Не болса соған мақтануды әдет қылды, мардамсыды, күпінді. * Кейбір жігіт жүреді мақтан көйлеп, Сыртқа пысық келеді, сөзге сынық. Абай. * Тиіскенде – тілінің уыты бар, шоқ тигендей қарып алады. Бұл бәтшағардың мінезі бүйтіп қашан өзгерген, қалайша мақтан көйлеп, сөзуар боп кетті? Ә.Асқ. * Бұл бәтшағардың мінезі бүйтіп қашан өзгерген, қалайша мақтан көйлеп, сөзуар боп кетті? Ә.Асқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МАҚТАН (МАҚТАНЫШ) ТҰТТЫ
Дәріптеді; сүйсінді; көпке жария етіп, үлгі қылды; мадақтады. ~ Мұқа, Мұхаметжан, Мағаш, Кәкiтайлар осы хабарларды Абайға қуанышпен әкелiп, аға ақын, дос ұстаз жанында масаттанады. Абайды өздерiне мақтан тұтып, мәз болысады. Абай мен Әйгерiм бұларды үнсiз ырзалықпен, ұзақ тыңдап болған едi. М.Әу. * Біз саналылығымызды мақтан тұтамыз, ал сол саналылықтан азап шегетінімізді бағамдай бермейміз. О.Бөкей. * Өзінің ажарсыздау екенін білетін кейбір қыздарда сұлу құрбысын мақтан тұту, соны дәреже көру тәрізді бір мінез Балымда да жоқ емес-тін. М.Сүнд.. ~ Сұңғақ бойлы, қолаң шаш, қыр мұрынды, аққұба жүзіне, мөлдіреген үлкен қара көзше қиылған қара қасы мен маржандай аппақ тістері ерекше шырай беретін сұлу жаннан туылғанын мақтан тұтатын. Ж.Қор. ~ Осы идеяны таратушылардың өздері «біздің халық адал, әділ болыпты» дегеннен гөрі, «біздің халық бай, әрі күшті болыпты, басқа елдерді өзіне бағындырыпты» дегенді мақтаныш тұтады. Т.Әбд.
МАҚТАМЕН БАУЫЗДАДЫ
Майда сөзбен жанына тигізе айту туралы. * Ал Антоша Чехонтенің күлкісі қандай екенін білесіздер: ол — жаныңды жазғытұрымғы күншуақтай жылытатын сәулелі (әлбетте, оқырман үшін), ал кейіпкерін мақтамен бауыздайтын әзіл күлкі. Ғ.Қаб. * Қылжақтамай тез айтпай ма? Сұрасам ба?» — деп ойлады ол қобалжып.— Әзілдеген түрін. Мақтамен бауыздауға айналды. Жә, шыдау керек. Әйтеуір бір жөні табылар…» М.Сүн. * – Мырзам, Сіздің тұқымның өскені менің де өскенім. Сіз аман болыңыз. Мен өлер-өлгенше қызыметіңіздемін… – деп жылап жіберді. Əйелінің мына данышпандығы мақтамен бауыздағандай болды. С.Досж.
МАҚТАҒАНДЫ КІМ ЖЕК КӨРЕДІ
Мақтау сөз, қошемет кімге де болса ұнайды. * Мақтағанды кім жек көрсін, ебін тауып еңсесін көтергендер Мирзоян болмағанмен оның әйелі Тевосянға жаққандар еді. Б.Қыд.* «Түсі игіден түңілме» дегендей, жүздерінен нұр төгіліп тұрған сүйкімді адамдар екен», — деп, олардың мәртебесін көтеріп тастады. Мақтағанды кім жек көреді дейсіз, Сейілбектің жаңағы жылы лебізі Харитонның жанына жағып кетті. С.Ом.
МАҚТАҒАН ЖЕРДЕН ТАБЫЛМАДЫ
Сенім ақтамады; ойынан шықпады. * Директордың шаң-шұң даусы шығады: мақтаған жерден табылмаған шопанына әлі ұрсып жатыр. О.Сәрс.
