Біреудің қарғысына қалғыр, қарғыс тигір. ~ Адамға адамның немкеттігі, жауыздығы дейтін сұмдықты сезіп, көріп, білген сайын, әрі сол лағынет атқыр қаскөйліктерді тып-типыл етуге құдіретінің де, ғұмырының да жетпейтінін ойлап жанын қоярға жер таба алмайды. Н.Дәут.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ЛАҒЫНЕТ АЙТТЫ
Қарғап-сіледі. * Қолымды кедейшілік кесіп отыр, — деп бір сабаз сүйгенінен айрылып, құсадан күйіп-жанып, қараша үйде қан құсқандай, өз тағдырына тағылық заңына лағынет айтып, Зәпирасын жоқтап күңіренген де болар. Б.Мом. * Мен сенің айтқанынды ғана орындаймын. Күт десең — күтемін, шалға бар, тұрмысқа шық десең — шығамын. Талай махаббаттың қанатын қырыққан қанды соғысты бастаған қаскөй жауға лағынет айтып шығамын. Ә.Нұрш. * Жолбасардың сөзіне қатар тұрып біз қысыламыз. «Қарт кісілер, ұят қой» дейміз. «Ай, көргенсіз!» деп ұрсып, тиып тастар дейміз. Тіпті, қарғап-сілеп, лағынет айтар деуші едік. Д.Қуат.
ҚЫШЫМА СӨЗ
Кекетіп, мұқатып айтылған, намысқа тиетін сөз. * Беркімбайды қышыма сөз қытықтай берді. Т.Иман.
ҚЫШЫҒАН ЖЕРІНЕ ТИДІ
Жанды, талмау жерін дөп басты. ~ Қасындағы Шолақ тағы басқа жастардың қыз-келіншекке айтатын қылжақ сөздерді көбірек айтса, Біржанның қышыған жеріне тиетіндей; жаны кіріп балаша мәз болып отырады. Біржан қартайғанда, өте сыпайы, сәнді киінетін. Е.Ысм. ~ – Солдатқа кісі бермейік деген хабарды астыртын тарату керек. Бұл жұрттың қышыған жеріне тиетін сөз. Тез тарайды. Және солдат бермейді де. С.Мұқ.
ҚЫШЫҒАН ЖЕРІН ДӨП БАСТЫ (ТАПТЫ)
Көксегенін дәл тапты, ойынан шыға білді. ~ Бұл айтып отырғаның — бір сенің басындағы хал емес, бәріміздің ортақ мұңымыз ғой, — Әсет. Сен менің қышыған жерімді дөп басқаның сонша, көнтек болған қотыр тайлақтай жауырынымды тоса бергім келеді… Қ.Жұм. ~ — Қышыған жерімді дәл таптың. Сол қара орынға біражола кетсем қайтеді. Есікті бір тал сексеуіл күзетіп тұр. Қ.Түм. ~ Барақ сұлтан мен Қанжығалы Бөгенбай батырдың екі ортасында отырған Қабанбай қышыған жеріне дәл тиген би лебізін қуаттап, сөз айтуға оқтала бергені сол еді … Қ.Жұм.
ҚЫШЫҒАН ЖЕРІН ТАПТЫ
Діттеген жерінен шықты, көңіліндегі ойын дөп басты. ~ – Онда жұмысың не? – деді біреулер, сұрау бергендерді ұнатпай, – бірге өсіп – біте қайнаған, қан-жыны араласқан адамдар, қышыған жерін қалай табудың ретін білер, «барайын» деуі содан болар. С.Мұқ. ~ — Міне, міне, міне! — деді Сырбай Рахметтің сөзін бөліп, — жүдә рас сөз осының. Көптің ойы — мың, сенің ойың — бір. Мың ойдың бір ой қышыған жерін табу оңай емес. Жүдә қиын ол. С.Мұқ.
ҚЫТЫҒЫНА ТИДІ
Жынына тиді, ызасын келтірді; намысын қоздырды. ~ Алжуға айналған кәрі бұғының жеңіске жеткені жас маралдардың қытығына тиді. О.Бөк. * Бақталас байдың кемсіте айтқан сөзі Қабанның қытығына тиіп бұрқан- талқан болмасына қоймапты. C.Смат. * … барлығы ауыздарын қу шөппен сүртіп, қол үшін беруден атбойын ала қашыпты. Құрал-жарақ сатып беруге жарамапты. Патша үкіметінің қытығына тиюден, қырына ұшырап, тепкісіне түсуден тайсақтайтын көрінеді. Ғ.Біл. * Жұманның орынсыз ақталуы, бойындағы барлық кемшiлiктерiне оңай әрi қисынды себептер тауып алғандығы қытығыма тие бастағаны кәмiл. Ж.Шағ.
ҚЫТЫҒЫН ТАПТЫ
Сырын ашты, ойынан шықты. ~ … сөйткен барлық еңбегіміздің жемісін ойда жоқта осы арада, жолаушылар бекетінде, мына қыздың қытығын тапқан жігіт жинап алады, ол қалай? М. Серв. ~ Қыбыршыған көңілдің Қытығын таппай сұратпай Досың болса күлдіріп, Сүйсіндіріп жұбатпай … Ж.Жаб.
ҚЫТЫҒЫН КЕЛТІРДІ
Қызықтырды, құмарын оятты. ~ Құлақ жарған шуылдары түнгi қалаға күмiс нұрын төккен дөңгеленген жарық айдың қытығын келтiрiп, маңайды думанға малып тұр. Ж.Шағ. ~ Қыздардың кісінің қытығын келтіргендей қылықты, назды күлкілері қайта сыңғырлап, жігіттердің масаң үндері жарқын- жарқын шыға бастады. С.Ас.
ҚЫТЫҒЫН БАСТЫ
Құмарын қандырды, ынтығын бәсеңдетті. ~ Салық жорта күлген болды. — Қытығыңды басармын мен. — Ол тағы да тақала түсті. — Қайтіп? — Құшып- сүйіп. — Құшып- сүйгені несі? Менің қытығым суға түспей басылмайды… Кел, онан да шомылып, су шашысып ойнайық… О.Бөк.
ҚЫТЫҒЫ ЖОҚ БЕТ
Ұятсыз, намыссыз адам туралы. ~ Жек көрем, — деді досым, — Быттиған, қытығы жоқ беттерін, болпиған денелерін көргенде құсқым келеді. Ненавижу! Өлгендерге ғана қайғырады бұлар. Т.Әс. ~ Тағы бір сөз бізде ұры деген, Құлқынының бұл кісі құлы деген, Айтқанының адамға бәрі өтірік Қытығы жоқ бетінің сірі деген. Ә.Тәж.
