Төзімді, шыдамы зор. ~ Таңдайы кеуіп, ыстық желден жапырақсыз жан сауғалаған сексеуілдей болу үшін мол шыдам мен бүрлі табан төзімділік қажет-ақ. АҚ («Сексеуіл»).
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БҮРКІТШЕ БҮРДІ
Үстіне төне кетті. ~ Жонына шойын тағалағандай, апасы сіресіп қалса да, елемей, шыңғырған дауысқа қарай үкідей ұшып келеді. Қызын бүркітше бүріп, илеп жатқан екі орысты анасы екпінімен келіп игеріп тастап, балапанын басқан ана құстай, баласын бас салды. Ж.Айм.
БҮРКІТ ҚАБАҚ
Сұсты, қабағынан қар жауған. ~ Ақ бура желкілдеген ақ шудасы, Ойнақтап сол жерлерден талай асқан. Бейне бір бүркіт қабақ қас батырлар – Көкшенің ойға шомған асқары бар. Т.Әл. ~ Кешіп өтіп кешегі от-жалыннан, Дүниеге ерлігімен танылған. Кең жаурынды, Талғардай тік шықты, Бөрі кеуде, бүркіт қабақ Бауыржан. С.Мәу.
БҮРГЕДЕЙ СЕКІРДІ
Шапшаң қимылдап, тыным таппайтын адам туралы. * Арай: «Қалпе мені тағы үшкіргелі келді ме, — деп ойлады. — Жарықтық, мен алғаш осы елге келін боп түскенде осындай еді, әлі бүргедей секіреді». Ш.Мұрт.
БҮРГЕ ШАҚҚАНДАЙ КӨРМЕДІ
Елемеді, санаспады, мән бермеді. ~ Бәрінен де бұның жанына сол батып кетті. Бұл оған түтіп жейтіндей шүйліккенде бүрге шаққандай көрген жоқ. «Неге жауап бермейсің?» — деп тепсінгенде барып зорға назар аударды. Ә.Кек.
БҮР ЖАРДЫ
Ашылды, гүлдеді. * Бойында дарын дәні бүр жара бастаған талапты жастарды табу, тырнақалды туындысын баспасөзде жариялап, талант көзін ашу Биағаңның кейін ұдайғы дағдысына айналды. Қ.Ерг.
БҮЛКІЛ ҚАҚТЫ
Дүрсілдеді, жүрек қағысы күшейді. * Дереу мәжіліс басталды. Отырысты көп аға, Қоңырау қақты топ аға, Бүйірі бүлкіл қақты кеп. М.Жұм. * Қадыр күрсілдеп дем алды. Төскейдей көкірегіне бақырдай басы салбырады. Қола мойнының білеу тамырлары бүлкіл қақты. Ж.Айм. * Шиыршық атып, тырсылдаған тамырларым солғын тарта бастады. Жүрегім жайдағыдай жалаулап, бүлкіл қақты. Жүйелерім босады. Жаным жай тапты. Ж.Айм. * Шанада отырған қатын, бала- шаға қарай- қарай eттi. Городовойдың көзі жымыңдады. Мас кісідей сенделді, epнi бүлкіл қағып қоя берді. М.Дәул.
БҮЛКІЛ ЖЕЛІС
Аттың бір қалыпты шабысы. * МТС- тан шығарда заулай жөнелгенімен, биік дөңді асып, ауылға баратын даланың сүрлеу жолына түскеннен кейін Шағыр көз жиреннің әлгіндегі екпіні бәсеңсіп, бүлкіл желіске ауысты. С.Мұр. * Сол алғашқы ащы айғай үстінде шырқау көкке шығып алып, біраз қалықтап тұрады да, содан қайта сорғалап, майда бүлкіл желіске ауысады. Қ.Жұм. * Аттардың жүрісі бәсеңдеп, бұлаң құйрық бүлкіл желіске түскенде, Күнбала жұмсақ қоңыр даусымен үн қатты. С.Ом.
БҮЛКЕК ҚАҚТЫ
Жорта жөнелді. ~ Сіздің үй көк бояулы темір қақпа, Кешкілік бүлкек қағып, со бір жаққа. Атыңды бормен сызып кететінмін, Толтырып тор жәшікті небір хатқа. Б.Хал.
БҮЛІК САЛДЫ
Дау көтерді, шатақ шығарды. ~ Енді мынау: іргеден шығарып әкетем деп бүлік салып отырғаны… Дүйсен. Бүлік салған ешкім жоқ. Жалбыр. Бүлік салмаса, қаладан неге отряд шақыртады? Б.Май. ~ Соның бірі украин жерінде көп уақытқа дейін бүлік салып, мазасыз болған Махно әрекеті жайында болды. C.Бег.

