Орындалуға тиіс іс ретінде жоспарлады. ~ Міне, ешуақытта зерттелмей тұйық жатқан бұл өлкелерді аралап көру саяхатшының мақсат еткен көп жылғы арманы еді. Пржевальский сол мақсат еткен жеріне жетіп, Қашғар өлкесінің жүрегі болған Тарим өзенінің бойын, Лобнор көлін зерттеп, Куньлунь тауларының тізбегіне кіретін Алтынтауды кезеді. Ә.Марғұл. ~ Осы өршіл талант иесі Сегіз сері (Мұхаммед — Қанафия) Баһрамұлы Шақшақов кеш те болса әдебиеттен, өнерден өз орнын алуы заңды ғой деп оқырман қауымға кеңірек таныстыруды мақсат еттік. Н.Әбутал. ~ Бабаларымыз ұлт сапасын сақтау үшін жеті атаны сақтаған. Некелі жардан перзент сүюді мақсат тұтқан. С.Досжан.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МАҚРҰМ ҚАЛДЫ (БОЛДЫ)
Білмей кетті, қараңғы күйінде қалды; қолы жетпеді. ~ Қайта бұл әкенің біраз кереметін үйреніп үлгермей, мақрұм қалды ғой. О.Сәрс.
МАҚПАЛ ТҮН
Жанға жайлы, рахат сыйлайтын әдемі түн. ~ Мен мүдіре бердім. Соза, соза қолым талған соң, сағатымды қалтама салдым. Ал поезд болса, мақпал түннің құшағында Шығысты бетке ұстап сілтеп келеді. С.Шай. ~ Мап-майда қоңыр мақпал түн жамылғың да, бөгде көзден бүркейтін шымылдығын, да міне сол. Б.Соқп. ~ Жаздың мақпал түндерінде ауыл сыртында қос асықты оңаша жолықтыратын да сол еді. Бұл жайдан үшеуінен өзге жұрт бейхабар. Ү.Жәл.
МАҚПАЛ ҚАРА
Барқыттай жылтыраған әдемі қою қара түс. * Жүзінші атасы заңғар аспанға көзін көп тігер еді. Күндіз көкпеңбек сол заңғар күмбез түнде мақпал қара тартып, жұлдыздардан сансыз алқа тағынар еді. Ш.Мұрт. ~ Менің терім ағып жатыр сорғалап, Тамшы жасың кеудемде жүр қорғалап. Сенің шерің мақпал қара шашыңдай, Тарқатасың, қайта өресің созбалап. Ә.Қайр.
МАЙЫП ҚЫЛДЫ
Зақым келтірді, өлтірді. ~ Әйтеуір құдай сақтап, шыны тимей қалды. Әйтпегенде, әкемнің күректей қолынан шыққан шыны сөзсіз майып қылатын еді. З.Нұрт. ~ Айлалы дұшпан жалаңаш қылышқа ұқсайды: жалт-жұлттанып кісіні арбап қана қоймай, абайламасаң, майып қылуы да мүмкін. И.Сап.
- Құрбан етті. ~ Үйде тірі пенде болса ендігі бір тықыры білінер еді, шамасы, сыртқа шығып кеткен секілді. Бір күнін майып қылып, қаланың сонау шетінен әдейі іздеп келгенде, мына мелшиген есікке тап болғанына бұның кілт ызасы келді. Д.Әш.
МАЙЫП БОЛДЫ
Зақым алды; кемтар болды. ~ Толқында аударылған бейне қайық, Тағдырдың мінезі бар алма– ғайып. Тамырын таба алмаған дәрігерлер, Болсам мен, арманым жоқ, тілден майып! Т.Әл. * … жылап-еңіреп Құрекеңе талай келген. Құрекең оның майып болған жерін талай бүтіндеп жіберген. О.Сәрс. * Түс, балам, түс деймін. Биіктен құласаң, оңбай құлайсың. Майып боласың. Мектепке бара алмай қаласың. Қ.Түм.* Көкпар әкелуші желеу айтты. – Ау, күн батты ғой. Ат пен адам майып болады. Ертең келіңдер, көк серкеге бергісіз қара лағымды бауыздап, көздің суына салып қояйын. Т.Әлім.