МАҚСҰТЫНА ЖЕТТІ
Арманына, көздеген мүддесіне қол жеткізді. ~ Талаптансаң ұмтылып, Мақсұтыңа ақыр жетесің. А.Байт. * – Асылзат, түсінемін түйініңе, Өзіңмен бірдей күйдім күйігіңе, Жеткенше мақсұтыңа мырзаң, міне, Аянбан қолдан келер бүйіміңе. «Қыз Жібек».
МАҚСҰТ БОЛДЫ (ҚЫЛДЫ, ЕТТІ, ТҰТТЫ)
Арманға балады, мақсат етті. Арман етті.* Бұл бір сөз қасырет етіп хатқа жазған, Қалмаған түк қасиет, қазақ азған. Байға — мал, оқығанға — шен мақсұт боп, Ойлайтын жрттың қамын адам аздан. А.Байт. ~ Шұғаның өлген орнын көру Әбдірахманға мақсұт болды. Б.Майл. ~ Қатыным сұлу болса, қайным бай боса деп мақсұт қылушы ем, сол мақсұтқа осы қыз тура келіп мүлкі, обороты мынау. Қай қара таяқтың мендей қайны болар еді? Ж.Айм. ~ Қособалықтар биыл Айт мейрамын аса бір дайындықпен күтіп, қадір қасиетіне жетуді мақсұт қылды. БАҚ. * Жұмылған көзін ақырын ғана аша түсіп, Абайға әлі де қырындай қарап отырып, Есентайдың бар айтқаны: – Ең әуелі мақсұт еткенім, сенің не дейтініңді білу! Айт, не айтасың мынауыңа! – деп тағы да салмақ тастап, тоқтап қалды. М.Әу. * Түнге оқуға бір қырғыз әңгімесін алдым. Ең алғаш шыққан проза жазушы қырғыз әйелі Айым болғандықтан, соның әңгімесін оқуды мақсұт еттім. М.Әу. * Өз төңірегіне күш топтап, зорлық, зұлымдық үстінен үстемдік жүргізуге құлқы соқпайтын, мақсұт етпейтін ақ еділ адалдығында, адалдық әрқашан бойын таза сақтайды. Ғ.Біл. * Кенесарының сарбаздары да сөйткен. Олар тiрi қалуды емес, жауды жеңудi мақсұт тұтты. Т.Сәу.
МАҚСАТҚА ЖЕТТІ (ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ)
Діттеген ойына қол жеткізді. ~ Тап бүгін сәті түсіп жолықтық біз, Мақсатқа ойлап жүрген ақыр жеттік. Мен келген Орта жүзден едім сері, Біздерге сарбаз болды елдің ері. Сегіз Сері. ~ Бірақ адам баласының әділ тарихы соларды мақсатына жетпеді деп сөкті ме? М.Әу. ~ Қаһарлы қаһан елiнiң, халқының болашағын ойлағаны сөзсiз. Сол бiр қиын кезеңдерде, алыс-жұлыстың заманында ой-санасын арақ меңдеген адамдардың ұлы мақсатқа қол жеткiзе алмайтынын бiлген шығар. Ж.Шағ. ~ …өтірігі әу баста-ақ әшкере боп қалмаса, қашан ойлаған мақсатына қол жеткізгенше бет-бейнесін ашып көрсетпейді емес пе. М.Серв.
МАҚСАТ ТҰТТЫ
Алдына мақсат етіп қойды, әлдебірдеңені өмірлік мүддесі көрді.. ~ Осы ұтымды тұсты қапысын тауып мүлтiксiз пайдалануды мақсат тұтты ма, дүрмекке қосылып арызды бұл да жазып жiберiптi. Ә.Ыб. ~ Бұл да сол Маман-Тұрысбек секілді тек мал басын көбейтуді ғана мақсат тұтпай, сауда-саттыққа да бой ұрып, ақша тауып, құрылыс, оқу-ағарту, егіншілік сияқтыларды дамытуға жанын салды Ұ.Досп.
МАҚСАТ ҚУДЫ
Болашақта орындалуға тиіс мүдде ретінде белгілеп, соны орындауға күш жұмсады. ~ Қантөгіс пен қарғыстан ығыр болсақ, мақсат қуып бір мүддеге неге құлаш сермемейміз. Әлде сермелген құлаш бір-біріміздің басы — көзімізді қанталатып жатыр ма? С.Смат.
