МАЗАСЫ ҚАШТЫ (БОЛМАДЫ)

Берекесі кетті, алаңдады, тынышсызданды. * Кейін университетте Ертіс бойынан келген қыз-жігіттермен танысты, аз-кем мазасы қашып, таныс-бейтаныс дыбыс, сөздер естілгендей, таза ауа былдырлап сөйлегендей сәл елеңдеді — осымен тамам. М.Қаб. * Таңдамақшар алдындағы жарық дүниеге тастап кетер бар қарызы мен парызы, күнәсі мен пенделігі есіне түсіп, жатса — тұрса мазасы қашады. Қ.Ысқ. * Екі қолы алдына сыймай, тықыршып мазасы болмаған соң, жемтірленіп қалған кітапқа көз жүгіртіп еді, әріптері бытысып еш нәрсе көре алмаған. Ол тағы да ұлын ойлады. О.Бөк.

МАЗАҢ КҮЙ

Әлденеге алаңдаған мазасыздық. ~ Өзі сияқты бір тұқымдасына сүйкеніп, тұмсығын жалағысы келе ме, әлде оның да денесінің қызуын сезініп, айқара құшақтап алысқысы келе ме, әйтеуір бір түсініксіз, тым мазаң күй. Және жанына жай таптырар жалғыз құтқарушысының да өз тұқымдасы екенін сезінеді. К.Сег. ~ Ахтан арқандаулы тұрған атының қасына барып, то- қымын басына жастанып қисайып еді, әлгіндегі ауыр сезі- мінен айыға алмаған мазаң күйде құлағынның ызыңы күшейіп, басы ауырып кетті. Ө.Кәр.

МАЗАҚ ЕТТІ (ҚЫЛДЫ)

Келемеж қылды, күлді. * Сықыр-сықыр… Қойбағар ырғала басып сыртқа шықты. Сықыр-сықыр… Қойбағар хан ордадан ұзап барады. Сықыр-сықыр… Заржақ етік әдейі мұны мазақ ететіндей. Ә.Кек. * Жау қамаған қысылтаяң күндері кімнің не істегенін еске алысып, бір махалла екінші махалланы мазақ қып, қағанақтары қарқ, сағанақтары сарқ мәз-майрам боп қалысып еді. Ә.Кек. * Олар менің сырымды қайдан ұқсын, қайта, мазақ еткендей, жан жарасын ушықтыра түскілері келгендей, сиқырлана қылмындайды. С.Ома.

МАЗАҚ БОЛДЫ

Күлкіге қалды; қор болды. ~ Үлкен шалдың сөзіне ылимады ғой, бұл. «Егер, – деген сонда анау, – Жапанда жалғыз қала берсең, ажалың қорлық пен мазақ болады». «Жәкеу, кімнен?» «Өзіңнен…» Н.Дәу. ~ «Ау, не соғасың, жарқыным?» деймiн үрейлене еңiреп. Сестра одан бетер бұлдана түседi. «Боздама бекер босқа! Шоңқитып алдап кет- кен бiр сұм үшiн сонша рәсуаң шығып, жұртқа мазақ болғаның ұят емес пе? Р.Рай. ~ Басында атасының атын «Шопанбай» екенін түсіндіріп көріп еді, одан əрі мазақ болды. С.Досж.

МАЗАҒА МАЙ ҚҰЙДЫ

Тынышын алды, көңілін алаңдатты. * Бiрақ, мазама май құйған сол бiр күндер, яғни, аяқталмай қалған сiздердiң тағдырларыңыз жайлы ой менi тек жатқызбады. Р.Райым.

МАЗА ТАПТЫРМАДЫ

Ойынан кетпей, дегбірін қашырды; алаңдатып, тыныштық бермеді. * Бір кезде Сәрсебек ағайыма да үйлен, үйге бір шүйкебас кіргізіп бер деп, құлағын қажап маза таптырмайтын. Б.Соқ. * Олардың бойында мені мен саған бұйырғанның бәріне қарсылық пен қызғаныш қабат өмір сүреді. Маза таптырмайды. Өртейді. Д.Қу. * Әлде тіпті ел бетіне көрінбей, қаңғырып жоғалсам ба екен? Бармасам ба екен? Сонда қайда барам? Қалай күн көрем? Осы тәрізді ащы ойлар жанымды жегідей жеп маза таптырмайды. Б.Соқ. ~ Сот мәжілісі басталғанға дейін ауыл советтің кеңсесіне қамап қойды. Бала — шаға қызықтап, терезеден сығалап, маза таптырмайды. Б.Соқ. * Осындай атағы зор ЖенПИ — ге жолы түспей жүргеннің біреуі мен едім. Міне енді жүрегімнің жүр, жүр деп, маза таптырмай сүйрелеуімен мен де келіп тұрмын. Б.Соқ.

МАЗА ТАПТЫ (ТАППАДЫ)

Тынышталды. * Иттер үре жөнелген соң, есектер ақырып, ауыл азан-қазан болды. Түн тыныштығы – тордағы тауықтардың дүрліге қыт-қыттауымен зорға маза тапты. БАҚ.

Тынышы кетті, тыпыршып, тыным таппады. * Оны ойласам жүрегім маза таппайды. БАҚ. * Көрші үйден де өзі сияқты маза таппай жүрген адамның аяғының тықыры естіледі. Б.Бұлқ.

МАЗА ЖОҚ

Тыныштық жоқ. ~ Белбеу табылмай ауырып жатқан шешеме де маза жоқ. Б.Соқп. * − Құттықтаушылар көбейіп жатқан шығар, — деп қойды Ботабай. − Сөйтеді ғой, — деді Қойбағар. — Телефонға маза жоқ болып тұр. Н.Дәут.

МАЗА БЕРМЕДІ

Тынышын алды, дамыл бермеді. * Оның үстіне ала сауысқан қыр арқасындағы жауырға қайта — қайта тап беріп, маза беретін түрі жоқ. Қ.Ысқ. * Қоңырқұлжаға ойда жоқтан ойыншық болған осы бір аяулы замандасқа деген аяныш әйтеуір көңіліне маза бермейтін. І.Ес.

МАЗА (МАЗАСЫ) КЕТТІ

Тынышы кетті, тыпыршып, берекесі қашты. * Арбаға ала қарға қонып алып, Қарқылдап ертең ерте, кетті мазам. Мәшһүр-Жүсіп. ~ Ағасының мінезі қаталдау, жеңгесі жайлы, тек… Кейінгі күндері Сұлтанбектің құлағынан маза кетті. Ыз-ыз, ыз-ыз. З.Жек. ~ Жайғасып орналасып, балалары жаңа қонысқа үйреніскен соң Марғуадан тағы маза кетті. Ш.Құм. ~ Тықыршып, ер-тұрмандарды қарап-тексеріп, түйенің қомын түзеп, оған артуға дайындаған қап-қоржындарды шұқылап, мазасы кеткенін білдіргісі келмеді. Б.Ыбыр.