БӨРКІН ЖЕРГЕ АЛЫП (БҰЛҒАП) ҰРДЫ

Әлдебір іске тәуекел деп, бел шешіп кірісті. ~ Домбыра даусы шыққан соң Жүсіп әлденеге қызынайын деді білем, бөркін жерге алып ұрып жалаңбастанып: – Өне бойы кейи берген соң адамның мүлде берекесі кетеді екен, азырақ көңіл көтерілсін – ән салып жіберші! – деді. Б.Май (?). («Тартыс») ~ Әй, әй, Жорға! Сен, сен, не оттап тұрсың, әй!— деп ышқынып қалды шырылдауық Шәріп. Дыз етіп елдің алдына жүгіріп шығып, басындағы бөркін жерге бұлғап ұрды. Жердің шаңы бұрқ етті. Жорға Күрең селк етті. Жұрт үрпиіп қалды. С.Ел. ~ Аянатын нем бар? – деді Қасболат, – сендермен бірге боламын, елдегі өзім деген кедей – жалшыларды қасыма ертіп, уәде айтқан жерлеріңе жетемін. – Осыны айтты да, жауға шабатын батырдай буырқана түрегеліп, басындағы бөркін жерге алып ұрды. С.Ом.

БӨРКІН ЖЕРГЕ АЛЫП (БҰЛҒАП) ҰРДЫ Read More

БӨРКІН АСПАНҒА ЛАҚТЫРДЫ (ТАСТАДЫ)

Қатты қуанудың, шаттанудың ишарасы. ~ Орыстар қаладан егінге, шөпке, тоғанға, малға, жолға ылғи жасақпен көптесіп жүруші еді. Сондықтан Қытайдан мына бөлініп шыққан тараншы, дүңген сықылды жерге еңбек сіңіретін халықтарға орыс бөркін аспанға тастап қарсы алды. І.Жан. ~ Иман алысқа барып түскен бөркін алды да, енді аспанға өзі лақтырды: — Ғайниза жеңгей, сүйінші!.. Сүйінші!-деп бар дауысымен айдалаға айғай салды. Ә.Әб.

БӨРКІН АСПАНҒА ЛАҚТЫРДЫ (ТАСТАДЫ) Read More

БӨРКІН АСПАНҒА АТТЫ

Қуанышына ие бола алмай қалды. ~ Жер түбінен шауып келген хабаршысының әлі күнге екі езуін жиып үлгере алмай тұрғанына қарағанда, батыр бөркін аспанға атып жатқан сияқты. Бармай болмайды екен… Ә.Кек. * Бүгін қолы жеткен болмашы бірдеңеге мәз боп бөркін аспанға атқан адам ертең әлдебір шаруасы ойлаған жерден шықпаса, құдды суы тартылған көлдей көңілі пәс бола қалатыны не? Неге сүйтеді? Ә.Нұрп.* Әсіресе баяғы Шығайбайдың құрт-құмырсқадай өрген немента- шөментай ұрпағы – Мырқымбай Қарабайыштар жыртық бөркін аспанға атты. Т.Сәук. ~ Сөнсе де арман, аспаның күйіп, Сауапты бір іс бастадың біліп. Орта жүз бөркін аспанға атты, Әпекең мектеп ашқанын біліп. Б.Рай.

БӨРКІН АСПАНҒА АТТЫ Read More

БӨРКІН АЛШЫСЫНАН КИДІ

Аспанға қолы жеткендей болды, көкірегін көтерді. * Оның бер жағында, Атбасарда ашылған «Бірлік» атты тұтынушылар қоғамының басқарма мүшелігіне еткен. Бөркін алшысынан киіп, шаш етектен пайда тапты. С.Ом.

БӨРКІН АЛШЫСЫНАН КИДІ Read More

БӨРКІ ДАҒАРАДАЙ БОЛДЫ

Масаттанды, мейманасы асты, танауын көкке көтерді. * Арғы түбі Төбейдің төрт баласы — Қоғам, Құйылдар, Мекірейіл, Майқыдан тараған мына Абақ, Тарақ, Қаңлы, Қатаған әулеті — бүгін біз Ұлы жүз атаныппыз. Бірақ оған бөркіміз дағарадай бола бермесін. Біздің де құдайдың аузынан, пайғамбардың белінен түспегеніміз белгілі. Ә.Кек. * Сөйтіп бөркі дағарадай боп жүріп, туған інісінің сөзін жерге тастапты. Ш.Айт. ~ Айналасын аждаһадай жұтып, ойраттардың бөркін дағарадай еткен Қалдан Бесоқты да көп асқанға бір тосқанның керіне ұшырап, жиырма алты жыл қонтайшылық құрғаннан кейін бір ақ нөсер сіркіреген көктем түнінде Аша-атымтай деген жерде елу екі жасында у ішіп өліпті. Ә.Кек.

