Дамыл таппай, әрі-бері сандалып, тентіреп жүр. ~ Бәрі де күліп жүр, бәрі де босып жүр… Бірақ Шұға жоқ… Б.Май. * Енді, бір жирен, екі құла байтал шығанға шығып, мойындарындағы бұғалығымен босып жүр. М.Әу. * Қара май басқан шпалдар мен рельстерге сүрініп, вагондардың буферлерінен қарғып, босып жүрген неше түрлі халық. Т.Ахт. * Күнде шапқылап, елді түгел жиып, босып жүр. Түрлері кісі өлтіргендей екен. С.Жүн.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БОСТАН ОЙ
Ескіліктің бұғауынан арылған ерікті сана. * Енді біреулер санадағы түбегейлі өзгерістер ретінде қабылдап, болмыстың бұған дейін үңілуге болмай келген астарлары мен қабаттарын зерделейтін ой жіттілігінің өткірленуі деп түсініп, бостан ойды қасаң қағидалар тізгінінен тезірек азаттандыруға тырысты. Ә.Кек.
БОСҚА ШАЛАБЫҢДЫ ШАЙҚАМА
Бекерге бірдеңе дәметіп, әлденеден үміт етіп, әуре болма. * Ертеректе қолына күрек-сүйменін алып әкең де біраз қопаңдаған… Қой дедім. Көлеңкесін көріп ерсініп жүрген немеге… шалабыңды босқа шайқама дедім. Р. От.
ТАМАҒЫН ІСІРДІ
Бекер дәметіп, босқа үміттенді. ~ — Бұл иттің закускасы қайда? — деді де, аналармен қоса күліп: — Мен қуырдақ, жылы-жұмсақ деп келдім. Тамағымды ісіретін болсаңдар ішпеймін, — деп Аманбайға қарады. М.Әу.~ Дақпырт тарататын дарақы тек дабырайғанды көреді. Дабыралап іс қылмаған даңқтың жылы-жұмсағынан дәметіп, құр бекерге тамағын ісірмесе де болады. Ә.Кек.
БОСҚА АРАМТЕР БОЛДЫ
Еңбегі еш болып, уақыты босқа кетті. * Ар-ұяттан аттап өтіп, баланың ісін істеп отырған өздерің ғой, — деп екеуіне тіксіне қарадым. — Қайталап айтайын, мен үшін босқа арамтер болмай-ақ қойыңдар. С.Ом. ~ Жүр, балам. Түсінбестерге түсіндірем деп босқа арамтер болудың қажеті жоқ. Арың таза болса, басқаның түкірігі бетіңе мың жерден шашырағанымен кір жаға алмайды. С.См. ~ Әділет деп сен шырылдағанмен басқалар жабылып қоштап әкетпесе, онда босқа арамтер боласың. Әділетіпіл жалғыздың аузын жапқыза салу оңай. Оның әдісін тапқан. Үстіңнен «пара алады, мың– мыңдап алады» деп домалақ арызды айдайды да жібереді. С.См.
БОСАҢ БЕЛ
Болбыр, әлжуаз. ~ . Жәнәділ расында да әкесінің айтқанындай боз өкпе, босаң бел, жігерсіз жігіт еді. І.Ес.
БОСАҒАСЫНАН СЫҒАЛАТПАДЫ
Маңына жолпатпады. * Құлагердің құнын! Оны қалай алмақсыңдар? Сендердің қолдарыңнан не келмек. Керейдің кері кеткен кесапаттары құн даулатпақ түгілі босағасынан сығалатар ма екен. Сендер де қолымыздан бірдеме келеді, еркек кіндікпіз деп отырсыңдар-ау, – деп жаңағы сөзге шамданып, аптығы басылмаған Нұртаза ырқ етіп күлді. С.Жүн.
БОСАҒАСЫН СЫҒАЛАДЫ
а) Баспана қорлығын көп көрді; бір-үйден бір үйге көшіп, пәтер жалдап тұруға мәжбүр болды. ~ Қарызға белшеден батса да шешем көптен көксеген арманына қолы жеткендей еді. Енді біз ешкімге жалынбаймыз, көрінген адамның босағасын сығаламаймыз. Қай күні үйден қуады – деп қорықпаймыз. Б.Тоғ.
ә) Біреудің үйіне кіре алмай, қор болды.
~ ДІЛДА (бұрынғыдан да булығып): Бармайды, балаларым!.. Ендігі қалғаны жәдігөй қатынның босағасынан сығалау ма еді, әкесі тіріде жетім боп! Б.Тоғ.
БОСАҒАСЫН БОСАТПАДЫ
Біреудің үйіне барғыштап, тыным бермеді, мезі қылды.
~ Кербұлақтың хал-күйі, шаруашылық жайы сізге де ортақ. Ал сіз қоғамға қолқабыс жасау орнына ауыл-ауылды аралап, өлген-жіткендердің босағасын босатпай жүрсіз. Құран жолымен жаназа шығарып, підия алатын көрінесіз. Б.Тоғ.
БОСАҒАСЫ БЕРІК
Отбасылық өмірдің бекемдігі. ~ Көрімдік қайда қашар дейсің, бұлардың босағасы берік пе, жоқ па – көзбен көрелік те, – деп, сөзді тура айтатын Бәтима бірден істің жайына көшті. Б.Тоғ. ~ Бұның тойында Жиынбек басқарма көсіле де, шешіле де сөз сөйледі. Көпшілік жастардың шаңырағы биік, босағасы берік болуы үшін үш қайтара алып жіберді. К.Хамз.