МАЙЫН ТАМЫЗДЫ (АҒЫЗДЫ)
Әдемілеп, нақыштап, егжей-тегжейін айтып, әңгімелеп берді. ~ Олжаға батып жатырсың. Сыйғыза алмай олжаңды, Тілдің майын ағызып, Жазып жүрген ақынсың. «Қыз Жібек». ~ Туу, ит-ай! Сонша ұмытпай жүрер ме бәрін! …Әңгіменің майын тамызды. С.Сей. ~ Содан дәл құлағының түбінде Сырдың сары масасындай ызыңдап жүргені «Далабайды күшік күйеу қып қолына қондырған…» «дөкейдің қызы»… «қауызын алған күріштей аппақ қалыңдық»… бипаздап айтқанда майын тамызады. Бетін басып қаша жөнелгендей болады… Д.Дос.
МАЙЫН СЫҒЫП АЛҒАН БҮЙЕНДЕЙ
Түгі қалмаған, барынан айрылған д.м. * Жаңа өкіметке қазір керегім болғанмен, күні ертең-ақ жалаңаяқтары оқып, білім алған соң майын сығып алған бүйендей күресінге тастайды. О.Бөк. * Тіпті сол көрпенің астында ештеме жоқ секілді, майын сығып алған бүйендей төсекке жабысып бос жатыр-ау «мүмкін емес, – деді ішінен, – мүмкін емес». О.Бөк.
МАЙЫН МІНДІ
Күш-көлікті біреуден уақытша сұрап алып пайдаланды. ~ ~ Менің астымдағы семізден бүгіліп жарап жүретін Бақайдың күрең аты. Онан майын мініп жүргемін. Түнде күреңді ұрлыққа салам. І.Жан. ~ Маған бір жақсы ат беріңіз, майын мінем де, басын қайырам. Ғ.Мұст. ~ Түнеугүні жалғыз биені ұры әкетті, қыстыгүні екі түйенің бірін зауыттан кіре тартам деп Абдырахман майын мініп, жоқ қылып келіп, уди-суди қылып, құнын да жөндеп төлемей кетті! — деді Қоңырбай. С.Сей. ~ — Жыл жайын көріп, жұтау қорқынышы басқа төнгеннен кейін,— деп жалғастырады әкем әңгімесін,— алысқа айдауға болмайтын қой-ешкіні, «келер жылы тұяққа тұяқ қайтарарсың» деп маңайдағы елге түгелге жақын үлестірдім, басы артық түйелерді «майын мін де, қыстай асырап бер» деп ауыл-ағайынға таратып, жылқыны «жері от» деген Орал тауына айдап жөнелдім… С.Мұқ:
МАЙЫН ІШІП, ЖІЛІГІН ШАҚТЫ
Әлдебір тақыпыты, мәселені барынша жақсы меңгеру туралы. ~ Бізде Тұлға көп. Бірақ, олар белгілі-бір саланың майын ішіп, жілігін шаққандар ғана «Тұлға» санатында. Қ.Қалм. ~ Біздегі санаулы сайттардың барлығы мектеп жасына дейінгі балаларға арналған. Ал ағылшындықтар бұл саланың баяғыда «майын ішіп, жілігін шақты». БАҚ. ~ Бүгінде екінің бірі дін туралы әңгіме айтқысы келсе АЛЛАХ деп сөйлейді. Тіпті, қазақ тілінің жілігін шағып, майын ішкен ақындар да АЛЛАХ деп көсіліп жүр. БАҚ. ~ Журналистиканың майын ішіп, жілігін шаққан нағыз шеберлер осы жерден білім алған. БАҚ.
