ҚЫСЫМ КӨРДІ

Зорлық-зомбылық кешіп, қиыншылық тартты. ~ Барымта заманында жан-жағынан қысым көрген Матақай жаңғақтай жұмырланып, «жеймін» деген талайлардың тісі батпайды, батырам дегендерінікі сынады. C.Мұқ. ~ Екеу ара жүздесу осымен тынып Бекең қоштасарда: — Тұрмыстан таршылық, біреуден қысым көрсең хабарласар- сың, — деген. Ө.Кәр.~ Пенде ісін мойныма артқаным жоқ, Көр ғазабын өлгенмен тартқаным жоқ. Зорлық пенен нумилық қиын-қыстау Қысым көріп біреуден жатқаным жоқ! М-Ж.Көп. ~ Менің әуел баста тарих факультетін бітіргенім, аспирантурада оқып, диссертация жазғаным, советшіл белсенді, жандайшаптар тарапынан қысым көріп, тар заманда ғылыми ортадан кетуге мәжбүр болғаным – өмірбаянда жазылған, құжаттар арқылы дәлелді, мені білетін ел-жұртқа ежелден мағлұм. М.Мағ.

ҚЫСЫМ ЖОҚ

Ешкім саған өктемдік жасамайды д.м. ~ Кетем десең, қысым жоқ, ешкім зорлап ұстамайды. Естідің бе? Әлде, жақынырақ барып ұғындырайын ба? М.Мағ.

ҚЫСЫМ ЖАСАДЫ (КӨРСЕТТІ)

Әлдебір іске мәжбүрлеп, қинады. ~ – Кезінде қызыл белсенді болған Жандай әлі де көп нәрсені күшке салады. Оның біреулердің бермесін тартып алуға, қысым жасауға бейім тұратынын ел жақсы біледі. А.Жақ. ~ Бір жүргізуші қорқақтық танытты екен деп жазықсыз жандарды жәбірлемеңдер, сендердің де ата-аналарың, бауырларың бар. Оларға әлдекім қысым жасаса қалай қарар едіңдер? Осыны естеріңнен шығармаңдар! Т.Әлж.

ҚЫСЫМ КӨРСЕТТІ

Қинады, зәбір көрсетті. ~ Талпындым, түстім ізіне, Оңдалмады бір ісім. Қарамай құлың жүзіне, Алла-ау, көрсеттің қысым. М.Жұм. ~ Сәлім мені ауызға қақты, сөйлетпейді. Мұнысы «Асыра сілтеушілік!».. «төрешілдік!».. Мен ізденемін! — Нені ізденеді: зорлық көрсеткен бар ма? Қысым көрсеткен бар ма?.. Б.Майл. ~ Хохолдардың орыстарға қысым көрсетіп жатқанын ести сала, ерікті жасақтарға қосылып, Донецкіге барған екен, сол жерде оққа ұшыпты… Т.Сәу.

ҚЫСЫЛЫС ТАПТЫ

Ұялды, қымсынды. * «Сырт көз – сыншы» деп жатады ғой, басқа өңірлерден осында қонақтар келе қалса, жолға байланысты қысылыс тауып қаламыз. Жолдарымыз қашан жөнделіп болады, бүгінгі күні не істеліп жатыр? БАҚ

ҚЫСЫЛТАЯҢ КЕЗ (ШАҚ, ЗАМАН, СӘТ, КЕЗЕҢ …)

Ауыртпашылығы мол, ер сыналар қиын-қыстау уақыт. ~ Оның астындағы атақты Сарқызылтай атын көргенде осы бір қысылтаяң кезден құтқарып, бірте-бірте үстем алып бара жатқан жәуміттердің пысын басар көмек келгендей сезінді. О.Көш. * Осындай қысылтаяң кезде жұрттың бала-шағасы ең болмаса жылы отыруы керек еді. Б.Қыд. * Ойда қарлы боран бір соқса, тауда екі соғады. Әне, сондай қысылтаяң кезде тілін тістеген отарды киіздей тұтасқан Көкөзектің қалың нуына табан аудартпай салып қоямын. М.Қаб. * Сенің ақысыз, пұлсыз әнің айта жүрер әлеуметіңе, ертең ер жетер азаматыңа керек. Тап бүгін қысылтаяң шақта сол өнеріңнің пайдасы тиді ме? С.Жүн. * … елі үшін еңіреп жүр емес пе, осындай қысылтаяң заманда, ел егер болғанда ері екшеліп шықпас па, мұндайда сөздің шартын елдің нарты ғана айта алады емес пе дедім. Б.Қыд.* Түбiт шарқатпен бет-аузын тұмшаланып, көзi ғана жылтыраған Сәбира тұлғалы жiгiттiң жаңағы қысылтаяң сәттегi қимыл-қайратын тағы бiр ойша елестетiп, ту сыртынан сүйсiне қарады. Т.Сәу. ~ Өтен мен Нарынбай, мына отырған Төремұрат сондай қапелімде қатер төнген қысылтаяң сәттерде етігімен су кешіп, жалаң қолмен от көсейтін ерлердің сойынан. Н.Қам. ~ Бұрын орайы келмей жүрсе, мынадай қысыл таяң кезеңді пайдаланып ежелгі арам ойларын орындамақ. Б.Тоғ. ~ Көсіліп жатқан кең дүниеден жүрісің-тұрысың есептеулі-шоттаулы, оралымсыз оқыс қимылы даттаулы осы қысылтаяң кезеңге сүйреп әкелген — сол. М.Мақ.

