Бұрын айтылмаған, мазмұн-мәні жаңа пікір, қорытынды, лебіз. * Әлде… тоқтай қал, «қысылған қарсақ құлағымен ін қазар» деген, басыма бір тың ой тырс етіп тама қалды! Ғ.Қаб. * Ол бір кезекте Абайға жалғыз келіп, өзінің тағы бір тың ойларын әдейі оңашада айтқан. М.Әу. * … басқа тілдерге тәржімалауға көнбейтін ғажайып тіркестер, нақыл, мақал, афоризмдер, қалжыңдар, тың ойлар – міне, «Қазақ дәптерінің» мазмұны осы болмақ. Г.Бельг.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТЫҢ ПІКІР
Жаңа көзқарас; соны тұжырым. * Мұзафар Әлімбаевпен сұхбаттасу – ғанибет. Көбінесе тың пікір айтады. Ойға ой қосады. Тіл мұхитында еркін жүзеді. Мақал-мәтелді, қанатты сөздерді, тұрақты сөз тіркестерін орыс, қазақ тілдеріне аударуда алдына кісі салмайды. Сөз мәйегін ғажап сезеді. Г.Бельг.
ТЫҢ СӨЗ
Жаңа балама, қолданылмаған, соны теңеу. Бұл арада көбінесе шығармашылық тақырыпта, ақын-жазушылардың еңбегіне қатысты айтылады. * Көшіріп отырып күрсінеді, күңіренеді. Бір сөзге екінші сөзді мінгестіріп, оны іле-шала сызып, тың сөз іздеп, сызғылайды келіп, өзін де, басқаны да әуре етеді. Г.Бель. * Абай ойлана сүйсінді. – Мынау бір естілмеген тың сөз екен-ау! – деп, Дәрменге қарап еді. М.Әу. * — Өліара…— деді Елтай. Деді де таң қалды: бұрын аузына түспеген тың сөз. М. Қаб. * Топ ішіне арызшының бірі боп кіріп отырып, өз құлағыммен естіген бір-екі сөзім болды. Соны сізге әдейі айтайын! — деп, тың сөзге ауысты. М.Әу.
ТЫНЫСЫН ІШІНЕ ТАРТҚАНДАЙ
Мүлгіген тыныштық туралы. ~ …әрбір дыбысқа елеңдеп анда-санда пысқырып, шұлғып, құлақтарын тігіп ентелеп келе жатты. Төңірек тынысын ішіне тартқандай үнсіз, тып-тыныш, ешбір дыбыс білінбейді. С.Сей.
ТЫҢ ТАҚЫРЫП
Бұрын қозғалмаған, жаңа тақырып. * Осылай мықтың үйі – ел аузында жүрсе де, ғылыми тұрғыдан біздің дәуірімізге дейін ашылмай келген тың тақырып. Ж.Баб. * О, тамаша. Біздің қазақ балалары үшін нағыз қажет, тың тақырып екен деп, табанда редакция қызметкерлерін жинап, повесті дауыстап оқуды ұйымдастырды. Б.Соқп. * Кәдімгі жеп жүрген жүзімнің егілгеніне жиырма бес мың жыл болған екен. Жиырма бес мың жыл бұрын кім екті? Өзбек пе, қазақ па? Бұл – енді зерттеуді қажет ететін тың тақырып. Ж.Баб.
ТЫНЫСЫН ТАРЫЛТТЫ
Қыспаққа алды; аяқ бастырмады; күн көрсетпеді. ~ Оған өзінше себеп бар: бұрын Қарақоғаның күн батыс жағында шоқиған, мыжырайған, қара шұбарланған он шақты ғана үй отыратын еді; тап бұл кезде бұл он үйдің маңында адам тынысын тарылтқандай таршылық, тығызшылық болмайтын еді; үй көлеңкесінде қатын-қалаш, қыз-қырқын жүн түтіп, түбіт иіріп, іс тігіп уақыт оздырар еді; жер ортасы болған адамдар, нақ мынадай ыстыққа көйлекшең, дамбалшаң, аяққа мәсіні я киіп, я кимей, елтірі бөрікті жымқыра киіп, пысынап, терлеп, шаппа шотпен тықылдатып ағаш шауып отырар еді… Б.Майл. * … Есеней оның түпкі ниетін болжаған да, Өсіпті екі бүйірінен қысып, бір жағына Сибаннан өзін ақтайтын,көп үйлі Жәйілғанды, екінші жағына ең көп Сибан Күңгөнені қоныстатып, тынысын тарылтып ұстаған. С.Мұқ. * Бұл бұлқынуға келтірмей, ұлттық көтерілістің тынысын тарылтып, жолын кесті… Ол да қазақтың соры ғой! Т.Рыск. * Тұтастығы жоқ, князь-князь боп, әрқайсысы әр жаққа тартқан быт-шыт халық еді. Желкесінен швед басып, бүйірінен Литваның көк сүңгісі қадалып, тынысын тарылта бастады. Т.Сәук.
