МАЛ БАСЫН ҚҰРАДЫ

Малын көбейтті. * Там соғып, ел ортасына барайық деп мал басын құрап жүргенде, төрт сиыр мен құлынды биені ұрылар үптеп кетті. Т.Сәу.

МАЛ БАСҚА ИЕ БОЛДЫ

Үйге иелік қылды, малы мен басқа байлығын қолына алды. * Әбділдә. Қуарған! Осы кеше сені Бәтимә ат сауырына мінгізіп, төркініңе апартып тастаймын дегенде, бекер тоқтатқан екем ғой. Мал басқа иемін деп тұратын аю қатын боларыңды білмедім ғой. М.Әу. * Есендік. Білмеймін, аяғын өздерің білесіңдер. Енді мал басқа иеміз деп отырған сендерсіңдер, айтыңдар сөздеріңді. М.Әу.

МАЛ БАРЫМТАЛАДЫ

Біреудің жылқысын айдап кетті. ~ Сүтемген хатты ішінен оқыды, ол былай жазылған екен: «Сен, иттің баласы — ояз, неше жыл менің қыр соңымнан қалмадың. Өзің тура тимегенмен судьяңды, басқа төрелеріңді соңыма түсірдің. Жерімді алдырған да сен. Ауылымды күйдірген де сен! Малымды барымталаған да сен! Абақтыға жапқызған да сен. С.Мұқ. ~ «Бірі «Ақанмен кеткен әншілер шығар, еш аламыз деп мал барымталаған», «онымен қайда барады, ертең-ақ тауып алмай ма» десе, енді бірі «оның реті келмес, Ақан ондай іске бармаса керек … С.Жүн. * «Шақыртқанда келмедің» деген сылтаумен Құнанбай Бөжейге дүре соққызады. Малын барымталайды. Т.Жұрт. * Арқалықты жайлаған азғана ауылдың малын барымталап əкеткен жауына жалғыз шауыпты да «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» тізе бүктіріп қайтып … З.Қабд. ~ Одан кейін Уәлінің үлкен әйелінен туған Әбәйділда — «әкемнің, тағы менікі» деп жанжалдасып, ол да «Ит жеккенге» жер аударылған. Айғанымға әлі жетпесін байқаған рулар «бет-бетімен түйе айдап» дегендей, бөлшек-бөлшек болып кетіп, бірінің малын бірі барымталап, елде талан-тараж ұлғайған. С.Мұқ. ~ Көкпекті мәжілісі аяқталған күннің таң қараңғысында бір топ салт атты ашықтан ашық «Боранбайлап!» ұран көтеріп, темір торға қамалған Мүрсәліммен бірге оны қолдағаны үшін отырғызылған азаматты және мал барымталады деген сылтаумен бұрынырақ қамалған екі-үш жігітті босатып әкетіпті. К.Сег. ~ 20 жылдардың аяғына қарай Қуандық рулары Қаракесектердің, олардың көптеген жерлерін басып алуына және мал барымталауды тоқтатпауына байланысты, Батыс Ciбip генерал-губернаторына бірнеше рет арызданын, олар өздері тұрған аймаққа дербес округ пен приказ ұйымдастыруды өтінеді. Р.Кар.

МАЛ АЙТТЫ (ШАЛДЫ)

Құрбандыққа не тілеу тілеп мал сойды. ~ Ертеде мұны әулие бұлақ деп, науқасқа шалдыққандар басына мал айтып сойып, емге ішеді екен. С.Мұратб. ~ Елге қауіп-қатер төндірген көтерілісші дүңгендер мекендерінен алыстағалы Күнес елінің көңілдері орныға бастап, айтқан шайларын ішіп, шамасы келгені ірілі-ұсақты мал айтып сойған. Т.Рыскелд. ~ «Мыңжасар парторг болды» дегенде сол ауылдың кейбір шалдары «ақсарбас!» «ақсарбас!» тап алла жолына мал айтып, кейбіреулері «мынау ат-көлігіңнің байғазысы» деп қорасына әкеліп тоқты лақтырады. С.Елуб.

МАЛ-БАСЫҢ АМАН БА?

Қазақи амандасу рәсімі. ~ Асаламмағалейкум, – деп, сәлем береді. Қарақшылар: – Уағалайкім ассалам, Момынбай, мал-басың аман ба? Жол болсын, қай жаққа барасың? – деді. БС. «Момынбай».

