БӨРІДЕЙ ШУЛАДЫ

Азан-қазаны шықты. ~ Бөрідей шулап, түнде өрген, Көздеді қанша сұр мерген. Р.Нияз. ~ Әттең білмедім ғой. Қара басып сенің үстіңе шығармын ба! Обалыңа қалдым-ау! Ана бөрідей шулаған немелер енді итше таласып, бәйгемізді бөлісе алмай жатыр. Оһ, ит өмір. Енді күреске шықсам, аруақ ұрсын, ант атсын!— деп Әліпқали алдында өзін кінәлі санаған еңгезердей Жасағанның екі иіні селкілдеп, балаша егіліп жылап отыр. С.Жүн. ~ Солай… Мынау кімдікі деп түстеп келгенде бәрі қашады. Ал біреуін ұстап көрші, бүкіл аудан бөрідей шуласын!.. Қ.Ысқ. ~ Зейнетке шыққан кісінің уақыты қисапсыз көп болатынын сендер қашан көргенше айналайын Жер мен Көктің арасындағы болжағыштар бөрідей шулап, таласа айтып, тосып жүрген топан судың келіп қалуы мүмкін. Ғ.Қаб.

БӨРІДЕЙ ШУЛАДЫ Read More

БӨРІДЕЙ ТИДІ

Қырғын салды. ~ Асанды талай тосқауылдап, өлтірудің ретін таба алмаған Алатай, Жансарыға қараған бес-алты үйдің қой, тайша-торпақ, тай-құлын сықылды малдарына бөрідей тиді. Құрығы жеткен малды ол жасырып та, көрсетіп те сойып жей берді. С.Мұқ.

БӨРІДЕЙ ТИДІ Read More

БӨРІДЕЙ БӨРІКТІРДІ

Есін шығарды, азан-қазан қылып шулатты. ~ Алдыңғысы азайып, кейінгісі молайған тұс екен, енді не істеген лазым? Қасқырдай қасарысатын, бөрідей бөріктіретін заман әлдеқашан өтіп кеткен!.. Алдыңғысы азайып, кейінгісі молайған тұс екен, енді не істеген лазым? Қасқырдай қасарысатын, бөрідей бөріктіретін заман әлдеқашан өтіп кеткен!.. И.Сап.

БӨРІДЕЙ БӨРІКТІРДІ Read More

БӨРІ ШАПҚАНДАЙ БАЖЫЛДАДЫ

Тыныш жатқан елді дүрліктіріп, ойбайға басты. ~ Тіпті кейде шопан екенін де ұмытып кетеді. Ондайда мал есіне түсісімен айналасына тінте көз жіберіп алады да, бөрі шапқандай бажылдай бастайды. Оның күндей күркіреген күшті дауысынан шошынған қойлар бетегелі жазықпен үрке жосылып кеп, қойшы жанында үрпиісіп біраз тұрады да, қайта тарап кетеді. Ә.Әл.

БӨРІ ШАПҚАНДАЙ БАЖЫЛДАДЫ Read More

БӨРІ ТИГЕНДЕЙ ШУЛАТТЫ

Азан-қазан қылып, есін шығарды, аяғынан тік тұрғызды. ~ Сол саладағы «Шеген құдық» басын бөрі тигендей шулатқан Құныскерей, тергеу орындарының жұма қойса алақанында тұрған сияқты еді. Х.Ес. ~ Жұдырығымды жиі иіскесе тілі шығады, шындығы ашылады, бұл пәленің. Айтпақшы, таң атып қалыпты-ау, асқазаным бөрі тигендей шуылдап барады». Д.Дос.

БӨРІ ТИГЕНДЕЙ ШУЛАТТЫ Read More

БӨРІ ТИГЕНДЕЙ БӨРЛІКТІРДІ

Жаудың есін шығара ойран салды. ~ Хан әскер шығарып ұрыс ашпаса да, шет ұлыстағы аусар жігіттер оқтын-оқтын бас біріктіріп барып, ойраттардың шеткері отырған ауылдарын бөрі тигендей бөрліктіріп кетіп жүруші еді. Ә.Кек. ~ Әлгінде ғана бұтқа толып келе жатқан сабаздарды бөрі тигендей бөрліктіріп, тым-тырақай еткенінен бір түрлі кеудесінің басына кептеліп тұрған зіл сәл де болса, жеңілейгендей көретін. Ә.Кек. ~ Шіркін, сол бір жылдар-ай десейші! Қаратаудың күнгей бетін, Алатаудың теріскейін туырыла жайлап жатқан қалың қалмақты бөрі тигендей бөрліктіріп еді-ау! Ә.Кек.

БӨРІ ТИГЕНДЕЙ БӨРЛІКТІРДІ Read More

БӨРІ ТИГЕН ҚОЙДАЙ (ҚЫЛДЫ)

Азан-қазан қылып шулатты, тұс-тұсына қуды. ~ Шамырайдың Обаған бойын мекендеген ауылдарды бара сала бөрі тиген қойдай быт-шыт қылған хабары, Айғанымның құлағына да шалынған еді … С.Мұқ. ~ О да атадан туады, Бұ да атадан туады. Он бестейін жиып ап Арқанға тартып буады. Бөрі тиген қойдай қып Тұс-тұсына қуады. «Мұңлық -Зарлық».

БӨРІ ТИГЕН ҚОЙДАЙ (ҚЫЛДЫ) Read More

БӨРІ СЫРҒАҚ

Ат құлағы көрінбейтін боранды күндер. ~ Көпті көрген көнекөз қариялар қасқырлардың жұптасуына орай қаңтардың осы түнін «Бөрі сырғақ» деп атайды. Сырғақ деудің себебі қатты соққан бораннан қар үстінде ештеңе тұра алмай, сырғанап ұшып кетеді. Е.Сах.~ Үй қабырғасын аямай ысқылап, тоқал тамның төбесін арсыл-гүрсіл көшіріп жатыр. Атақты бөрі сырғақ боранның үшінші күні. К.Жүніст. ~ Түкірсең түкірігің жерге түспейтін сары аязды күндер болады. Ат құлағы көрінбейтін боранды күндер «Бөрі сырғақ» амалында басталады. Осы қақаған боранды ақпан айының аяғында қасқырдың арланы мен қаншығы жұптасады. Ж.Баб. ~ Ақырды ақпан тағы, бөрі сырғақ, Өлеңім, өзегімнің өрісін тап! Ақ таңда ақбоз мініп арқырасам – Бөрі сырғақ әуені тегіс ырғақ. Ғ.Жай.

БӨРІ СЫРҒАҚ Read More

БӨРІ ҚҰРСАҚТАНДЫ

Аттан түспеді, ашықты, аш құрсақтана жортты. ~ Оқшау төбе басында Қалдан жалғыз отыр. Бөрі құрсақтанып үңіреңдеп жүрген қолы қызуы енді- енді күшейіп келе жатқан қырық күндік шілденің сәске шамасында лаулатып от жағып, қақтап ет пісіріп, ас қамына кірісіпті. С.См.

БӨРІ ҚҰРСАҚТАНДЫ Read More