ЛАҢ КІРДІ (ТҮСТІ)

Араларында кикілжің туды. * Міне дәл осы кезде Шеру ішіне ойда жоқта тағы бір үлкен лаң кірді. Екіаша дейтін қоныста отырған Керімбек ауылында бүгін бір үлкен жиын бар еді. Қ.Ысқ. * Сол Бiржан аттанып кеткен жазда, Олжай ортасына бiр үлкен лаң кiрдi. М.Әу. ~ Осы сөзді Шұбар мен Ерболдан жолдап отырып, Тәкежан анық суық сыр ашты: — Ағайын арасына лаң түскелі отыр. Дәл осы жерде ұғыспасақ, Құнанбай ортасы бүлінгені. Айырған Еркежан мен Абай деп білемін. Артқы күн не болады, кінәны өэдерінен іздесін. Тек көрісерге күн жақсы болғай-ақта!— деп барын айтты. М.Әу.

ЛАҚТЫРЫП КЕТТІ

Алдап кетті, сазға отырғызды. * Аң-таң. Өмір бойы сеніп келген бұлжымас заңдар да кейде кісіні осылай лақтырып кетеді екен… ғажап! С. Нұғ. ~ «Ерболат мені лақтырып кетті. 4 ай тегін жұмыс істедім. БАҚ.

ЛАҚТАЙ СЕКІРІП, ҚОЗЫДАЙ ЖАМЫРАДЫ

Улап-шулады, бей-берекет жамырап, есті шығарды. * Ағамыз бен жеңгемізді айтамын да, махаббаттары бетон ғой, ә? Лақтай секіріп, қозыдай жамыраған он бала дүниеге оңай келді деймісің…— Арқырап күлді. М.Қаб.

ЛАҚТАЙ ЖҰЛЫП АЛДЫ

Аттан жұлқып түсірді. ~ Әмен екеуі оғыр -шоғыр боп жатқан қаңылтақтай қытай жігітін сол қолымен жауырынынан сап етіп ұстап, шетке қарай делдең еткізіп, лақтай жұлып ала берді. Ж.Ахм.

ЛАҚАП ТАРАТТЫ

Жалған әңгіме жайып, өсек өргізді. * Абай мен ұлық достығы туралы тағы да көлеңкеге қарап тон пiшедi. Түн бойы неше алуан аңыздар айтысты. Балқыбектiң жүздеген үйлерiнiң барлығына толып жатқан лақаптар таратысты. М.Әу. * Бүкіл ел жиналып, ойын-той жасады. «Бағы жанбай жүрген жалқы жігіт еді, теңін тапқан екен» десіп, мәре-сәре болып жатыр. Кемпір жайын Жан адамға айтқан жоқпын. Аң аулап жүргенімде таңғажайып бір шаһарға кездесіп қалып, осы қызды содан тауып алдым деп жалған лақап тараттым. С.Ома. * Көзге көрініп тұрған он шақты мал, ана үйдің қара басы, соны алғыз да, мені құтқар. «Дымын қалдырмай шауып алдық!» деп лақап тарат, сол атақ маған жарайды. Б.Май. * — Ойбай-ау, ол сенімен енді біржола жауласатын болды ғой. Мұнда екендеріңді біліп пе? — Білгенде қандай, Тұрғанбектің үш қуы күні үшін қызылдарға сатылып кетті деп лақап таратып жүрген көрінеді. К.Қаз.

ЛАҚАП СӨЗ (КЕП, ӘҢГІМЕ, ХАБАР)

Қаңқу сөз, өсек әңгіме, өтірік-шыны дүдамал хабар. * Қыдыш. Мен осы туралы айтайын деп едім. Біздің келінге сол жақтан бір жіңішке лақап хабар кепті. Ол жерде Борсақ үстем боп, содан қол арасында жік туатын түрі бар дейді, білдің бе? М.Әу. * Көшбикеде Абай басына жасалған қастық көп заман жұрт аузынан кетпеді. Әрине, бұл жөндегі сөздер, сезімдер, неше түрлі сыбыс, лақап әңгімелер әр ортада әралуан болған. М.Әу.

ЛАҚАП АТ (ЕСІМ)

Жасырын есім; псевдоним. ~ «Қиын адам» деген лақап есім иеленген, студент әулеті бетіне қарсы келмейтін, төбесін көргеннен айналып қашатын, «қиын адам» ту сыртында тұрған мұны байқамады. Д.Дос. ~ — Ой, «Иісшіл ит-ай», — деп еді сонда Иван Шавхатты лақап атымен атап, — сенің таппайтының болсайшы. С.Дос. ~ – Қайырболды Намазбеков дейсіз бе, – деді маңдайын уқалап, – Лақап аты емес пе екен? – Жоқ, азан шақырып қойған аты – деді енді күлкісі келе бастаған Сағындық. Т.Әсем.

ЛАҚА БАС

Жалпақ бас. * Баяу сырғыған жылан бір кезде Сейтеннің сәл жұмулы алақанының арасына басын сұқты. Лақа бас, білектей жуан, қайрақ тас түстес тау жыланының өзі. І.Ес.

ЛАҚА АУЫЗ

Үлкен, екі езуі құлағына жеткен ауыз; ойымсыз, обыр. ~ Езуінде жиек болмаған соң, Әбдіжапар ел ішінде лақа ауыз атанып кетіп еді … Қ.Ысқ. * Осындай бiр бас қосуда бiр лақа ауыз, қотыраш баланың ынта-жiгерi жүдә ұнап қалды. Көзi сығырайған, талтаяқ, безеу бет. Т.Сәу. * Ал мынау бүйен сарының аты Мешел. Азан шақырып қойған есімін бір Алладан басқа естіген пенде жоқ. Күндік жемі бес литр спирт, бір ішкенде анау лақа ауызға бес саптаяқ көже сияды. Қ.Ысқ.

ЛАҚ ТАСТАҒАН ЕШКІДЕЙ ІЛМИДІ

Өлімсіреп, аянышты халге түсті. ~ – Е, ол ма, ол әншейін өткен әңгімелер ғой. Жанбота екеуің ажырап кетіп пе едіңдер осы. Сен кеткен соң Жанбота бала түсірткен сияқты. Сенікі ме, басқаныкі ме ол жағын білмеймін, әйтеу лақ тастаған ешкідей ілмиіп жүргенін талай көрдік қой, – деді. Ж.Шәк.