ЛАЖЫ ҚАЛМАДЫ (БОЛМАДЫ)

Басқа амалы болмады. * Өрісі басқаны ноқта қосады дегендей, Едіге айдаладағы Әбутәліптің отбасына қамқоршы болмасқа лажы қалмады. Ш.Айт. * Көрінгеннің қолжаулығы болып кетуден зерезеп болған әйелдер жағының көбі-ақ бір мезеттік жеңілдік үшін болса да, бір-бір еркекті таңдамасқа лажы қалмайды екен. Ж.Сәм. * Барақ секілділері Россия патшасына бағынуды түпкі ойы ұнатпаса да, басқа лажы болмай, амалсыз көнді. І.Ес. * Дьяков дивизия штабына шауып келді. Кешігетінін білді. Бірақ басқа лажы болмады. Ә.Нұрп.

ЛАЖҒА ЖАРАДЫ

Бір пайдаға асты.м. * Сүйтіп жүріп ісіне мығым. Алқам-салқам машинаның әзір лажға жарап жүргені осының арқасы. Ә.Нұрп.

ЛАЖ ҚАНЕ (ҚАЙСЫ; -Ы ҚАЙСЫ)

Амалы жоқ; не шара д.м. * Ең ғажабы, өзiмiздiң бек бақыттылығымызға еш шәк келтiрмеймiз, имандай иланамыз. Өйтпеске лаж қане. Т.Сәу. * Ол бетіме қарады да басын шайқады, жүзіне көлеңке үйірілді. Кенеттен қатты аяп кеттім, бірақ лаж қайсы, дәрі сасыған бөлмеде қашанғы отырмақпын. Дж. Сэл. * Қыз атаулы жағалай жұмбақ қой, осындай кемістердің көңіліне қарағыш келеді шетінен. Джейннің Эл Пайк туралы әңгімелеп тұрып: — Оп-оңды жігіт, құдай ақылдан кенде қылып қойса, лажы қайсы. Дж. Сэл.

ЛАЖ ЖОҚ

Амал нешік д.м.; шарасыздықты білдіреді. * «Ал оны көруге бола ма?» деп жата жабысқан бекке бұл тағы: «Бөтенге көрсетпеуші едім, сіх айтқасын енді лаж жоқ…» деп солқылдақтық жасайды. О.Сәрс. * Жоғарыға томпылдатып арыз айдағаннан өзге енді лаж жоқ. Б.Соқп. ~ Ломбард иығын қиқаң еткізді: — Басқа лаж жоқ! Бір тәуліктен кейін бұл арадан қайтсек те кететін шығармыз деп сенем. Бізге тек бір тәулік қана шыдау керек, сонда аман қаламыз. А.Крис.

ЛАЖ (ЫЛАЖ) БАР МА

Не амал бар, көнуге тура келеді д.м. ~ «Қара құлақ — қасқырдың шамы» дегендей, «Мынау солай» — дегенге оғын қадаған. Лаж бар ма болған соң заман осылай, Шақ болып тұр сұңқарды құзғын талаған. М.Дулат. ~ Мен сіздің сымбатты сұлу көркіңізді сөз етпей-ақ қояйын. Итальянша сөйлеуге олақпын. Бірақ лаж бар ма, жас шағымнан-ақ сұлулықты қайда көрсем, сол жерде мадақтаймын деп, жыр тәңірісінің алдында ант еткен ем. К.Пауст. ~ — Бастық шақырса бармасқа ылаж бар ма, жарайды. Онда сен кешікпей Сақанға бар. Осында ертіп кел, бірге баралық, деп өзіне тарта сөйледі. С.Бег.

ЛАҒЫП КЕТТІ

Жөн-жосықсыз кетті, айдалаға қаңғыды. * Тұтым жоқ жерде төрт аяқты, ұзын сирақты жылқы түгілі екі аяқты, қысқа борбай адамның өзі бет-бетіне лағып кетеді дейді. Ә.Кек. * Жазушыға адасқанын білудің өзі бақыт. Айдалаға бет алды лағып кетпей, адасқан жеріңді неғұрлым тез тапсаң, бейнетін солғұрлым аз болады. Қ.Жұм. * – Содан, балапанды сол сапарда-ақ алдың ғой, әйтеуiр, – деп, өз алдына қайта-қайта лағып кеткен мылжың қарияның әңгiмесiн Қамбар ортаға қарай күргейледi. К.Сег. * Осы дауысты бүткіл болмысымен жек көреді. Естімей, естігісі келмей, басының ауған жағына қарай лағып кеткісі келеді. Қ.Жиенб.

ЛАҒЫНЕТКЕ ҰШЫРАДЫ

Қарғыс айтты. * Бұлар қазақтай «мұсылманмын» дейтін елдің әйел жайын, әсіресе «никах», «талақ» тәрізді шариғат үкімі шешетін жайларын патшалық сотына, орыс законына беруді үлкен қылмыс санайды. Айыпкерлерді, қолдарынан келсе, сол сәтте лағынетке ұшыратып, кәпір қауымына жазып, түтіп жегендей. М.Әу.

ЛАҒЫНЕТ ТАҢБАСЫ

Біреуге қиянат жасап, обалына қалған адамның ел-жұртқа жек көрінішті болуы хақында.* Зұлымдық күш алған жерде әдiлет шарасыз. Бетiне лағынет таңбасының сол басылғаны басылған. Т.Сәу. * Тағдырдың басқан лағынет таңбасындай жиіркенішті сезімнен жандүниесі түршікті. Қалай құтыларын білмей жанталасты. Т.Сәу.

ЛАҒЫНЕТ ҚАМЫТЫ

Қарғысқа қалғандай жолы болмау. ~ Осы бір түннен бала болса жақсы, болмаса… мынау түн өмір бойы Шолпанның мойнында лағынет қамыты болмай ма? Мынау күнә өмір бойы күнә болып қалмай ма?.. М.Жұм. ~ Шешек атқан бүгінгімді бүлдіріп, лайға салған кім еді? Сонау лағынет қамытын киген қанды ажал ғой ол! Атқан лағынетіңнен не қайыр, жалын атқан жастығым жар астында қалған соң!.. Ғ.Слан. ~ «Өздерің білесіңдер, хұррият болды, патша орнынан түсті. Ал, билік әлі байлар мен капиталистердің қолында. Бізді әлі күнге құлша жұмсап, мойнымыздан лағынет қамытын алмай отыр. С.Бег.

ЛАҒЫНЕТ ЖАУСЫН

Қарғыстың астында қалғыр д.м. ~ Ұрлық қыл да мал тап, Ойнас қыл да бала тап. Осы мақалды шығарған кісіге лағынет жаусын! Лағынет!.. Жасаған-ау, өзің кеше гөр, бір өзің… Шолпанның осы күнәлі ойлармен уланып, ыстық жасқа шомылып жатқаны Сәрсенбайға тигенінің сегізінші жылы еді… М.Жұм. ~ Жоқ, үн жоқ, балағаттау бар, тепкілеу бар. Махаббат жібі үзілді. Өмір бұзылды. Бәріне лағынет жаусын! Өмірді улаған сол іштегі балаға лағынет жаусын!.. М. Жұм.