МАҚШАР КҮНІ

Діни ұғым бойынша, өлген кісіден жауап алатын күні. Қиын-қыстау кез д.м. * Еһ, күнәһармыз ғой, күнәһармыз! Енді, міне, көше-көшенің шамдалын санап келе жатқан түріміз мынау! Өле қалсақ түбі мақшар күні тозақ отына түсеміз… А.Чех. (Қ.Ысқ.) ~ Тірі жан білмейді. Бірақ анық. Әке мен шеше қасыретпен айрылған жалғыз ұлдарын қайта тапты. Енді ешқашан жұптары жазылмайды. Қиямет-мақшар күніне дейін. Одан соң да… Имандары саламат болғай, ғазиз мүскіндердің!.. М.Мағ. ~ Мақшар күні болғанда, Сауал сұрай келгенде, Жауап таппай тұрғанда, Тар лахатқа кірген соң. Д. Баб.

МАҚҰРЫМ ҚАЛДЫ (БОЛДЫ)

Жұрдай болды, бәрінен айрылды; дымсыз қалды. ~ Құдай тек қу басыңды сопитып ұрпақсыз қалғаннан сақтасын. Онда тәубе екеш тәубеден де мақұрым қалғаның ғой. Ә.Кек. * Мынау — бөтен тарап, яғни сөз — біздің сұрықсыз, демократиялық, адамгершілік қасиет атаулыдан мақұрым қалған жабайы өлке туралы. М.Мағ. * Алданып көзі жетпей қалған жоқ па, м а қ ұ р ы м сыбағадан жай қаларың? Бихабар алдағы істен ғафил болып, қақпанның білмеуші еді құрылғанын. Мағжан. * Бүгін өзінше бір еркіндік жырына айналған және түркі тектес жұрттардың ішінде тек қазақ пен ноғайда ғана бар жыраулар әлемінен мақұрым қаларымыз хақ. Қ.Жиен. * Бұл сөз Дәнешке «өнерден мақұрым қалған сен ғанасың» дегендей естілді Бірақ елемеген болды Оның есі — дерті Айтқұловта отыр еді. Қ.Жұм. * Қараторы өңі қып- қызыл боп шоқтай қызарды. «Мал, мал деп жүріп бәрінен мақұрым қалған екенмін- ау» деп жаман опынды. С.Смат. * Мен сені, әрине, әл- әзір аренадан тайдырмаймын. Тартыс- күрестен мақұрым болған соң онда мынау ғұмыр мен үшін біраз мәнін жоғалтар еді. С.Смат.

МАҚҰЛДЫҚ БІЛДІРДІ (БЕРДІ )

Ризашылығын берді, жөн санады. ~ Секретарь: — Жақсы! — деп мақұлдық білдірді де, — әрине, Анатолий Кондратьевичпен, — деді. С.Мұқ. ~ Ол былай деген: «1944 жылы Іле оқиғасы болған кезде мен Іледегі қазақтардың бастығы Әлиханмен біріншіден, Шынжаңды Кеңес Одағына қаратпау, екіншіден діни сенімді батыл қорғау жөнінде астыртын келіскен едім. Осы екі негізгі пікірге Әлихан мақұлдық білдірген соң ғана мен Ыле оқиғасына қатынасып, олардың қолдаушысы болдым». Ж.Шәк. * Бірақ, Балқаш бұл тойдың соңғы екі күнін қысқартып тастап, алғашқы бір күндігіне әзер мақұлдық берген. Ол асығады екен. Жұмысы қарбалас көрінеді. Ғ.Біл.

МАҚҰЛБАЙ БОЛДЫ

Мойын ұсынды, келісті. ~ … бастабында өмірдің бәрінде талақ еткім келіп еді, оған тұрмыстың тауқыметі мен ет құлақты жеген туыс-туғанның насихаты осылай мәжбүрледі. Енді міне бәріне де мақұлбай болдым. Ж.Шәк.

МАҚҰЛ СӨЗ

Дұрыс пікір, қолдауға тұрарлық лебіз. ~ — Ол да мақұл сөз екен, — деді Рахмет аз ойланып, — бірақ, Сырбай орысша білмей, ол қазақша білмей қиын боп жүрмесе. С.Мұқ. * Уәлі сөзді тыңдар, тұяғымызды басар баламыз байқамай жақында істі болыпты, ұжымға қарызданып қалыпты. Ағайын боп көтеріп жіберсек қайтеді?! Шалдар жағы: «Мақұл сөз!» десіп кеу-кеулеп кетті. Д.Досж. ~ Ар жағында басына томаға кигізіп, тұяқтарын тұғырға мәңгі бекіту оп-оңай. — Мақұл сөз екен, — деді Есеней. С.Мұқ.