Шашалған кісіге жақсылық тілеу ретінде айтылады. * Адам түкірігіне шашалып қалса, «май қап, май қап» деп тілек айтады. Ж.Баб. * Шашалған адамға «май қап» дейдi. Бұл май құт-берекенің бастауы – соған жазсын дегенді білдіргені. Осындайда үйге алыстан дәм келе жатыр, бөлісетін бол деп қалжыңдап та жатады. Мұны жоғарыдағы тілектің ойнақы түрі деуге де болады. БАҚ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МАЙ КӨКІРЕК
Семіз, кеудесіне нан піскен өр көкірек. ~ Тиіскен екен, түгел жамсатып атып жығуы керек-тін. Мейманасы тасыған май көкірек енді, міне, көзді ашып-жұмғанша қан көкірекке айналды. М.Қаб.
МАЙ ІШКЕНДЕЙ КІЛКІДІ
Жүрегі айныды, әлдебірдеңе жақпады. ~ Айнагүл енді әлгінде ғана қайыршыға ақша беріп жатқан сәтін көз алдына елестетті. Елестетіп отырып, «сол жерде менен басқа ешкім де беріп жатқан жоқ» деп жүрегі одан әрі май ішкендей кілкіді. Ғ.Қож. ~ Қазақ атсыз тұра алмайды. Әлденеге ренжіп көңілің май ішкендей кілкіді ме, жылқы жануарға мін де шап! С.См.
МАЙ ІШКЕНДЕЙ (БОЛДЫ, МАЗАСЫЗДАНДЫ, БҰЗЫЛДЫ)
Әлденеге қатты алаңдады, уайымдады, мазадан айрылды. * Қорлаудың көкесі – маңдайға соққан алғашқы әсер еді. «Әттең!» ауылым деп, ала жөнелген астам көңіл, енді май ішкендей мазасызданды. Е.Зей. * Үстірттің қара жонындағы жапан түзде жол тосқан ұрылар тонапты деген суық хабар бұл жаққа да дүңкілдеп естіліп, зәресі ұшқан жұрттың жүрегі қазір май ішкендей. Ә.Нұрп. ~ Арада бірер ай өтпей жоғарыдағы жаңғырық қайта басталсын. Мәуленнің көңілі май ішкендей бұзылды. Көңіл аспанын қою бұлт торлап, еңсесі көтерілмей-ақ қойды. С.Олж.
Семіз, күйлі. ~ Орта Азия арқылы Индиямен сауда жасап тұрудың жаңа төте жолына ағылшындар қызықса, Петербургтың май желке шонжарларының да қомпаңдап қалары сөзсіз… Ә.Кек. ~ Мәтеков орнынан қарғып тұрды. «Майжелкеге барып Петровичтің арам пиғылын жеткізсем жеткізейін, тездетейін» деп ойлады. Мен әдетте қырағы адам едім ғой. Майжелке мұның сондай кездерін ұнататын. Ә.Тар.
МАЙ БҮЙЕН
Май басқан, күйлі-жайлы. ~ Ресейде Ленин бастаған жалшылар жасаған Қазан төңкерісінің салқыны алғашқы қарқында Жетісуға жете алмады. Бұрынғы уақытшa өкіметтің «май бүйен» комитеттері oн сегізінші жылдың наурызына шейін елді ұстап тұрды. І.Жанс.
МАЙ БАТПАҚ
Миы шығып, езіліп жатқан, аяқ алып жүргісіз лай топырақ. ~ Құрығанда май батпақ арасынан әйнек сынығы, тат шеге не табанын, не алақанын тіліп түссе ғой… Тілсе бітті — құдайы берді, қанаған жерін алақанымен басып үйге қарай аттандап
жүгіреді. М.Қаб. ~ Батпағы қандай жұмсақ — нағыз май батпақ, — деді де, ұшып барып шалшықтың екінші жағына қонды. С.Жүн.
- Ығы-жығы араласып кеткен д.м. ~ Абысын-ажындар өсектеп, Жан сала қарманған тыңшылар. …Лайсаң замана май батпақ, Жауыздық ботқасын қайнатпақ. О, арсыз! Ақсия күліп тұр, Адамды адамға айдап caп. М.Мақ.
МАЙ БАСТЫ
Семіріп кетті. * Шәріптің бойы аласалау болғанымен, құйған құрыштай төртбақ, жуантұғыр жігіт. Май басқан жұмылыңқы көздері қызыл жиектеніп тұтанып тұрады. Күйеуінің сырына қанық Жақанның айласы қырық есектің жүгінен де ауыр. Т.Рыс. ~ Қазір өзі сүйікті қызын қолтықтағанға мақтанышы ұстап, жастық шағы қайта оралғандай боп келе жатса да, аршынды жүрісі, май басқан кесек мүшелері өзіне сөлекет көрініп, ұялып кеткендей де болды. Л.Толс. ~ Тұла бойым бір ысып, бір жанып, май басып қалыңдап, бұйығы тарта бастаған денеме ыстық қан ойнайды. Н.Сер.
МАЗАСЫН КЕТІРДІ
Тыныштық бермеді. * Қайта-қайта барып, губисполкомнің да мазасын кетірді. Аяғында губком шешіпті: рабкриге жіберіпті. Ж.Айм. ~ Ақ көбелек жымиды: — Бірің шағып, бірің ызыңдап, мазасын кетірген шығарсыңдар. Ал мен үндемей, билеп ұшам. Оған тиіспесем, мені неге ұрады?! Ұрмайды. Б.Ыбыр.
МАЗАСЫ МАЙ ІШКЕНДЕЙ БОЛДЫ (ҚЫЛДЫ, КІЛКІДІ)
Әлденені уайым қылды, тынышы кетті, берекесі кетті. ~ Көк арғымақ ер тұрманын бауырына алып, бос келген соң онсыз да май ішкендей болып отырған ауыл бір сұмдықтың болғанын біле қойды. Ә.Кек. ~ Есігіне жақын келіп үңіліп еді, киімшең төсегіне құлаған баласын көрді. Мазасы май ішкендей болып Бірдеңе болғаны анық деп ойлай берді. С.Досж. ~ Бірақ бұл дауыс философ Канттың мазасын май ішкендей қылады. Жазу жазып отырғанда, яки өмір туралы терең ойларға кеткен кезде ойын бөле береді ғой. Ш.Мұрт. ~ Осыған түскеніше молырақ қылып аларсың. Жетпей қалса, әлгі ұл тағы мазамызды май ішкендей қылып жүрер. С.Ас. ~ Алдындағы алгебра есебіне арналған дәптеріне өлең жолдары қонып қалыпты… Тұңғыш рет… Шынымен мен өлең жазғаным ба? Соңғы кезде мазамды май ішкендей қылған жыр аруағы емес пе екен?.. Н.Сер. ~ Мен босағада тұрып қалдым. Ойым ойран. Асыр салып әр саққа кетті. Зиба ұрысады-ау деген ойдан мазам май ішкендей кілкіді. Ш.Мұр.
