақсылығын берсін!.. Құдай әмірі мақұл… тек өз маңдайларың ашылсын! — деп, үнсіздікті Ақберген сейілтті. Бекболат үндеген жоқ. Ж.Айм.

МАҢДАЙЫНЫҢ СОРЫ БЕС ЕЛІ (ҚАЛЫҢ)

Жолы болмайтын, бақытсыз, соры батпандай адам туралы. ~ Маңдайымның соры бес елі ғой! – деді басын жұдырығымен бір қойып, – осынша мүмкіндігіммен әлі жаман кандидат бола алмай жүрмін. Т.Сәу. ~ Қазаққа біткен ақынның да, батырдың да
маңдайының соры бес елі екен ғой. Мен бүгін соны ұқтым- ау! — деді Демежан да аз сөзбен сыр ашқандай болып. Қ.Жұм. ~ Саған мәуесінен татқызып, өрісін таптатқызып жүрген ғылымның маңдайының соры бес елі. Т.Сәу. ~ Малынан айрылған,
жанынан айрылған, енді қойнындағы жарынан айрылған қазақтың маңдайының соры қалың екен демей көрші… Қ.Ысқ. ~ Цивилизациядан кенже қалған халыққа қарағанда маңдайының соры қалыңырақ бұл халық өзіне пана болған адамның
өмірін құдайдан сұрап алып қала ма, алғыс сезімі тасқындаған олар өлген адамға пантеон орнатты. И.Жемен.

МАҢДАЙЫНЫҢ БАҒЫ БАР (АШЫЛДЫ)

Дәуірі жүрді. дәуірледі; бағы жанды, мерейі артты, дегені болды, тасы өрге домалады. ~ Кейде екеуміз оңаша отырғанда, іс — міс жоқ, Бәтиманы мақтай жөнеледі. Қыз болса, менің қызымдай болсын, майлық — сулыққа бірдей. Ақшаны соқтауылдай жігіттеріңнен кем таппайды. Бұған серік болған адамның маңдайының бағы бар дейді. Б.Соқп. * … атағы кеткен алысқа, байлығы жеткен ғарышқа маңдайының бағы бар, артында алтын тағы бар, оң жағында ақ отау, сол жағында сары отау, алты арыс ұлы тағы бар бабамыз Сағынай асында үш жүзден келген дүбірлеп, неше бір жүйрік сәйгүлік … С.Жүн. * Байғұс Көпен, кіп-кішкентай, ап-арық боп үйден үй аралап, соқыр боп қалған атасы екеуіне қайыр-садақа сұрап жүруші еді. Маңдайының бағы бар екен де. Енді аштан өлмейтін болды. С.Мұратб. ~ «Бейбағым- ай, ақылы да ақшасы да жоқ мен болмасам өзге әлдекiммен көңiл жарастырып, маңдайыңның бағы ашылар ма едi?! Ж.Шағ.

МАҢДАЙЫНДАҒЫ ЖҰЛДЫЗ

Басына біткен жақсылық, бақыт. * Колхоздың жұмыскері жетеді, ағаңды мұнда қалдыр да, өзің Қарағандыдан келіп колхоздан шартпен кісі алып жатқан өкілден қалма. Ол Қазақстанның маңдайдағы жұлдызы сықылды өндіріс орны. С.Мұқ.