Біреудің көлігін жалдап мінді. * Менің мінетін көлігім жоқ еді, Ұлтарақ екі атын маған берді. Бұрын, алақандай жерімізді жыртатын көлігіміз болмай, әркімнен майын жалдап алып жүретін едік. Қазір өзіміздің атымыз бар. Күн көрісімізге жетеді. Ә.Шәр. * Әркім өз қотырын өзі қасиды да. Бекет вертолеттің майын жалдап көрді деймісің. Қ.Ысқ. * Сонда да осы үйдің иесінен майын мініп жүріп, жоғалтқан торбестінің борышынан әлі құтылып болған жоқ. Ғ.Мұст.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МАЙРАҒАЙ ДА ТАЙРАҒАЙ (БОЛДЫ)
Асып-тасып, мәз-мәйрам болу. * «Совет үкіметі бізге үлкен қамқорлық жасап жатыр, біз майрағай да тайрағай өмір кешіріп жатырмыз» дегенді біздің аузымызбен айтқызу ондағы мақсат. Шынын айтқанда өзіміз де солай ойлайтынбыз. Н.Нүсіпж. ~ Қойшы әйтеуір, Жапыкеңнің ендігі әңгімелері өзінің «ерліктеріне» көп ойысады. Біздің майрағай да тайрағай болған топан күлкімізге ересектер де жинала бастайтын. Ж.Шәк
МАЙПАҢ БАСТЫ
Қалбалалқтап, жүгіре жөнелді. * Қарға шаншылған бөтелкені қойнына тығып, майпаң басып, желе-жортып кетіп еді. М.Қаб.
МАЙМАҢ ҚАҚТЫ
Құрдай жорғалады, өбектеді; асты-үстіне түсіп әбігерленді;* Жылп-жылп етіп, маймаң қағып, іші- бауырыңа кіріп, сөйлеп жатыр. Ж.Сам.
- Қимылына көз ілеспеді.* Күйшінің қошаметке көңілі тасып, Бес бармақ маймаң қақты перне басып. І.Жанс. * Бұлақтай таудан тасып, тастан орғып, Аңқылдап жатыр жосып сайды құлдап. Күлдірлеп қоңыраудай, күй сыңқылдап, Бота күй маймаң қақты үн былқылдап. І.Жанс.
МАЙЛЫҚ-СУЛЫҚҚА БІРДЕЙ
Кез-келген жұмыстан қашпайтын ісмар адам туралы. * Кейде екеуміз оңаша отырғанда, іс — міс жоқ, Бәтиманы мақтай жөнеледі. Қыз болса, менің қызымдай болсын, майлық — сулыққа бірдей. Ақшаны соқтауылдай жігіттеріңнен кем таппайды. Бұған серік болған адамның маңдайының бағы бар дейді. Б.Соқп. ~ Байқаймын, Сейілхан ағам майлық пен сулыққа бірдей. Қазақша аңшы, серілігі, ешкімді басынан асырмайтын өр көңілі де бар. Т.Ахт.
МАЙЛЫҚ– СУЛЫҒЫ БІРДЕЙ
Қолынан келмейтіні жоқ д.м. ~ Ол келгелі бері Ырысбикенің арқа– басы босанды. Майлық– сулығы бірдей соқталы Зияш екі үйдің түйтпегін тындырып, шаруасын шырқ айналдырды. Т.Әл. ~ Әйтсе де мына өмірдегі сыбағасын мол пішіп, кеңінен қамтыған, тіршіліктің талай өткелінен сүрінбей дін аман өтіп келе жатқан, майлық–сулығы бірдей, мінезге бай, жампоз жан алдына үшінші рет келіп жүгініп отырған бозбаланың келешегіне ойша болса да көз жіберді. Д.Дос. ~ Майлық, сулығы бірдей Айжан білек сыбана кірісіп, қаймақ бұлғады, ірімшік, құрт қайнатты, оны базарға апарып сатып тиыннан пұл құрады, балалар мектепке барды. М.Сүн.
МАЙЛЫҒЫ МЕН СУЛЫҒЫ
Кез-келген іске жегіле береді, қолынан келмейтіні жоқ. ~ Бір кезде даладан самбырлаған әлдебір дауыс естіліп еді, көп кешікпей әлгі адам босағада тұрған бала– шағаны былай ығыстырып, ішке баса– көктеп кіріп келе жатты. Өзінің Майлық ағасы екен. Керімбайдың туған інісі, мал– жанына қарайтын майлығы мен сулығы… Қ.Жұм.
МАЙЛЫҒЫ ДА, СУЛЫҒЫ ДА БОЛДЫ
Кез-келген жұмысты атқаруға даын, елгезек адам туралы. ~ Өзінің Майлық ағасы екен. Керімбайдың туған інісі, мал-жанына қарайтын майлығы мен сулығы… Қ.Жұм. ~ Атасы өмір бойы майлығы да, сулығы да болып өзімен бірге жасасып, бірге қартайып келе жатқан шүйкедей апасын әбден мойындатып тастағанға масаттанғандай адымдай басып, үйден шығып жүре берді. К.Сег. ~ Ол жас кезінде «тарысы піскен үйдің тауығы» еді, қазір де содан ұзап кеткен жоқ. Жазушы одағының қолды-аяқты құлы, майлығы мен сулығы. Қ.Жұм.
МАЙЛЫ ҚАСЫҚТАЙ ЖЫЛПЫЛДАДЫ
Іші-бауырына кірді, жағынды. * — Неге осыншама дідіктейсіз?! — деп мана майлы қасықтай жылпылдап тұрған басқарушы енді қатуланып, қабақ шыта бастады. О.Сәрс. * Бәрiне қараш, бiр-бiрiмен майлы қасықтай жылпылдасып‚ ың-шыңсыз өмiр сүрiп отыр. Б.Алд. ~ Сонымен не керек, майлы қасықтай жылпылдап жүріп, Зейнептің оқуға түсіп кетуіне көп көмегін тигізгені. Ө.Ахм. ~ Жұрт майлы қасықтай жылпылдап, бастықтардың іші-бауырына кіріп кетеді, сен одырайып, мені таны дейсің де жүресің. К.Қаз.
МАЙЛЫ ҚАСЫҚТАЙ АРАЛАСТЫ
Бір-бірімен тіл табысып, араласып-құраласып кеткен, ым-жымы бірге д.м. ~ Қазақ арасымен майлы қасықтай араласып қалған қу неме соны ойлап отыр ғой… Ә.Кек. ~ Матен осында келгелі Мамырбек төремен майлы қасықтай араласып кеткен.
Қ.Жұм. ~ Мамырбектің былтырдан бері Матен- амбымен тез тіл табысып, майлы қасықтай араласып кету себебі де содан болатын. Қ.Жұм.
МАЙЛЫ КҮЙЕДЕЙ ЖҰҚТЫ
Кенедей жабысты, айрылмады.~ Сырмақ жәйілді, шамаданымды өзімнен де төрге шығарып қойды. Кісіге майлы күйедей жұғымпаз адам екен, маған ойынды, ышынды сөздері мен жұғысып жүр. Ғ.Мұст.
