ЛАҚ ЕТКІЗДІ

Ақтара салды; төгіп тастады. * Ауыл шетінен әтеш шақырды. Жырақтағы қара адырдың қабырғасына, шошақ басына қызыл бояу жұқты. Ендігі мезетте тау беткейінен бермен қарай лақ еткізіп сүт құйып жібергендей сезілді. Д.Досж. * Бұл көкең жақтауын ашып, екі білегін сыбанып су шүберекпен сүртіп еді, сырттағы сәуле ішке лақ етіп құйылды. Д.Досж.

  1. Ойындағысы жасырмай айтып салды; ағынан жарылды. ~ Айгүл мен Ләзәт Ақжазықтың күллі оқиғасын солар арқылы елден бұрын естіп алады: таңертең бір-бірімен амандасқан сәтте-ақ олар естігендері мен білгендерін бір-біріне лақ еткізіп сөз арасында-ақ ақтара салады. Б.Нұрж. * – Папа, балалар жоқ күні бойы, соларды тауып алсаңызшы, – деп ана əйелді алдымен шақырғанын жақтырмағанымды білдірдім. – Олар қайда? – Білмеймін, сіз қарамаған соң, кетті бетімен, – деп ойымдағыны лақ еткіздім. С.Досж. * Бірақ өз сөзі, міне, тым ырық бермеді. Лақ етіп төгілгелі тұрған іштегі дауылды тежеп, өзіне тоқтатты. М.Әбдіх. * Сөйткен қадірменді ашық-жарқын, ақ кеңіл қарындасына іштегі сырын лақ еткізіп баяндағысы-ақ келетін. С.Ом.

ЛАҚ ЕТТІ

Ақтарыла төгілді. * Шөлмектің аузын көзінің ойығына тіреп тұрды да қабағын қысып тартып қалған. Шөлмектің аузынан ақ көбік лақ етті. Т.Сәу. * Біз шошып ояндық, Жолаушы поезы келіп тоқтаған болуы керек. Халық лақ етіп қаптап түскен. Б.Соқп.

ЛАЙЫН ШАЙҚАДЫ

Сәнін кетірді, ластады. * Бір байға тиді, оны құртты атқа тепкізіп. Екі байға тиді, халық жауы етіп бұның да көзін жойды. Енді міне, елге қайта келіп, тұп-тұнық отырған халықтың лайын шайқап… М.Қан.

ЛАЙЫҚТЫ СӨЗ

Дұрыс, жөн айтылған уәж, жақсы пікір. * — Е, аманбысың, шырағым! — деп сасыңқырап қалды. «Қайырлы болсын!» тәрізді бірдеңе айтқалы оқтанса да, аузына лайықты сөз түспеді. Ж.Айм.

ЛАЙЫҚ ПА?

Дұрыс емес, жарасатын қылық емес д.м. * — Сен өзің табарышсың… өзің жаңа пікірлі болам… Əйелдің теңдігіне ат салысам деп жүрген жігіттің бірісің… Осы істеп отырған жұмысың өзіңе лайық па? Ж.Айм. * Біріңе-бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің, біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па? Абай. * Естіген құлаққа бірқыдыру қызық, дегенмен, қаукөрік жеңіл қалжың, тым анайылау əжуа. Кейде, тіпті жеңілтек жеңсік секілді. О несі? Ағаға лайық па осы? З.Қаб.

  1. Талғамнан шыға ма д.м. * Қане, қане, көрсетші өзіңді! Біздің Майсараға лайық па екенсің? Иә-иә… Бір-біріңе сай екенсіңдер. Тату-тәтті болыңдар. С.Смат. * Үлкендердің сөздерін тыңдауға шетімізден әуес-ақпыз. Ол сөздері біз тыңдауға лайық па, жоқ па,- ол жағын білмейміз, әйтеуір олардың ауыздарынан шыққан жақсы сөзді де, жаман сөзді де, қағып ап, бойымызға сіңіре беретінбіз. С.Мұр.

ЛАЙЫҚ КӨРМЕДІ

Жөн санамады. * Кешірім сұрасам қайтер еді деп бір ауық ойланады. Бірақ әке басымен балаға кішіреюді лайық көрмейді. Ж.Айм. * Ал, биыл ағайын өзі білмесе, балам өліп еді деп, енді жатқа телміргендей көлік сұрап жүруді лайық көрмеді. М.Әу.

