МАҢДАЙЫ ТАЙҚЫ

Өмірде жолы болмайтын, бағы тайған, соры бес елі адам туралы. ~ «…Өмірімде бакытты болу жолын іздеп таба алмай, «маңдайы тайқы, алақаны қайқы құдай жазбаған екен» деп үмітсізденіп жүргенімде төңкеріс бола қалды… Ғ.Қаб. ~ Бұл жолда біраз жетістікке қол да жеткіз­дім. Бірақ тағдырым тауқыметті, маңдайым тайқы шықты. Іздеген мұратымды таба алмай ұзақ сарсылдым. Ә.Асқ. ~ Маңдайы тайқы қарабақ, Көш асып кетті құс аса алмайтын сеңгірді. Түменбай бақсы шаһ Маран ерді азалап, Жеті оба қылып, денесін жерге көмдірді. Е.Алш.

  1. Маңдайы шалқақтау біткен. ~ Денесі еңгезердей кісінің бет бітімі қораштау біткен. Басы кішкентай, маңдайы тайқы, ал бет-ауызы түктен көрінбейтін еді. З.Шүк. ~ Анау кеш келген жолдасқа штраф құймаймысыңдар?! Сонсын ауылдың алты ауызын айтқызамыз,— деді әлгі қалқан құлақ. Жанындағы маңдайы тайқылау, кертеш мұрынды, көзілдірікті де қалқан құлақ екен. Жолдасы көрінеді, ақын дейді. М.Сүн. ~ Басқалардан Балта кем бе? Әлде маңдайы тайқы ма? Әлде шекесі қушық па? Жоқ! Тай — құнан, құнан — дөнен, бесті болмас па. Сөзсіз болады! Болғанда қандай! С.См.

МАҢДАЙЫ КЕРЕ ҚАРЫС

Келісті кең маңдай. * Бұл сонда қан күрең мақпалмен тыстаған табытта, тау боп үйілген гүл шоғының арасында кере қарыс маңдайы жарқырап жатар-ау! Ә.Нұрп. * Бұрынғы, маңдайы кере қарыс, сақалы қауғадай, жылы жүзді, өңі суығының өзі кісілікті, маңғаз орыстардың орнына өңшең қару асынған, қылыш байлаған, көздері шақырайған, түстері ызбарлы, өз-өзінен ашулы басқа бір орыстар келді. М.Мағ. * Жетіге Төлегеннің толды жасы, Маңдайдың кере қарыс екі арасы. «Қыз Жібек». * Бәйбішенің босанатын сәті де жақындады. Қыз-келіншектер жарыс қазан жасады. Дүниеге іңгәлап шекесі торсықтай, маңдайы кере қарыс ұл келді. «Алпамыс б.» * Әкемді сағынғанымды, қанша сағынсам да оралмайтынын жаздым. Кере қарыс маңдайын, денесін тік ұстап, кең адымдап жүретінін жаздым. Е.Жең.

МАҢДАЙЫ ЖІПСІДІ

Терлей бастады. ~ Жарты кесе ып– ыстық шайды сөйтіп отырып әне– міне дегенше төңкеріп салады. Сәлден кейін– ақ маңдайлары жіпсіп, рақат бір күйге еніп, балбырай бастады. С.Мұр. ~ ІІІошаладан бір пұтқа жақын ұн тапқан. Пешке қарып
жеді. Шай қалдықтарын жиыстырып оны да қажетіне жаратты. Маңдайы жіпсіп, терісі жазылды. Ө.Кәр. ~ Бұл ой осы қазір «әулиенің» жүйке-жүйкесінен электр тоғындай лыпылдап бір сәтте жүгіріп өтті, қарттың одан сайын маңдайы жіпсіп, басы
салбырай берді, иегі төске тірелгенде сақал ұшы жапырылып, қайқайып-қайқайып шықты. Ж.Нәж. ~ Төсек үстінде бүркене отырып ыстық ішкен Кәмештің маңдайы жіпсіп, әжептәуір сергіп қалғандай сезінді. С.Ғаб. ~ Күн сәске түс еді. Жер үйдің
төбесіне төсеген терінің үстінде күннің шуағына маңдайы жіпсіп, салқам-салқам болған екі керегелерін қайтадан көктеп отырған қара шал ұңғысын салып алысқа көз тікті. С.Жүн.