БӨРКІ ДАҒАРАДАЙ БОЛДЫ Read More

БӨРКІ (ҚАРА) ҚАЗАНДАЙ (БОЛДЫ)

Мәз-мәйрам болды; мақтанды; кісімсіді; есіріп кетті, әлдеғандай болды, кеудесіне нан пісті. ~ Алшынбай. «Тентекті тентек десе, бөркі қара қазандай болады» деп, бетімен кеткендердің сойқанды содырына кездесіп отырғанымыз жалғыз бұл емес. Б.Майл. * Ел тонау, мал тонау, оққа ұшу, найзаның ұшында кету қазағы ма, орысы ма, қай ауыл, қай хуторда болмасын үйреншікті оқиғаға айналды да біреудің тасы өрге домалап, бөркі қара қазандай болды, біреулердің қаны судай ағып, басы дауда, малы жауда кетті. Қ.Ысқ. ~ Түсі суық жан кіді сөйлеген жігітке ме, келіншекке ме, әлде беті жаңа бері қараған сәбиге ме, кімге арнағаны беймағлұм: − Ғафу, ойбой, ғафу! Бөркіңіз қазандай екен, қойдым! Шәй деспейік,- деді де, автобустың артқы жағына шегініп, орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Жігітке түйіліп қарап қояды. М.Қаб. ~ Осы кезде төрт жылдай мылтық асынып, шинель жамылып, неміспен атысқан кісілерді «соғыс ардагері» деп астына көпшік қойып, бөркін қазандай ғып, төрге шығарып аспандатады келіп. Д.Досж.

БӨРКІ (ҚАРА) ҚАЗАНДАЙ (БОЛДЫ) Read More

БӨРІНІҢ БӨЛТІРІГІ

Жас болса да жау ниеттес д.м ~ Сонда да сыр шығармай батыр Баян, Жастық қып жанын естен тандырмаған. Осылай іштен күйген батыр Баян, Баянның, батырлары алашқа аян. Баянның інісі бар он бес жаста – Бөрінің бөлтірігі — бала Ноян. М.Жұм. ~ Аһ, әкең!.. – деді. Жалма-жан жамбасында салбыраған тапаншаға қол салды. – Бөрінің бөлтірігі, үндемей кеп қанды аузын қадауын. Көрсетейін мен саған қол көтергенді! Т.Сәу. ~ Жұмабай әбден болмаған соң: – Қап, мынаның баласы!.. «Мен бөрі ді. Байтас, жүр! — деп шаба жөнелді. Екеуі де жарыса бастады. М.Әу.

БӨРІНІҢ БӨЛТІРІГІ Read More

БӨРІНІҢ БОҒЫ, БӨКЕННІҢ СИРАҒЫ БОЛДЫ

Тоз-тозы шығып, жан-жаққа бытырап кетті. * Алаштың азаматтары болып, халқымыздың ақ туын жеке көтереміз деп бозқасқаның қанымен анттасқан күндер қайда? Быт-шыт, бөрінің боғы, бөкеннің сирағы болып ту-талақайы шықты, шілдің боғындай пышырлады. О.Бөк. * Елге қиын болады ғой. – Ел қалды ма бүгінде, бөрінің боғы, бөкеннің сирағы болып тозып кетпеді ме бет-бетіне. О.Бөк.

БӨРІНІҢ БОҒЫ, БӨКЕННІҢ СИРАҒЫ БОЛДЫ Read More

БӨРІНІҢ (ШИЕБӨРІНІҢ ) КӨТІНДЕЙ (АРТЫНДАЙ) ШУЛАДЫ

Айналасын у-шу, азан-қазан қылды, беталды шулап кетті. ~ Оқушыларын мен отырғасын ғана тыныш отырған шығар, болмаса бөрінің артындай шулайды-ау деп қалдым… Н.Сер. ~ Есалаң ба өзі, ішіп алған ба? Аты-жөнін сұрасаң қыр-қыр етеді. Сендер де бір жағынан бөрінің көтіндей шулап. Дым естімедім. Әлгі көкезу рефоматорсымақ Жиынбекті сұрайды, оның қай қамына керек бола қалғанын итім білсін! К.Хамз. ~ Ия, Алла, тоқтадым, — дедім ғой… — Тыйылдым! Қойдым осымен! Көктегі Өзің түгілі, жердегі үкіметтің бүкіл кәзит-жорналдары да бөрінің көтіндей шулап, жарыса жазып жатыр ғой: «Ұрыларға тыйым бола ма?». «Мал иелері жүген ұстап қалды!».. тағысын тағы деп. АҚ «Қарадөң…» ~ Сүлеймен де бұдан бейхабар. Әлден даурығып, бөрінің артынша шуылдасаңдар, ертең ел жеткізбесе жел жеткізеді. Ал, қылша мойным талша деп, тілдеріңді тістеп, өлімге кессе де, сырыңды көрге бірге ала кетсең тәуекел! С.Жүн. ~ Ей, тәйт, түге! Шиебөрінің артындай шуылдамай қарыс! — деп ақсақалдардың ақсақалы ақырып қалды. — Сонымен, Раймалы, айтарыңды айтып болдың ба? Ш.Айт.

БӨРІНІҢ (ШИЕБӨРІНІҢ ) КӨТІНДЕЙ (АРТЫНДАЙ) ШУЛАДЫ Read More

БӨРІЛІ БАЙРАҚ

Түркі жұртының ежелгі туы, алтын басты қасқыр бейнеленген байрақ. ~ … ұлын құл, қызын күң етпек болып қан төгіске ұмтылған қас дұшпандарына қарсы күндей күркіреген бөрілі байрақтарын көтеріп шығып, батырлық пен ерліктің сан үлгісін жаратқан, қынадай қырылып жатса да бас имеген, қылыш-найзасы, балта-шоқпары қолынан түспеген қайран айбатты бабалар-ай! Ғ.Біл. ~ Ауылда шал-кемпірден естігелі, әсіресе аталарымыз Қазыбек, Қастек, Наурызбай, Қасқары, Қарасай, Сұраншы, Саурық қазақ елінің қасаласқан қас дұшпанына бөрілі байрақ ұстап аттанған, жау түсірген дегенді білгелі балалар қасқыр басының бейнесіне қатты көңіл бөлетін болған. Б.Қыд.

БӨРІЛІ БАЙРАҚ Read More