ЛАЙЫҚ КӨРДІ

Дұрыс деп тапты, жөн санады, жарарлық деп тапты. * Жамалды Ғалиға лайық көрген секілді болып, Ғалиды шын ықыласымен баласындай жақсы көруші еді. М.Дул. * Шешем мен Қаныша жеңгем бізге ілеспеді. Жылы орындарын әзірше, суытпауды, Тұйықта қала тұруды лайық көрді. Б.Соқп. * Егер сіздің бел балаңыз екенім рас болса, Зағираға мені лайық көрсеңіз, басқа қалауым жоқ дедім. Сыпатай мырза жадырап барып, қатты түнерді. М.Мағ. * Қазиза өз көңілімен бүгін Мақсұт пен Қамардың оңаша жолығуын лайық көрді. Ж.Ахм.

ЛАЙЫҚ ЕМЕС

Жараспайды; сай емес; жөнсіз. * Бұрышта ілуі Төлегеннің киімдері, екі шалбар, бірі қара шұға бірі көк диягнал, күзен ішік, брезент сулық, шолақ камзол, сырма шалбар. Соңғы екеуі Төлегенге киюге лайық емес. Ж.Айм. * Ертең сайлауы келеді. Сондай кездің қарсаңына өз елінің ішімен қағаздасып жату лайық емес. Ең болмаса сайлау өткенше қоя тұру қажет. М.Әу. * – Бұл кісі мейман. Бұныңыз лайық емес! – десе бергенде, солармен жарыса Сармолланың сыртында тұрған қаланың жай халқының бір тобы, жаңағы байлар тобына қарсы, жапырлай сөйлеп қарсыласа кетті. М.Әу.

ЛАЙ СУДАН БАЛЫҚ АУЛАДЫ

Қулық-сұмдықпен күн көрді. * Оның мәнісі бар, шырағым! Олар күллі оқығандарға өш. Оқығандар оларға жауыздық істетпейді, ұстатып жапқызады. Оларға лай судан балық аулау керек. Жаңа мұғалімдерге жаны өш. Ж.Айм. ~ Бір сыпырасы айдалып, бір сыпырасы қашып, бір сыпырасы жасырнып қалхозға кіріп, қалып жатыр. Байдың қу құйыршықтары белсенді болып осындай сапырылыста ылай судан балық аулап, қалхозға неше түрлі зиян істеп жүр. Соның бірі Жақыпбек. І.Жан.

ЛАЖЫН ТАПТЫ (ТАППАДЫ)

Орайын келтірді, амалын тапты, қисынын келтіре білді. * Ағылшындар оның да лажын тапты: бу машинасын күймеге жегіп, онымен жолаушылар таси бастады. БАҚ * Демежан басқа лаж таппай, ондайларға мынадай кеңес берді. Қ.Жұм.

ЛАЖЫ ҚҰРЫДЫ (ТАУСЫЛДЫ, БІТТІ)

Басқа амалы болмады; шарасы қалмады. * Жолбарыс тақтан жерге секіріп түсті де, алшандай басып, ну орманға кіріп кетті. Арыстан лажы құрып қала берді. С.Ом. ~ Сыйлы кісінің сөзінен кейін лажы құрыған жұрт тынышталған еді-ау! Ә.Нұрп. ~ Бұл мәселе жайлы енді ешқайда да әуре болмаймыз!.. Бәрі тамам! — деп күдер үзген қабақпен бар лажы құрып, біраз тынып отырды. Керімбекке әке елімін естірердей боп қиналып, ауыр сырды сол жерде сездірген. Ж.Ахм. ~ Подольский үгіттеп те, ренжіп те, жауапкершілікті өздеріне арта тілек етіп те көріп еді, онысынан ештеңе енбеді. Лажы таусылды, ешқандай ықпал жасай алмады. М.Иман. * Сүлкей лажы таусылып, осы сәт Хауа Ананың дәл өзіндей көрінген шешесінің соңынан сөлпектеп тағы да ерді. С.Елу. * Сол өзен бойындағы қоштасу боздап жылаған бұған емес, жас жарын тастап кете алмай лажы бітіп, іштей түйілген Кеңеске қиын болған екен, ойлап қараса. С.Елу.