Жеке шаңырақ. ~ Ой, әлгі сойысқа беретін малдарың кайда?! – деп ақырды елуба- сы, – кеше елу қой сойыс осы ондықтың түтін басына бөлініп еді ғой!.. Бір ғана маған келген сыйлық емес қой бұл! Қ.Шабд. ~ Ол тұрмақ боздағын оққа қиып, қаралы үн салып, қол қусырып қалған түтін басы санағысыз! Желек астындағы жас келіндер қара жамылып боздады! Ж.Ахм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТҮТІН САЛДЫ
Аңды, жәндікті інінен шығару үшін немесе масадан қорғану үшін от жағып,түтін жіберу. ~ Қарсы беткейдегі аз-маз ғана тайқы, түгі тусырылған тепсеңге жапырлата, дөңгелек, аппақ бірдеңелер орнатты. Үялары екен. Иісі бой тітіретер ащы түтін салып, қызыл тілі қу даладан үрей туғызар, лаулай жалаңдаған сансыз от жақты. М.Мағ. * Кешегі дарқан заманды қақыратқалы тұрған қилы күннің нышаны. Інге түтін салғандай ірге бағып отырған жымысқы жау бүгін-ертең орданың ойранын шығарады. Тақ мініп, тәж киген бұл екеуін дарға асады. Ә.Кек. ~ — Аба, сен осы арада бол, — деді Шыңғыс. — Аттарды ағыт та, күймеге байлап, жел жағынан түтін сал. Әйтпесе, мына қалың маса шыдатпас. С.Мұқ. ~ Күз орталана бере басталды сойқан, — деді Еркетай мұная сыңсып. — Інге түтін салып тұншықтырды. Темір серіппеге аяғын шаптырып алғандар тірідей қолға түсті. Ө.Кәр. Жөнсіз тиісті д.м. * Манағыдай емес, қонақтар қызарып-қызып сөйлегенде бірінің иығына бірі асылып, көздері кішірейіп, бірін-бірі тізеге салып қап, стаканды кейбірі түсіріп алып, шылымдар да қалай болса солай, үстелде жатып қалатын күйге ұшырады. Орысшаласу, түтін салысу, күлісу… мидай араласты. Ж.Айм. * (Әлдекімдер құсап, бір кездегі бірер күн дәмдестікті бұлдап, қыр соңына түтін салып, міндетсіп салмақ салатын біздер ме?); бірбірімізге деген ықылас-тілек қалтқысыз-тын Ш.Құм.
ТҮСІ СЫНЫҚ
Көңілсіз, ренішті жүз. ~ * Дәл қазір астындағы атын түсіп беретінін айтқанда, Бөкпенбай, шырқ бұзып қайтеміз?!» деп Кәденге қарайлады. Үшеуі ордаға қайтып келгенде, түстері сынық еді. Т.Әлімқ. ~ Еламан жаққа көз тастап қысқалау амандасты да, төрге шықпай есік жаққа, қазандыққа шынтағын сүйеп отырды. Түсі сынық. Киімі жұпыны. Ә.Нұрп.
ТҮТІН ТҮТЕТТІ
Отасын құрып, өз алдына үй болды. ~ Қайтадан түтін түтетіп, қайтадан шаңырақ көтеріп отырған аяулы азаматтың көңіліндегі үміт сәулесін біржола үзуге дәтім бармады. М.Мағ. ~ Бас құрап, шаңырақ көтеру, түтін түтету, түсінісіп тіл табысу қиын. Ал оны бұзып, қара қазанды қақ бөлу — оңай. М.Сүн. ~ Оспан ақсақал соғысқа қатысып, ит қорлықпен елге елуінші жылдардың аяғында әрең оралған. Жәмила деген жүрегі жаралы соқа бас келіншекпен тұздары жарасып, түтін түтетті. З.Жүк.
