ЛАУ АТ

Шенділерді, қызмет бабымен жүргендерді бір ауылдан екінші ауылға жеткізу үшін арнайы сайланып қойылатын көлік. * Халыққа тарайтұғын алым-шығын, збор һәм қара шығын, поштауай ат һәм лау ат, ауылнай старшын сайлану һәм елу басы сайлану, — баршасы жалғыз Матай балаларының ықтиярында болған. Ж.Айм. * Зәңгі, старшын, елубасы дегендер түгел сабылып осында жүр. Сойыс қамдап, лау аттар дайындап, аяқтарының ұшымен басады. Демежан алдымен әкесіне келіп жолықты. Қ.Жұм.

ЛАУ (ЛАУ-ЛАУ) ЕТТІ

Жамырап шуласты, жайылып кетті. Дүрк етті; бірден өршіп кетті; оттай лап етті. * Кім істегені белгісіз, әйтеуір жеті-түнде, барлық жұрт ұйқыда жатқан шақта ояз жатқан үй лау етіп өртене бастайды. М.Әу. * Қази (толқып). Сонысы да бар. Былай да ыза кернеп, шоқ түссе лау ете түскелі тұрған халық, оның түсін есітсе… С.Мұқ. * Екінші жағынан; терең жасырынған хайуани нәпсі сезімнің әдемі адами көрінісі – ғашықтық оты да лау ете түскен. С.Елу. * Айтуын айтып алып, тілін қыршып ала жаздады. Бойында жүрген қызғаныш деген пәленің ойда жоқта лау еткен сәті еді бұл. Н.Дәут.* Ру талас, бақ таластың демi, үнi сияз басына келген, сөз қуған – атқамiнер, старшын елубасылар, атшыбар қосшылар, қошеметшiлер арасында осылайша лау-лау етедi. М.Әу. * Қатарда жортып келе жатқан Жарқымбай, Дубай, Құлайғыр үшеуі бірдей: «Сәт-сәт, жол болсын», «байлансын, Ораздының жолын берсін!» – десіп лау-лау етісті. М.Әу. * Қазір ол күн еске түскенде, он бойы жидіп уылжығандай. Омырауы иіп, ыстық сүт әне-міне өңіріне құйылып кетердей. Лау — лау етіп бір сезім келеді. С.Елу.

ЛАП ҚОЙДЫ (БЕРДІ)

Бас салды, тұра ұмтылды, асыға жөңкіді. * Кішкене қаптесерлер иесіз үйді еркін жайлап алған екен, бұрыш-бұрышқа лап қойып, сіңіп жатыр. С.Шәйм. * Күннің ыстығында қаталап, шөлдеген жануарлар Лепсінің суына лап қойысты. Ә.Шәр. * Лезім аралықта сусыздықтан қаталап, таңдайы таңдайына жабысқан жас-кәрі, адам-хайуан атаулы әлді-әлсізіне, арық-семізіне қарамай топ-тобымен, дүйім-дүрмегімен сулы өңірді бетке алып лап қойды. Ғ.Біл. * Бөгеуді бұзған суша лап қоямыз, Өйткені қалмау керек, қызметке кешікпеу керек. Ғ.Қаб. * Тұтқиылдан лап беріп, Томаға-тұйық шап келіп. Жауыңның есі кіргенше, Қара түнді қақ бөліп, Ізіңді жасыр жалт беріп. М.Мақ.

ЛАП ЕТТІ

Бұрқ етіп жанды; лезде тұтанған оттай болып, қызарып кетті. * Содан соң қарамай, бензиннің иісін тарата лап еткен қара жалын қолымды, желкемді жалап жіберген сияқтанды. Ә.Нұрш. * – Қазақстан Республикасының газы –дүние жүзіндегі ең сапалы газ! Үрлеп қалсаң, лап ете түседі! Ғ.Қаб. * — Мен сені алғаш көргенде таң қалдым,— деп салды. Мұндайда небір қыздың қызы «Неге?» деп от тиген жұқа қағаздай лап ететін. М.Қаб. * — Онын несі жақсы? — деді Зайкүл лап ете тез жауап беріп. — Уақытында ашыламын деп жүргенде суық соғып кетсе, солар да қалар ол гүл. Ә.Нұрш.

