БӨРІКТІРЕ ҚУДЫ

У-шу қылып ығыстырды. Қыр соңынан қалмады, ұрандатып қуды. ~ Дұрысында да солай, Үш жүздің найза ұстап, ат мініп, жарақ асынарлық адамы тегісінен Арқа жаққа жорыққа кеткелі ай жарымдай болды. Шығыс бетте Жоңғарды жеңіп, бөріктіре қуып, біраз қоныс алғанына бірнеше-ақ жыл. А.Байт. ~ Сол сұрақ Нұртайдың көкейін тесіп тұр. Алғашқы шыққан батыры мерт болса, жау да абыржиды. Соны пайдаланып мына тұрған қырық жігітті бөріктіріп қуар еді… Қазақтар қайта ес жиып үлгіргенше, қара үздіріп сытылып кетеді… З.Шүк.

БӨРІКТІРЕ ҚУДЫ Read More

БӨРІКТІНІҢ НАМЫСЫ БІР

Ер азаматтар қиын тұста бір-біріне қолдау көрсетеді д.м. ~ Пендесі хақ жаратқан емес бірдей, Хан, қара, би, төре мен кәрі-жас та. Намысы бөріктінің бір деген бар, Білсеңіз, сізге ұят, бұл рас па? М.Дул. ~ Бөрі хайуандардың ақсақ — тоқтағы мен жарымжан ауруын ғана жейді, — деп Аян түсіндіре бастап еді, «бөріктінің намысы бір», бұл жолы арашаға орыс шалы киліге кетті… Қ.Ыс.

БӨРІКТІНІҢ НАМЫСЫ БІР Read More

БӨРІКТЕЙ ШАШ

Дудыраған, қалың шаш. ~ Сахнаға үстінде ақ көйлегі, қара костюмі, қара банты бар, бөріктей қою қара шашын сәл толқындата тараған, үлкен қоңыр көздері сәл күлімдей Сырым шықты. І.Ес.

БӨРІКТЕЙ ШАШ Read More

БӨРІКТЕЙ ҰШТЫ (ҰШЫП ТҮСТІ)

Бір ұрғаннан қалмады, тоңқалаң асты, аяғы аспаннан келді. ~ Қазір соғыстан басқа әңгіме сөз емес. Жауды жеңбей тоқтамаймыз!—деп булығып, бақырып тұрғанда, қасына барған матростар: —Долой война!—деп офицерді қағып жіберді. Офицер трибунадан бөріктей ұшты. Оны жұмысшылар қағып алып, көтеріп әкетті. І.Жан. ~ Атақты жүйрік Құла өзге аттарға омыраулап жетіп барғанда, оның үстіндегі адам Балуанияздың бір сілтеуінен бөріктей ұшып түседі. А.Өт.

БӨРІКТЕЙ ҰШТЫ (ҰШЫП ТҮСТІ) Read More

БӨРІКТЕЙ ҚАҚТЫ (ЛАҚТЫРДЫ)

Оп-оңай алып ұрды, тоңқалаң асырды. ~ Бұқа мойын, бура сан, Бұғалық бермес шу асау, Талайлар қорқып бұққан ер. He нәндерді бөріктей Қағып сілкіп циркті, Қалаларды құртқан ер. І.Жан. ~ Шоршыған да, ыршыған, Шегіртке сары, оқ жылан. Бөденелер бөріктей Қаққанынан соғылған. І.Жан. ~ Қылышын суырып қарсы ұмтылған кейбір ер жүректі жігіттерді, сермеулеріне мұрсат бермей, ұзын тұмсықтарымен қағып жіберіп бөріктей лақтырды. Хизар іші, пілдің ашулы дауыстарымен адамдардың үрейлері үніне толды. І.Ес.

БӨРІКТЕЙ ҚАҚТЫ (ЛАҚТЫРДЫ) Read More

БӨРІКПЕН ҰРЫП АЛДЫ

Оп-оңай, қиналмай жеңу туралы. ~ Сәмет Нұртайлардың бұл өрескел әрекетіне пәлендей мән бере қоймады. Оларды бөрікпен ұрып алатын жердегі оңай жауға санайды екен. С.Ом. ~ Сенімен нараду, келісім табамын деп адасып, алжасып келіппін, сенімен қарарға келе алман. Сен Совет өкіметін әлі білмепсің. Сен оны бөрікпен ұрып алатындай көресің. Б.Қыд.

БӨРІКПЕН ҰРЫП АЛДЫ Read More

БӨРІККЕН ҚОЙДАЙ

Үркіп, ұйлығып тұра қалды. ~ Исекем, ренжітпейін деп кідіріп едім. Бірақ көңілге алғандығымды айтпай тынар емеспін. Бөліне көшкен ел, бөріккен қойдай болып жатыр. Жарыла көшкен ел, жаралы қойдай болып жатыр. М.Әбд.

БӨРІККЕН ҚОЙДАЙ Read More

БӨРІК КИГЕН

Ер азамат. ~ Солар ма тек ердің соңы, Бөрік киген қалмады ма? Сансыз керуен елдің соры, Кім шыдайды салмағына? Ж.Молд. ~ – Жеңгей ештеңе етпес, бөрік киген атымызға ұят. Әрі ағаймен кең далада оңаша әңгімелескеннің өзі бір ғанибет емес пе. АҚ «Үш хикаят». ~ Жол болсын! Екі-үш күнсіз орала қоймаспыз,- деп, аға алға түсіп жорта жөнелді. Бөрік киген атым бар емеспе, торы төбелді сипай қамшылап, ағаймен қатарласып келемін. АҚ «Үш хикаят».

БӨРІК КИГЕН Read More