ҚЫСЫЛ ТАЯҢ

Қиын-қыстау, қысылшаң, қауіпті уақыт хақында. ~ Бұрын орайы келмей жүрсе, мынадай қысыл таяң кезеңді пайдаланып ежелгі арам ойларын орындамақ. Б.Тоғ. ~ Жылқылары ұрланған жуандар бұл шалды түнеугі астағы мінезі үшін жек көріп, сазайын тартқызамыз деп зығырданы қайнап қалса да, мынадай қысыл таяңда өткенді елемеген болып, қуғыншы жігіттерге жолда Жайықты ала кетуді тапсырған еді. С.Жүн. ~ Бокин болмағанда қаланың қарапайым жұмыскерлері аштан қырылатын еді, майданға ат-көлік жібере алмайтын едік! Дәл осындай қысыл таяңда оның жұмысын тергеп-тексеруге жағдай жоқ. Б.Тоғ.

ҚЫСЫ ҚЫСПАҚ, ЖАЗЫ САМАЛ

Қысы қатты, жазы жайлы. * Сол Алтаймен сол Күршімнің қысы қыспақ, жазы самал, күн жылт етсе төрт түлік мал қарағайлы Қарт Алтайдың, Алтай сынды анасының көкірегін аймаласып, тыраңдасып, мәйек басып, мамырласып жатқаны. Ж.Айм.

ҚЫСТЫҢ ҚЫРАУЛЫ КӨЗІ

Аязды күні. ~ Күн жексенбi едi. Ызғарсыз, ашық. Қыстың қыраулы көзiне шуақ ұялап, ерекше жайдары мiнез танытып тұр. Т.Сәук.

ҚЫСТЫҢ (ҚЫС) КӨЗІ ҚЫРАУДА

Қыс мезгілінің толық орнаған кезінде; қақаған аязда. * Келіп едім ақырған ақпанында, Көп-ақ екен жоғалтып, Тапқаным да… Қыстың көзі қырауда, Сарқырама, Алдымда ақтарылып жатпадың ба. М.Айт. ~ Біздің жігіттер қыстың көзі қырауда көшіп-қонатын және де пеші жоқ, булығы бітеу, тірі жан түгілі қой қамасаң да құмалағымен қатып өлетін қайдағы бір күркеге тап болатын да жүретін. Қ.Ысқ. ~ Арада бес-алты ай өтер өтпесте, қыс көзі қырауда, Шудың жайылма етегіндегі Жуантөбе аулында… М.Мағ.

ҚЫСПАҚҚА ТҮСТІ

Қысым көріп, жаны қиналды. ~ Тәуелсіздік алғаннан бергі тоғыз жыл бойы тайраңдап келген Подонок төрт тараптан бірдей қыспаққа түсіпті. Сегіз қырынан бірдей тексерілген. Бала кезінен бергі барлық ісі. М.Мағ. ~ Ұстаған балығымызды апарып нәпаха айырып жүр едік, міне, одан да қағылдық. Қатігез, қу тірлік қыспаққа сала бастады. Т.Сәук. ~ Содан соң Ауғанстан тараптан жорыққа шығып тықсырса, бiр-екi жылда Еуропаға қарай шегiнген қаңлы нәсiлi Қара теңiздiң маңайында, шамамен қазiргi Қырым, Румыния, Венгрия жерiнде қыспаққа түсiп, екi майданда соғысып, толық қырылуға тиiс. Т.Әс.