Жанға жайлы, ұнамды. * Бала жұмысына кетті‚ келін кір- қоңын жууға кірісті‚ бұл ұйықтап жатқан Райымбектің маңдайынан бір иіскейін деп үшкір мұртының ұшы тиіп кеткенде майдай жұмсақ беті жыбыр ете қалған сәбидің қылығы Жұмабектің көңілін демдеді. Қ.Түм. * Шіркін, жолдың бәрі Үлкен жолдай болса ғой! Теп- тегіс, аппақ, топырағы бұрқ- бұрқ етіп жатады, табаныңа майдай жұмсақ тиеді… Ә.Тар.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МАЙДАЙ ЖАРАСТЫ
Тіл табысты. ~ Ж а н а қ. Ә, оның бәрі қайда барады? Әбікен. Мырза шақырыпты, майдай боп жарасыпты. Ж а н а қ. Ә-ә-ә! Жарассын, қоқаңдай беруші еді. Ғ.Мұс.
МАЙДАЙ ЖАҚТЫ
Ұнады, жанына жайлы тиді. * Қанша сыр бермесе де, менің бұл сөзімнің өзіне майдай жаққанын жасыра алмай отыр. О.Сәрс. * – Көрiселiк, айналайын, ақ маңдай, Айтқан лебiң жанға майдай жаққандай. Сырымды айтар өзiңе түгел ақтармай, Қалсам деп ем қасыңда бүгiн, аттанбай. К.Сег. * Ең ғажабы, осы тыныштық пен оңашалық Әділге майдай жақты. Денсаулығы да қалпына келе бастады. Қ.Жұм. * Сәл арқыраңқыраған, сөйтсе де адал көңілден айтылған ән келіншектің де жанына майдай жағып еді. М.Қаб.
МАЙДАЙ ЖАҒЫП, СУДАЙ СІҢДІ
Бойына жайлы тиді. ~ Қайта мұндай жырлар қиялымызды қытықтап, өзімізді тəтті сезімдерге мас қып тастайды емес пе? Неге? Өйткені мұндай жырларда құрғақ шындықтың өзі ғана емес, жанымызға майдай жағып, судай сіңетін ұнамды алданыш
та бар. Н.Кел.
МАЙДАЙ ЕРІТТІ
Көңілін босатты, елжіретті, икемге салды. * Төртеуiнiң де дидарларының сынықтығын қыран көз бiрден шалып: «Ә, Тастай, ағайынға тастай қатты жан деушi едi, әлi майдай ерiтермiн» деп сертке бергiсiз бiр сөздi iшiне бүккен болатын. К.Сег. * Бұндайда батырдың қатулы көңілін майдай ерітіп, қорғасындай балқытатын тәштиген тәуіптің де төбесі көрінбей қойғанына да біраз уақыт болған- ды. С.Смат. * Айшаның шеше емес, шешеден кем де емес жаңағы бір жылы-жылы сөздері былаудай жағып, майдай ерітіп барады. М.Қаб.
МАЙДАЙ АҚТАРЫЛДЫ
Жан сырын жайып салды. ~ Өзі мен қатарлы ашық-жарқын жігіт көрінеді. Бірден тіл табысып кеттім. Сіздің туысыңызбын деген соң-ақ майдай ақтарылды… Б.Тоғ. ~ Бұл жылау — шын жылау! Көл-көсір ақтарылған сары майдай, омырауымды ыстық жас жауып кетті… Т.Бер.
МАЙДАЙ (САРЫ МАЙДАЙ) ЕРІДІ
Елжіреп кетті, көңілі жылыды. Көңіліне жағып, қуанышқа бөледі. * Екі аптадан кейін айналып соқсам, сары шалым сары майдай еріп, екі езуі екі құлағына ілініп отыр. Т.Сәук. * – Мынау өз қолыммен дайындап, сіз үшін әдейі пісірген дәм еді. “Өз қолыммен” дейді, “сіз үшін әдейі” дейді. Бұл сөзге жан дүнием жылынып, жүрек құрғыры майдай еріп жүре берді. Ә.Асқ. * Біз болсақ “қара көсенің” жылы сөзіне майдай еріп, мәз-мейрамбыз. С.Сарғ. * Медет тілей келдім деген сөз талайдың мерейін көтеpiп, өзін сары майдай ерітіп жібітіп жіберді, ол машинаны Сармаевқа тіркеп бер деп, әрі ауызша, әрі жазбаша бұйрық берді. Б.Қыд. ~ Екі аптадан кейін айналып соқсам, сары шалым сары майдай еріп, екі езуі екі құлағына ілініп отыр. Т.Сәу.
МАЙДА ШУАҚ
Жанға жайлы күн райы. * Алматының қысы бір күн – мүйіз, бір күн – киіз. Кеше ғана май тоңғысыз майда шуақ боп тұрған, таңертең тұрсақ айналаны тұсарлықтан қар басып тастапты. Т.Сәу. * Жер беті көк ыраң болып, төселіп жатыр. Желдің жеңіл ғана лебі бар. Майда шуақ айналаны қыздырып, бүкіл әлем соған жонын төсеп рахат табатын секілді. М.Әбдіх.
МАЙДА ҚОҢЫР
Жанға жылы тиетін, жұмсақ. ~ Ай сүттей жарық, аяқ астына ине түссе табылғандай. Жанға жайлы майда қоңыр жел еседі. Б.Соқп. ~ Сырт жағынан соққан майда қоңыр самал, келісті, сүйкімді қыз мүсінін ұрлап әкетіп барады. Т.Бер. ~ Жақсы жігіт екен. Салмақты екені көрініп тұр, — деді кемпір майда қоңыр дауыспен. Т.Ахт. ~ Ашаң, қара торының әдемісі, аттың құлағында ойнайды; шырқау биік болмағанмен майда қоңыр даусы бар, әнді нәшіне келтіріп, тыңдаушысының құлағын кесіп алардай қып, қылқылдатып, ерекше бір назбен салады. Ә.Кек. ~ Ол да тына бере майда қоңыр дауысты сөз басталады. Байыпты. Ғ.Қаб. ~ Төменде тас көшеде топырлап, сүрініп-қабынып жататын абыр-сабыр әбігердің үстіне шығып алып, сонау аспан мен жер арасындағы кеңістікте, майда қоңыр желге бетті төсеп самғап жүргенің. Ә.Нұрп.
МАЙДА ҚОЛ
Жұмсақ мінез, қамқор көңіл. * Өте басыңқы көңіл, жабыңқы түрмен аяғын азар басып, мехцехтағы Жанабілге келе жатыр. Мұндайда жан жарасы жақын жолдастың майда қолын іздейді. Ардақ соны іздеп келеді. Ғ.Мұст.