ТҮС ЖОРЫДЫ
Түске енген жағдайларға қатысты жорамал айтты. ~ Қанат оның оң ұртындағы әдемі шұңқырға көзі түскеннен-ақ бір түс жорытқалы келе жатқанын сезеді де: — Бүгін қандай түс көрдің? — деді күліп. Н.Сер. ~ Ендеше, оқып көр, — деп Бескемпір шалқалап жатты. Қыздың кекжиген иегін көрді, қараңғыда аппақ бұғағы қара суда жүзген аққудың алқым төсіндей көрінді. — Түнде түс жорымайды дейді қазақ. Дегенмен, азабың көп болса да сен бақытты екенсің. Қ.Ысқ.
ТҮПТІ ТҮГЕНДЕП, ТЕКТІ ЕКШЕДІ
Ата-бабасын, шыққан тегін тәптіштеді. ~ Бурыл сақалы омырауын жауып, сапарлы мұртты құлағына жететін балуан бітімді дембелше қарт күні бүгінгідей көз алдымда. Құйрық-жалы төгілген тобылғы түсті тор биесін сағалдырығынан ұстап құдықтан суарып келе жатқанының өзі сурет сияқты да. Түпті түгендеп, текті екшейтін кез бе ол. С.Ақт.
ТҮС КӨРГЕНДЕЙ (БОЛДЫ)
Өңінде болған іске сенер-сенбесін білмеді. ~ Шеге Апанастың қолын танитын. Қол сонікі. Шеге түс көргендей әуре-сарсаң. Дүние табан астында төңкеріліп астын-үстін болғандай. С.Ел. ~ Бұдан соң әңгіменің берекесі қашты. Біз орнымыздан түрегеліп, құшақтастық. Одан әрі не болғаны түс көргендей. М.Кәр.
ТҮПТІҢ ТҮБІНДЕ
Ақыр соңында, әйтеуір бір д.м. ~ «Бала тууды жоспарлау» дегенді шығарып жүргендер — табиғат заңына, Құдайдың құдіретіне қарсылар. Ондай «белсенділер» түптің түбінде Жаратқан Құдіреттің қаһарына ұшырайды. Ш.Мұрт. * Түптің түбінде қатын алу ойыңда бар ма, жоқ па өзі? Елтай күлді де қойды. Абыралыға дауа жоқ — кемінде он сұрақты кезегімен сатылап қойғаныңда барып, не дегенін болжамдап әрең түсінесің. Ойланып еді, расымен түптің түбінде үйлену керек екен. М.Қаб. ~ Ақбергеннің суреттері тобыр түсінікке арналмаған. Одан биік, одан гөрі жоғары. Кеудесінде көзі барлар кездесер түптің түбінде. Қ.Жиен.
ТҮС ТҮЛКІНІҢ БОҒЫ
Түске пәлендей мән берудің жөні жоқ д.м. ~ Көзге көрінген қатер болмаған соң, жиналған жұрт Тайшықтың түсін жақсылыққа жорып: «Е, тақсыр, түс түлкінің боғы болады, қорықпаңыз, еш нәрсе етпейді!»—десіп қауқылдасқан еді. А.Сей. ~ Әліптің әйелі Мәмила бәйбіше сыр білгі күйеуі айтқан жаман түсті естігенде жүрегі шошып, іштей үркіп отырса да: «ой, сабазым-ай, түс түлкінің боғы емес пе, – деп қинала жымыиды. Ж.Шәк.
ТҮРЕ ҚУДЫ
Өкшелей, ізбе-із жүріп отырып, артынан қуды. ~ Сол- ақ екен, мыңдаған қоңыр лашындар қара құрттай қаптап, орманды тастап, қазақ- орыстарды құздың түкпіріне қарай түре қуды. Ж.Айм. ~ Сағынай, бері қара! Қасыңа он жігіт алып, анау шеткі ауылдан бастап, жылқыларды түре қуасың. Бізге қарама, Сарбұлақ асып, Ақназарға қосыл! З.Шүк. ~ Колхоз екі күн ішінде станцияға тағы да төрт шана астық жіберуі керек, ал ол майданға жіберілетін астық, жауды түре қуып бара жатқан қаһарман қызыл әскердің, майданда қан кешіп жүрген әкелеріміз бен ағаларымыздың азығы. С.Мұр.
