МАЙДА БИКЕГЕ САЛДЫ

Маймөңкеледі, майда тілмен жігін жатқыза сөйледі. ~ Құсайынды көрген соң қу құйрық Шалматай әңгімені ушықтырмай майдабикеге салып, бұл шіркіннің дәм атқанның құдыққа түкіргеніне өкпелегенін айтқанда, оны енді Құсайын араласқан соң «тастадым». І.Жанс.

МАЙҒА ЖЫҚТЫ

Барын алдына салып сыйлады; қарық қылды. * Барын аяп қалмай, «Аста-төк» деп, келгенді ақ майға жығып жіберіп жатыр. С.Торы. ~ Көкпарды бетке ұстап барса сыйлы болады. Несі кетеді. Жгіттерді ақ майға бір жықсын. Ақ бәйбішенің ауылына Са- рыауыз бастағандар көкпар апарып салыпты дегеннің өзі неге тұрады. Бейістің іші жансын бәлем! Ө.Кәр.

МАЙҒА БӨЛЕНДІ

Семіз, майлы. ~ Серіппелі тілерсек Жақтай болып бүгілген. Жаңбырлығы, сауыры Тұтас, майға бөленген. Қос құлағы құрақтай, Тұяғы құрыш болаттай, Сала құлаш мойыны Жібек баулы қынаптай. Н.Байғ.

МАЙҒА БӨКТІРДІ

Май қосып пісірді. ~ Үзбен ішетініміз рас, бірақ, жылтырсыз үзбен емес, жүдә етті үзбен; оның артында майға бөктірген ботқамыз да болады. С.Мұқ.

  1. Рахатқа бөледі. ~ Ойпат облысының орманын Анголаға, Тәйке облысының таскөмірін Австралияға, Маңдай облысының мұнайын Люксембургке, Қиыр облысының газын Мавританияға, Өкпе облысының өзен-көлдерін Гренландияға, тағы-тағы басқаларымды тағы-тағы басқаларға 99 жылға салға беріп, бәлемдерді қақтап сауып, үрім-бұтағымды майға бөктіріп қойсам, ә?! Ғ.Қаб. ~ — Сірә, өзіңді Досекең ақ майға бөктіріп тастаған-ау, шамасы! Кекірігің азғаннан саумысың? — деді тышқан көзі күлімдеп. Ө.Кәр.

МАЙҒА БӨККЕН

Тым семіріп кеткен, қоң жинаған; жылтырай майланған. * Марқакөлде майға бөккен мал мен ел, тау ызғары жамбасынан өткен соң, етектегі қыстауына еңбектесіп түскен шақ. Ж.Айм. * Бірақ қай жерде екенін дәл басып табу қиын еді. Дымқыл қара топырақ майға бөккендей қыртыс-қыртыс боп төңкеріліп жатыр. С.Мұр. * Үлкен Алматы өзенін жағалап жүрді. Қараңдап бірлі-жарым ғана адам көрінеді, қара майға бөккен шлюзді де барынша көтеріп тастапты. Қ.Түм.

МАЙ ШЕЛПЕК

Көлденең олжа, оңай жем. ~ Осы жолы қол ұшын бір беріп жібер, мұндай шелпек кездесе бермес. Қ.Мұхамедж. ~ Бұлар, шiркiн, май шелпек қой, көсiп тауып, күреп шашады. Байлығына сенгеннен соң да батыл болатын шығар. Т.Сәу. ~ Мына сөзді естіген Санжар қапелімде не дерін білмей састы. Состиып тұрған мұның аң-таң пошымына бәлекей қыз «келісті» деп жорыды бәлкім, үстеліне қайыра тізе бүгіп, тілдей қағазға адресін жазып мұның қолына ұстатты. «Мұндай да май шелпек болады екен-ау!» деп таң қалды. ~ Состиғаннан состиып, көлеңкесіне ілесіп көшеге шықты. «Мұндай да ауызға түсер май шелпек болады екен-ау!» деп іштей тебіренеді баяғы. Д.Дос.

МАЙ ҰРЛАҒАН МЫСЫҚТАЙ

Өзінен өзі қуыстанып, айыпты сезініп тұрған адам турасында. * Сұмдық сыр ашқандай болдым. Май ұрлаған мысықтай Уәлидің көзі жылтырап тұр. Тез көзін тайдырып әкетті. Раушанның бұйығы түрі, Уәлиге бір түрлі ыстық Көзқарасы… Білмеймін, қызғаныш па, ыза ма, жиреніш пе, ішім алай-дүлей болды. Т.Ахт. * … жұрт алдында май ұрлаған мысықтай жұмған аузын аша алмай, жүні жығылып отырған бастыққа жабылып, иттей талап жатса, мына жақта соған қыбы қанған қатындардың құдайы беріп, сол күні жұмысты қойып, хии-и-лап күліп жолы болады. Ә.Нұрп.

МАЙ ТОҢҒЫСЫЗ

Қоңыр салқын күн райы туралы. * Терезе әйнектері шимай-шимай қырау. Кеше кешкілік май тоңғысыз болатын. М.Қаб. * Мизам өтіп ақырапқа иек артса да күн әлі май тоңғысыз десе де болады. О.Көшб. * Шіркін, Алматы жазынын май — тоңғысыз қоңыр салқын кеші қандай тамаша. Б.Соқп. * Боран мен аяз кезектесіп бірінің орнын бірі басатын, Сібірдің қаһарлы суық қысында «май тоңғысыз» атанатын кейбір күндер болады. С.Мұқ. * Бүгін күн жылы болатын түрі бар. Менің білуімде, қазір Алтайда нағыз сарша тамыз, май тоңғысыз мамырасын шақ. Ә.Асқ.

МАЙ ТАҚЫМ

Қара жұмысқа үйренбеген, семіз д.м. ~ Бәсе, бас білетін өгіз өк дегізбесе керек еді… — Асекең қисық мұрнын жүре босатып үйге беттеген, кермеге кейките байлаған құла бесті артына шатынай қарап оқыранып жіберді, көз қарасы қиқар, оқыранысы зілді екен, сом денесінен бұты совхозының буданысың — ау деп ойлады, бірақ түсін танығанмен үйір тілеп тұрған бесті айғырды жылқы баптамаған қаланың май тақымы қайдан білсін. Қ.Ысқ.

МАЙ СЫЛАУЫНДАЙ ТИДІ (ЖАҚТЫ)

Ұнады, көңілінен шықты. ~ Аға молодец! Сіз де…— дей саламын түк толғанбай, түк тебіренбей. Бұл жеңгейге май сылауындай тиіп, таза елжіреп қалды. М.Қаб. ~ Табанын майда шөп қытықтайды. Топырақтың қызуы май сылауындай жағып, тұла бойын балқытып барады. М.Қаб.