ТЫҢ ТҰЯҚ
Күш-қуаты сарқылмаған, қауқарлы д.м. * «Жұттан аман қалар ел бар ма? Қазірде тың тұяқ тұрған кімдер?» дескен уақытта, Базаралы: – Ат төбеліндей аз ауылдар аман болар. Ырғызбай, Көтібақ, Жігітек, Бөкенші ішінде жақсы қыстау алып, жерді мол басқан ауылдар әзір қысылған жоқ, — деді. М.Әу. * Заманнан заман озғанда, пәлен ғасыр, неше жүз, әлденеше мың жылдан соң, ата жұртта, шын еркіндікте күн кешіп жатқан жаңа бір әулет, тың тұяғымның түсіне кірем, яғни ешқашан өлмеймін, ұрпақтан ұрпақтың санасына өтіп, қанша мәрте, бәлкім, мәңгіге қайта тірілуге мүмкіндігім бар деген жіптік сәуле ғана көңілге медеу. М.Мағ. ~ Сыртына шығарып айтпаса да Несіпбай сонда: "Құлжатай байғұс босқа еңбек етіп жүр ғой, басқа тың тұяқтау біреуді асырасайшы. Мынау сынып кетіпті, ісік мынау. Орнынан тұрудан қалыпты. Не болар дейсің?" — деп еді. М.Әу.
ТЫНЫШ ЖАТА АЛМАДЫ
Әрекетсіз қала алмады, бейтарап бола алмады, бірдеңе істеу керек болды. * Бақтығұл бұл әңгімеден соң тыныштан тыныш жата алмады. М.Әу. * Есеней Стап емханасында да тыныш жата алмады. Ғ.Мүс. * – Шырағым, Көжек,– деп бастады қарт дымқыл тартқан кәрі көзімен Көжекті сынай шолып өтіп.– Аттанады деген хабарыңды естіп тыныш жата алмадым. Т.Ахт. * Ақбөбектің даңқы айналаға тез жайылды. Айға дейін кісі аяғы басылмады. Аяқ жетер жердің адамы келінді көруге асықты. «Мың естігеннен бір көрген артықты» білетін қазақ үйде тыныш жата алмады. Ү.Жәл. ~ — Босқыншылыққа ұшыраған жай бар, — деді Жезкиік. — Ел шетіне жау тигенде, қалайша тыныш жата аламыз? Бәріміз де саған мұңымызды шағуға келгенбіз. Егер ел қамын ойлайтын ұл екенің рас болса, бүгіннен бастап ұйқың қашады, батыр. Ш.Вйт. ~ Ұзақ жылдық әскери еңбегімнің есесіне мен запастағы полковник ретінде қайғысыз-қамсыз жата беруіме болар еді. Бірақ запастағы азамат ретінде тып-тыныш жата беруіме арым төзбеді. Ә.Нұрш.
ТЫҢ ТЫҢДАДЫ
Құлағын тосты, ынта салды, ден қойды. * Басындағы үлкен орамал қайта-қайта шұбатылып бетіне түсе береді. Және тың тыңдауға құлағын да кептей берді. М.Әу. ~ Тоңған жоқ па? Қарындары ашқан жоқ па? Үсті-бастары қан сияқты еді, ол жуылды ма екен? Осыны білетін кім? Білу кімге міндет? Етікбай кілеттің о жер-бұ жеріне барып сығалады, тың тыңдады. Мінайдарға жалтақтап қарады, ашқызып көрмекші ме екен? Б.Майл. ~ Айдың әлсіз сәулесі бір кезде босаға саңлауынан біреу өткенін көрсетті. Бәтима тұла бойы шымыр етіп, «сол!» деді. Иә, «сол». Киіз есікті жамыла тұрып, аз ғана тың тыңдады. Құлағы қандай естімпаз! Кемпірдің болмашы пысылын ести сала, қос ашпалы есіктің дереу бір жағын ашып, босаға аттады. Ғ.Мұст.~ — Сол оттың басында күн көтерілгенше отырдым да, түндегі ұрылар меңзеген жаққа қарай жүріп кеттім. Әлі жүріп келемін, әлі жүріп келемін, ел қарасы әлі жоқ. Ауық-ауық тың тыңдаймын. Ешбір дыбыс білінбейді. Ә.Әб. * Шабарман отырған жерінен қамшысының сабына сүйене атып тұрып есікке беттеді. Қос есікті шалқайта ашып қалғанда тың тыңдап тұрған қыздың басына сарт ете түсті. С.Досж. * Анда-санда бозторғайдың дауысына салып шырылдап қоямын да, демімді ішіме тартып тың тыңдаймын. Ж.Сәмит. * Бұлт арасынан жарқырап ай көрінгенде, жүгіріп сайдың ішіне түсті. Ұры адамдай жан–жағыңа жалтақтап, тың тыңдап, әр жерге бір тоқтайды. Т.Әбд. * Нартуған таң әлетііндегі дала тіршілігінің сылдыр-сыбдыры көбейіп кететінін бүгін ғана аңдағандай, демін ішіне тартып алып тың тыңдайды. О.Сәрс.
ТЫНЫШ ЖАТҚАН ЖЫЛАННЫҢ ҚҰЙРЫҒЫН БАСТЫ
Өзі тиісіп, пәлеге ұрынды. * Өз жерін қорғау, намысын таптатпау –ерлердің парызы. Тыныш жатқан жыланның құйрығын кім басқанын өзіңіз де аңғарып отырсыз. Ж.Шәк. * -Кәпірлерге обал жоқ. Тыныш жатқан жыланның құйрығын басқан өздері. Ж.Шәк,