ЛАП ЕТПЕ

Қызба қанды. * Қарттың мінезі шапшаң, бірақ қайтымы тез. Былайғы жұрт оның лап етпе ашулы кезіне ілігуден жалтарып осындай бас қосқанда жасқанады. Турашыл қарт әділдікке келгенде ешкімнің бет-жүзіне қарамайды. Ө.Кәр. ~ Сұлулық атаулыны тек өзі ғана меншіктеп алғысы келеді. Осындай бір лап етпе сезім Болатбектің де бойында бұлқынып жатты. С.Олж. ~ Келбеті жағынан әпкесіне ұқсағанымен, сырбаз, баяу Зәйраға мінезі үйлеспейді. Нәйра лап етпе әсершіл. Кісінің іші-бауырына кіріп тұрады. Ө.Кәр.

ЛАҢҒАДА ЕТТІ

Улап-шулап, жұрттың есін шығарды. ~ Екеуіміз екі жақ шеттен ұран салып, ордаға таяу иықтасып қонған сардарлардың ауылының о шетінен бұ шетіне дейін лаңғада етіп, бірнеше рет айланып шықтық. Бұл әдісті ойлап тапқан Бажақ еді. Ж.Сәм. ~ Аяғы нашар, құлақ мүлдем кетуге айналған, менің құлағым да мәз емес, шағын ғана залды лаңғада етіп жібердік. Т.Тәйф.

ЛАҢ ТУДЫ

Дау-дамай пайда болды. ~ Сол істе Абай «қара-шығын» жинаушылармен ғана алысқан боп көрсетілді. «Егер Абай көмегі болмаса, сол күндерде сахарада үлкен лаң туып, кедей малшы-қосшының атбашар, старшындармен қатты қақтығысып қалуы даусыз болғанын айтты».

ЛАҢ ШЫҚТЫ

Шатақ шығарды; дау-дамай тудырды. ~ Сол себептi жiгiт қызуына шоқ тастап қоздыра түсу бұған бiр ермек көрiнген. Рас, лаң шықса одан жасқанып, бой тасалап қашатын да Абылғазы емес. Мына қара ала ат, мына кепкен қара сойылды осы Оралбай үшiн сiлтеуден iркiлмейдi. М.Әу. * Қайдағы бір сұмдықты бастап, ел қарғысына ұшыраған қарақшы ғып алалағаны — ақ батады — ау. «Орыс пен екі ортаға дау тұрғыздың, лаң шығардың» деп сені маған жіберіп отырған Тәукеге арызым жоқ. С.Смат. * — Іргеңнен шаң бұрқырап тұрғанда, арманды ағайын, аулыңнан лаң шыққаны қабырғаны қайыстырып барады. Өз қолыңмен өз қоныңды кескілепсің. С.Смат.

ЛАҢ ТИГЕНДЕЙ

Аяқ астынан, кенеттен, күтпеген жерден. ~ Жылқышы лаң тигендей атын шалт тебініп, шаба жөнелді, қос тау төбеті қапталдаса зымырайды. А.Кем. ~ Жамал мына лаңның басқа емес, Құдаймендеден келгенін білді де, … Әлібиге қараған бес-алты үй сол күні лаң тигендей әп-сәтте үйін жығып … Ә.Нұрп.

ЛАҢ САЛДЫ

Шатақ шығарды; дүрбелең тудырды. * Ал мына Құдабай мен Қасымдыкі не?Ел аман,жұрт тынышта лаң салып, тыныштықты бұзып. Сіздерге тыныштық, бейбітшілік керек пе, әлде Құдайдың құтты күні қырқысып қан төгуіміз қажетпе? Ж.Шәк. * Сумандаған ұрыдай суық жел тұр, Жабырқаған гүлдерге лаң салған. М.Мақ. * Әдейі соқтығуға қара таба алмай, берісі Мезгіл, Шалқар болысынан бастап, Жыланды, Имантау, Зеренді, Айыртау болыстарында лаң салмаған жерлері кем де кем. С.Жүн. ~ Елдің бар тәуір аттарымен қоса, азығыңа деп жүз қаралы қой апарып берді. Онымен қоймай, Анненковтың бір топ жасағын ауылға ертіп әкеліп, лаң салды. М.Әбдіх.