МАҢДАЙЫ ЖАРҚЫРАДЫ

Жолы болып, аты шықты, елге әйгілі болды; бағы жанды. * Он бес жыл ішінде талай адам опық жеп, талайдың маңдайы жарқырап шыға келіпті. О.Сәрс. * – Дұрыс, оныңа разымын, Ақтамақ. Бірақ өмірден тұрмыс құрмай өте алмайсың бәрібір.
Маңдайы жарқыраған бір азамат жолығады, сонда білесің… Н.Дәут. ~ Шешемнің «ажарына ас құйып іше ме, мінезін айт. Шіркін, Шынардың мінезі- ай, біреудің маңдайы жарқырап тұр ғой» дейді. Н.Сер. ~ Алпыстағы шалдың отыздағы жігіттей
бола алмайтыны әлмисақтан бері белгілі. Құдайға шүкір, бұл күнде кадр мәселесі шешілген. Жастарға жол беру керек. Кім біледі, тағы бір талантты орынбасардың маңдайы жарқырап тұрған шығар… Қ.Жұм.

  1. Ерекше келбет-кескінімен көзге түсті. ~ Әсіресе ортада келе жатқан қақпан бел көкқасқа әр бұрылыстан айналғанда маңдайы жарқырап, суырыла шығып, созыла озып, тынысының кеңдігін, серпінінің күштілігін аңғартады. Үстіндегі Мүсірәлінің
    баласы кенедей жабысып, қырғидай түйіледі. Т.Әлім. ~ Маңдайы жарқыраған кербез кісінің бала құсап аяғын салбыратып, жайдақ биенің үстінде келе жатқаны сырт көзге бір түрлі ерсі еді. Т. Әбд.

МАҢДАЙЫ ЖАРҚ ЕТТІ

Жұрт назарынан еркісіз өзіне аударды. ~ Бір кезде жұрттың соңын ала Ақтоқтының маңдайы жарқ етті. Өзі де айтса, айтқандай-ақ екен. С. Жүн.

МАҢДАЙЫ АШЫЛДЫ (ЖАЗЫЛДЫ)

Жұлдызы жанды, қабағы ашылды. ~ — Өзінің лепіріп келе жатқан ажарын қарашы. Маңдайы жазылып, қуанып келе жатқан кісідей тіпті… — дей беріп еді, Бекбол бұның аңқаулығына тыжырынып: — Ой, тәйір, сүйінші сұрай жүр деймісің құлқын сәріден, — деп біраз тұрып, — қысылып жүрген неме ғой, — деді. М.Әу. * Әйтсе де, осынша маңдайы ашылып, шын ырысқа кенеліп отырған Тастанның ішін жегідей жеген қайғысы да жоқ емес. С.Жүн. * Ханның қол астында халықтың маңдайы ашылмасын Жанназар да біледі, бірақ, бүкіл қарақалпақ бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын күн туса, ешкімге тізгін бермесіне сенетін еді. З.Шүк.

МАҢДАЙЫ АШЫҚ

Біреуге құмалақ салғанда, бал ашқанда «Жолы болады» д.м . ~ Едіге күбір-күбір сөйлеп, Әбутәліп деген адам тірі ме, тірі болса қайда жүр, елге қарай жолы қашан түседі, маңдайы ашық па, жүрегі күпті ме, жоқ па, жасырмай-жаппай шыныңды айт деп құмалақ тастарды шашып кеп жібергенде, балалар көз алмастан әлгі тастардың қалай түскеніне зарыға қарап, қатып қалады. Ш.Айт. ~ Мына қарашы, құмалақтың жатысы қандай жақсы. Оң жағы да, сол жағы да тұйық, маңдайы ашық, босағасы берік, — деп құмалағын уыстап алып қайта шашады. С.Жүн. ~ Екі күннің бірінде апам құмалақ салып: «Қалқамның маңдайы ашық, жұлдызы жарқырап тұр, құйысқаны берік, мына бір құмалақ кішкене көретін қиыншылығы ғой, соғыс деген оңай ма, құдай бұйырса, әлі-ақ әкесі мен апасын қуантып жетіп келер» — деп сәуегейлік құрып отырар еді. Т.Әбд.

