МАҚҰЛ КӨРДІ

Дұрыс деп тапты. ~ Баянаулына қонған күннің ертеңіне, күннің реңкі түзеле бастаған соң біз бұл тауды айнала шолып түсуді, одан әрі, егер ауа райы мүмкіндік берсе, Шорман тұқымы мекендеген жерлерге барып қайтуды мақұл көрдік. С.Мұқ. ~ Ораза, намаз тоқтықта дегендей майлы сорпаны қарынға салып алуды мақұл көрдік. Б.Соқ.

МАҚҰЛ КӨРМЕДІ

Жөн санамады, құптамады. ~ Өзін-өзі Лаэли деп біліп отырған Асархидон ол сөзді мақұл көрмей, «Асархидонға бітім қылайық деп елші жібер» деді. Шәк. ~ «Не болып қалды?» деген ой: «Сұра!» деп дігірлесе де, мұқшай түсуді мақұл көрмей, сөзді тағы да ерінің аман-есен жазылуына бұрдым. С.Мұр..

МАҚҰЛ БОЛДЫ

Ризашылығын берді. ~ “Бара алмас бұған сенен басқа ешкім. Тумаған жеті жылғы ту киіктің, Алып кел, – деп бұйырды, – сауып сүтін”. Шарасыз бұл талапқа мақұл болды, деді ол: “Құдай, оңда ақыр жолды”. «Жүніс батыр». ~ Бұлай болғанда сен адам қоймай жеп құртасың ғой, күніне екі кісі, бес жүз қой берейік! Бұған Жалғызкөз мақұл болады. Бірақ ас пісіретін екі кісі малай сұрайды. Ғ.Біл. ~ Ешкімнің есекке тіл үйретуге батылы бармаған соң, мен мақұл болғанмын. Т.Рыск.

  1. Жөн болды. ~ Келсiн бе, не дейiн? Түрi-түсi маңызды шаруамен суыт жүрген кiсiге ұқсайды. Ертеңге қаратпай-ақ бүгiн тiлдескенiңiз мақұл болар, төрем» дедiм. Қ.Сегізб.

МАҚТАУЫН ЖЕТКІЗДІ (АСЫРДЫ)

Жер-көкке сыйғызбай мақтады, дәріптеді. ~ Сахнаға шыққан әнші өзін қатты мақтап жібергенін тілге тиек етіп, халыққа сәлем берген. Артынша өнер иесі әнімен елді әуелетті. «Мақтауын да жеткізді енді. Сондықтан сіздермен амандасып, бастап кете берсем болады», — дейді ол. БАҚ. ~ «Аюдың өтін сатамын» деген жарнамаға көзіміз түскен. Сөйлесіп көрдік. Сатушы бастан башпайға дейінгі мың да бір ауруға ем деп мақтауын жеткізді. БАҚ. ~ Кезінде Димашқа сын айтып «сен секілді әншілерден қорқам» деген ақын бүгін мақтауын асырды. Домбыраны АҚШ-тың төрінде күмбірлеткен Димашты көкке көтерді. БАҚ.

МАҚТАУЫН ЖЕТКІЗДІ (АСЫРДЫ)

Жақсылап мақтады, дәріптеді. ~ Сахнаға шыққан әнші өзін қатты мақтап жібергенін тілге тиек етіп, халыққа сәлем берген. Артынша өнер иесі әнімен елді әуелетті. «Мақтауын да жеткізді енді. Сондықтан сіздермен амандасып, бастап кете берсем болады», — дейді ол. БАҚ. ~ «Аюдың өтін сатамын» деген жарнамаға көзіміз түскен. Сөйлесіп көрдік. Сатушы бастан башпайға дейінгі мың да бір ауруға ем деп мақтауын жеткізді. БАҚ. ~ Кезінде Димашқа сын айтып «сен секілді әншілерден қорқам» деген ақын бүгін мақтауын асырды. Домбыраны АҚШ-тың төрінде күмбірлеткен Димашты көкке көтерді. БАҚ.

МАҚТАУ ӨЛЕҢ

Біреудің қошеметтеуге арналған өлең. * Жылы күнге қуанып, ойнап ұшқан құстар табиғаттың бір түріне арнаулы мақтау өлең айтып былдырлаған нәзік тілімен қошеметін көрсетіп жүр. М.Әу.

