МАЙЛЫ КҮЙЕДЕЙ ЖАБЫСТЫ

Кенедей жабысты, айрылмады. * Сырмақ жәйілді, шамаданымды өзімнен де төрге шығарып қойды. Кісіге майлы күйедей жұғымпаз адам екен, маған ойынды, ышынды сөздері мен жұғысып жүр. Ғ.Мұст. ~ Айтқалида әкесінің ала моншағы бардай тықақтап, майлы күйедей жабысып Көбей жүр әнеки. Ә.Асқ.

МАЙЛЫ ІШЕКТЕЙ АЙНАЛДЫРДЫ

Қыр соңынан қалмады; іші-бауырына ене жылпылдап, айрылмады. ~ – Аты Әмір екен, өзі бір тасқаяқ қу – қай рудансың, қандай туысқандарың бар, соңғы істеген қызметің не – бәрін тіміскілеп, майлы ішектей айналдырғаны! Б.Тоғ. * Есің дұрыс па?!. Көрінеу көзге біреуді жығып беріп көрген күнім құрысын!.. Өзі де табанын жалаған қу екен, майлы ішектей айландырып әкетіп барады. Шынында, саған келер — кетері жоқ дейді. Қ.Жиенб. * Дүкенге барғыштап, сыпылдап жүргенінен шошушы еді. Ойында түк жоқ Төлепті майлы ішіктей айналдырыпты әншейін. К.Қаз. ~ Аты Әмір екен, өзі бір тасқаяқ қу – қай рудансың, қандай туысқандарың бар, соңғы істеген қызметің не – бәрін тіміскілеп, майлы ішектей айналдырғаны! Б.Тоғ.

МАЙЛЫ ЖІЛІК МҮЖІДІ

Жылы-жұмсаққа қолы жетті. ~ Адамның қызметте өсуі деген де бір қызық нәрсе, біреу қызыл дипломы бола тұра, үстелден бас көтермей мықшиып қағаз жазудан әрі аспайды. Біреу әлдебір курс бітіріп-ақ лауазымды жылы жерге орналасып, майлы жілік мүжіп, ойына не келсе, соны істейді. Ө.Ахм.

МАЙЛЫ АЯҚТАЙ ҚАЛМАДЫ

Жабысып, жібермеді. * Өзің емес пе жаман түйенің жабуындай жарбаң-жарбаң етіп ылғи етегімнен тікендей жабысып, соңымнан майлы аяқтай қалмайтын. С.Жүн.

МАЙДЫ МАЙҒА ҚҰЙДЫ

Шалқып өмір сүрді. * Адамға ақыл алпыс жасында келеді деуші еді, сенің арқаңда тайраңдадық, тайпалған жорға міндік, майды майға құйдық. О.Бөк.

МАЙДАНҒА ТҮСТІ

Жауға қарсы шапты. * Бұл кезде Алпамыс он жасқа толған еді. Жас та болса, ақылымен Қоңырат еліне бас болды. Күш-қуаты тасып, майданға түсуге асық боп жүрді. «Алпамыс батыр».

МАЙДАН ТОРТА АЙЫРҒАНДАЙ

Ақырын, еппен. * Сыр бермеген Қали ғана: түнде қанша саулық төлдеді, кеше кештен кірпік ілмеген Жапекең көрші ауылға таң сәріден асығыс аттанып кеткені несі, қашан келеді деп, майдан торта айырғандай сызылады. М.Қаб. ~ Мұндай туындының авторын мақтасаң да, я даттасаң да оның шығармашылығына келер титтей де зиян жоқ. Майдан торта айырғандай небары екі-ақ шумақ ойдан мұндай пәлсапа тұндыру тек данышпандардың ғана тәләйіне жазылған (Біздің Есенғалиды философ деп отырғанымыз да сол). Ы.Ож. ~ Әйгілі аудармашы Акбар Мәжит: «Өлмес шығарма бар, бірақ өлмес аударма жоқ. Тәржіма ұдайы жаңарып отыруы керек» деген биік байлам айтыпты. Расымен де майдан торта айырғандай ғажайып пайым. Ы.Ож.

МАЙДАН САЛДЫ

Соғыс ашты, білек сыбанып төбелес бастады. * Қуғыншылар iзет сақтады. Күштерiнiң басымдығына сенiп, келе майдан салмай, таяқ тастам жерге келiп, тiзгiн тежедi. К.Сег. * Қаракөлеңке қораның астында да қып-қызыл төбелес. Қан майдан салып жігіттердің үні енді адам үніндей емес, арсылдап, ырылдап таласқан иттердің, гүжілдеп, ішін тарта өкіріп сүзіскен бұқалардың үніндей тұтасып кетті. С.Жүн.

МАЙДАН ҚЫЛШЫҚ СУЫРҒАНДАЙ (ҚЫЛ ТАРТҚАНДАЙ)

Еппен, ақырын. * Ол балғасын тық – тық ұрып, шегені баптап отырып сіңірді де танауының ұшына мөлдіреп кеп, үзілейін деп қалған бір тамшы терді саусағымен сары майдан қылшық суырғандай шымшып алып тастады. Қ.Ысқ. ~ Көзінің отындай жарқ ете қалған найзағай қарға адым жер көруге мүмкіндік жоқ қараңғылықта майдан қылшық суырғандай жиіжиі тілгілеп, Қойшыға жол сілтейді. О.Бөк. ~ Бұған ерекше қуанған Көбен: «Ендеше сүйек жаңғыртамыз!» — деп майдан қыл тартқандай қонағына жабыса кетті. Б.Тоғ.

МАЙДАН АШТЫ

Соғыс бастады. ~ Кібіртіктемей, жасқанбай күшті жауға қарсы барып майдан ашты, күші жеткенін жеңді, өлтірді, күші жетпеген кезде жеңілді, өлді. Ғ.Біл. ~ Төмен тап Еуропада майдан ашса, Серт қылып белін байлап, туын жазса. Алтайдан жәрдем күтіп, жаудан қайтпай, Не өлмек, не жеңбек боп ұрандасса. С.Сей.