МАҢДАЙЫНА БАСҚАН

Ерекше бағалап, қадір тұтатын ардақтысы. ~ Шөпшілер Асанға ат, шапан айып кесіп, атына өзінің маңдайына басқан күреңін, шапанына түйе жүн шекпенін беруді өтінді. Асан оған көніп еді. С.Мұқ. ~ Ол кім, мен кім? Өзің ойлашы? Сенде өзі шама деген бар ма? Ол болса білдей совхоз директорының маңдайына басып отырған жалғыз қызы. М.Сүн. ~ Келе-келе бұған да жаттығып, машықтанып алды. Маңдайына басқан жалғыз атымен қыдыратын. С.Жүн. ~ Маңдайына басқан жалғыз тұлпарын Нұртай қызға айырбастамайды. З.Шүк.

МАҢДАЙЫН ТОСТЫ

Қорықпай, қарсы тұрды. ~ … Әне, кертеш-кертеш таулар қоршаған кен жазықтың қақ ортасында төрт доңғалақты темір көлік күнге маңдайын тоса маңқиып тұр. М.Қаб.

МАҢДАЙЫН ЖАРҒА СОҚТЫ

Сәтсіздікке ұрынды. ~ Бұрын- соңды қалыңдыққа сөз салып, сөз бұлдатып көрмеген еді. Әрі былайғы біреулердей өзінің ерлігі мен ебіне тағы сенбейді. Оқыста маңдайымды жарға соғып, дұшпанның табасына қаламын ба деп те жүрексінді. Ә.Асқ.

МАҢДАЙЫН БАСТЫ

Қорлады. ~ Апырым-ау бұл кіммен жүр? Кім менің маңдайымды басатын? Қара қазақ қатынымның қойнына бармақ түгіл, жаман ниетпен қорамның шетінен жүрді ме? Менің сүйегімді сындырып, басымды қорлайтын осы қаңғырған ноғай болып па екен? Мен осы шақша бас ноғайға оп-оңай болыппын ба? І.Жанс.

МАҢДАЙЫ ШЫЛҚЫДЫ

Аспа-төк олжаға кенелді. ~ Мен оны жеп қояды деді ме екен, қуыс қурай»,— деп езуін ыржитты. «Ал енді Бақан, Тастандардың малын неге жеп жүрсің, олар маңдайы шылқыған бай емес қой» дедім. С.Жүн.

МАҢДАЙЫ ТЕР, КӨЗІ КӨР БОЛДЫ

Қиналысқа, қиын жағдайға тап болды. ~ Соғыс кезінде дүниеге талай олжабайлар келді, талай тименнен туғандар талай босағада қабырғасы қатпай, бұғанасы бекімей маңдайы тер болып, көзі көр болып, қағытпа, кері сөзді естіген сайын жер болып, бәрібір тірі тұлға өсіп жетілді. Б.Қыд.

МАҢДАЙЫ ТАР

Жолы болмайтын, бағы жанбаған адам туралы. ~ Қарының кең болса — дағы, маңдайың тар Қандай жан тар маңдайдан ақыл табар? Қара құс мақтанса да қыран емес, Тұғырдан дәмеленбе бүркіт қонар. Ә.Тар. ~ сұмдық айтпас деп едім; қызыл тілің сұмдыққа да дөп екен, құл алдында ашу шақырмайтын ата салтым қашанғы, аттамаспын салтымды — кештім жүйріктің құнын! Ханның сөзі екі емес, қидым саған Кербезді! Сиса жарар бұл бақыт: маңдайың тарлау ма, қалай?! Ж.Нәж.

МАҢДАЙЫ ТАР

Жолы болмайтын, бағы жанбаған адам туралы. ~ Қарының кең болса — дағы, маңдайың тар Қандай жан тар маңдайдан ақыл табар? Қара құс мақтанса да қыран емес, Тұғырдан дәмеленбе бүркіт қонар. Ә.Тар. ~ сұмдық айтпас деп едім; қызыл тілің сұмдыққа да дөп екен, құл алдында ашу шақырмайтын ата салтым қашанғы, аттамаспын салтымды — кештім жүйріктің құнын! Ханның сөзі екі емес, қидым саған Кербезді! Сиса жарар бұл бақыт: маңдайың тарлау ма, қалай?! Ж.Нәж.

МАҢДАЙЫ ТАҚ ЕТТІ

Оқыстан қиыншылыққа тап болды. * Жадағай, алқам-салқам күйінде, «құдай сақтар» деп жүріп, кәрлі қысқа маңдайы тақ еткенін бірақ білді. Ж.Айм.

МАҢДАЙЫ ТАЙҚЫДЫ

Бағы тайды. ~ Енді, міне, Айғаным ол мақсатына да жете алмады, ханзада ордасына бас сұқпақ түгіл, анадайдан қараған да жоқ. Айғаным бұлай болуды, маңдайы тайқыған хан тұқымының кезекті сүрінуіне жорыды. С.Мұқ.