МАҚТАП ЖҮРЕДІ ЕКЕН

Дайын асқа келіп қалған адамға айтылады. ~ — Бұ күн бір қонақ шақыруға қам қып жатыр ек. Дер кезінде жақсы келдіңіз, — деді. Қазақтың дәм үстіне келген адамға «Мақтап жүреді екенсіз» дейтін мәтелін айтқысы келсе де, оным тым қазақылық, тым ақтарылғандық болар, қайын аға басыма, оқыған басыма лайық болмас деп, өзін-өзі тоқтатты. Ж.Айм. ~ – Ет асылып жатыр. Самаурын қайнап тұр. Қайным ол жақта да бізді мақтап жүреді екен, – деді әйелі де көңілдене сөйлеп. Т.Нұрм.

МАҚТАН ЕТТІ

Әлденені абырой көріп, мақтаныш сезіміне бөленді. ~ Аңшылық өмірінде талай қыранды көріп өткен Бекбол Қызылбалақтың сілкінуінде зор қайрат лебі барын танитын. Сүйсініп, мақтан ете сөйлеген кездерінде: «Атама, сілкінгені тақ қымқап шапанды сіліккендей келеді мүттем», — дейтін. М.Әу. ~ Баласының жүзіне анық ата мейірімен қараған Абай көз алмай, қадалып қалған еді. Ішінде осы баласы үшін мақтан еткен қуаныш және шүкірлік бар. Бір кездегі өз сөзі есіне түседі. М.Әу. ~ Осылар арасынан шыққан Базаралы болса, ол әрі сымбатты, сұлу, әрі шешен жүйрік. Жігітек ортасы мақтан еткендей, атпал азамат, атан бітімді жігіт еді. Ерлік пен мықтылығы да сай. М.Әу. ~ — Сәкен маған сәлем берер. Біздің Сәлкенді білетін шығар. Біледі, — деп тамағын кенеп қойды Балекең. Сәлкен жалғыз ұлы, Ақмолада қызметте. Анда-санда губерниялық газетте өлеңі шығып тұрады, Балекең баласын мақтан етті. Ғ.Мұст. ~ Бұдан оның балаға әке болғанын мақтан ететіндей әкелік жылы леп қоса өскен тәрізді еді. Мұнысы ағасына, Нұрмолдаға қатты ұнады. С.Бақб.

МАҚТАНҒА САЛЫНДЫ

Жөн-жосықсыз кеуде керіп, мақтану туралы. ~ Осы жұрттың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің бәрі –пәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін-бірі «айда, батырлап! » қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын сөздері. Әйтпесе құдайға терістіктен, не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір жігіт түгіл, әуелі адам ба өзі? Абай. ~ Военный қызмет іздеме, Оқалы киім киюге. Бос мақтанға салынып, Бекер көкірек керуге. Қызмет қылма оязға, Жанбай жатып сөнуге. Абай.

МАҚТАН ҚҰМАР

Бөспе, мақтағанды жаны жақсы көретін адам. ~ Қырыққа жасым жеткенше осы ойдың көмірін жақтым. Балалық, жастық аралас, көрсе қызар, мыйсыз бас — мақтан құмар мен бір мас екенмін. Б.Тоғ.

МАҚТАН КӨРДІ

Ерекше жетістікке, құндылыққа балады. ~ Тіпті оңбассың, өзіңе өзің мәз боп, Дастарқан мен қатынды мақтан көрсең. Абай. ~ Пәлі! – Ырсиған екі езуім екі құлағыма ілініп қалған шығар. – Тойып тамақ ішкенді біз де бұрын мақтан көретінбіз. Т.Сәу. ~ Жазба өлеңіміздің тегін тас бетіне таңбалаған іздерімізден іздесек, ол Түркілік дәуірден – бағзы түркі ескерткіштерінен бастау алады. Сол үшінде текті жырды тегімізден іздеген талай ақын тамырын тереңге жайып, жырын арыдан толғады. Төркініміздің тектілігін мақтан көрді. Ж.Шәк. ~ Ол секілдіні қайдан білейік. Біз – саясатшы емес, химикпіз ғой! – Қосымхан білмейтінінің өзін мақтан көргендей маңғаздана шалқайды Т.Сәу.