  1. Бағы бар, жолы болғыш. ~ Бірнеше жерлерде талаушылардың үстінен шығып қалып, маңдайы ашық кейбір бақытты адамдардың жиған дүниелігі өзінде қалуына себеп болды. Б.Май.
  2. Маңдайы кең, жарасымды. ~ Егізбай шұбат құйып отырған Ғайнидың жүзіне бажайлай қарады. Маңдайы ашық, қою қара қасты, мұрны сәл тәмпіштеу әйелдің ісі де, сөзі де тез және кісіге тура қарайды екен. Б.Тоғ. ~ Бидай өң, Биязы жүз, маңдайы ашық Күлкісі езу тартса ойға ұласып, Елгезек тұла бойы толы ілтипат Қалт етсе қарапайым қайырымға асық. К.Мырз.

МАҢДАЙЫ АУМАЙ

Адаспай, қия баспай. ~ О, жасаған, басы жұмыр пендеге пейілі түсіп көрмеген осы мына тас бауыр дүниеден қайта–қайта іздеп тауып ала беретін жер бетіндегі бір ыстық ұясы. Кәрі көңіл маңдайы аумай тауып әкеліп тұр. Бұған Еламан таңданбады. Ә.Нұрп. ~ Сен Құдайға сиындың ба, жоқ па, қазір есіңде жоқ; есіңде қалғаны: теңізге беттеген қыз суға башайының ұшы тиер-тиместе кілт тоқтады да, маңдайы аумай тұп-тура өзіне қарай келе жатқан жігітке бұрылып қарады. Ә.Нұрп.

МАҢДАЙЫ ЖАРЫЛДЫ

Бағы жанды; жолы болды. Орынбасар деген қатын маңдайы жарылғандай: «Былай тұрлап», екі қолын ербеңдетіп кимелеп келіп, күйеудің асыл шүберек ұстаған қолымен Шәмшидің шашын сипады да, шүберекті ол алды. Ж.Айм. * Лене кім жеңсе,
соған тиеді. Пышақсыз, жұдырықсыз күрес болады. Кімнің маңдайы жарылғанын білгенше арақты доғарамыз. Ж.Айм. ~ Алакөлеңкеде маңдайы жарылып келе жатқан баран атты ең жас аңшыны да таң қалдырды. М.Әу. * Кім біледі, биыл ауданға жоғарыдан қанша сан түсті? Қазақстаннан қанша адамға шақырту келді? Оның нешеуінің маңдайы жарылып тұр? Сан тимесе шақыртудың уақытын, келесі жылға ұзарту керек. Т.Рыс. ~ Поезд қозғалды. Науша жігіт поезд ішінде бір нәрсе ұмыт қалғандай абыржи қол бұлғайды. Шал терезеден ештеңе көрмесе де тысқа жалтақтап, «маңдайы жарылып қалған бала екен, алдынан жарылқасын» деп өз-өзінен күбірлеп барады. Д.Досж. * Мұнымен тынса жақсы, келешекте сіз дегенде қай қыздың маңдайы жарылып тұр екен, екі қолын жылы суға малады-ау ғұмыр бойы деген шет пұшпақ тағы басталады. М.Қаб. ~ … құдай таудай талап берген соң, маңдайың жарылып, өз келеңнең оздың, біз сені о жақта да күнде көкпар тартқан көптің бірі емес, алысқа сілтер, бірегей шыққан тарлан болғай деп тілейміз. … М.Мағ. ~ Ешқайсысы: «Шіркін, маңдайың ағынан жарылған екен, неткен бақыттысың, бізге неге осындай жігіт кездеспейді, теңіңді тауыпсың», — демеді. Қарашаш тақатсыз күткен ең керекті сөздер айтылмады. М.Қаб.

МАҢДАЙЫ ЖАРЫҚ

Жолы ашық, бақыты бар д.м. ~ Рақилаға көзі түскен жерде– ақ, япырмай, Рақила қалай жұғымды, жасы отыздан асса да, əлі жап– жас, өңі тайған жоқ. Аққұба, маңдайы да жарық, əнтек мұрыны шошағырақ болмаса, өзі де биязы, киімі құба төбел болса да, кірі жоқ, таза, бойына қонымды, не керек, қазақша биялайға лайық бір əйел. Ж.Айм. * Әсіресе, мынадай бір топ ашулы арыстаннан аман құтылу деген оңай емес. Бәлкім, өзіңнің де маңдайың жарық шығар. Немесе Гүлшаттың бағанағы ақ тілегінің қасиеті болар, — деп келіп, Бекболат бір дем үнсіз қалды. Ж.Сәм. ~ – Сүйінші, сүйінші! – деді ыршып түсіп. – Келіп қалды. Маңдайы жарық, жүрегің ашық. Оның босағасынан сенің босағаңа ауды. Ш.Мұр.