БОСАҒАДАН ҚАЙТТЫ

Дәм ауыз тимей кетті. ~ Орынымен әзілдеп, бір-бірімен жарасқан ауылдың байсалды қарияларына айнала бастапты. «Аруақ аттағандай босағадан қайтпа. Шай ауыз ти!» деп екеуі екі жақтан жік-жаппар. Т.Сәу.

БОСАҒАДАН ҚАЙТТЫ Read More

БОСАҒА ҚЫЗАРТТЫ

Сәби қызығын көрді. ~ Ақыры салмақты маған салды. – Келінімді әкеп бер. Босағамды қызартып, қызық
көріп соны алданыш етейін, – деп дыңғырлатты. — Құда болып, қалыңын өткізіп қойған жеріміз бар еді,
соған кісі жібердік. Ж.Сәм.

БОСАҒА ҚЫЗАРТТЫ Read More

БОСАҒА КӨРДІ

Күйеуде болып шыққан әйел. ~ Тағы бір-екі рет мұңды әйел бізге сөйтіп сәлем беріп қалды. «Алашорда» отағасының босағасын көрген әйел екендігінде шегім болған жоқ… Сөйтіп, түрме бақшасына жұмысқа барып жүрдік. С.Сей. ~ «Нашар теңдігі», «әйел бостандығы» деген сөзді мазақ қылып, жерге таптапты. «Алашорда» отағасының босағасын көрген сорлылар Совдепті жоқтайтын болыпты. С.Сей. ~ Араға адам салып, үйге алып келген күнде, тарпаң тайдай бұла жастар мұнымен қосақ құрып тұра ала ма? Ол жағын болжап білу қиын. Ал, анау Айша болса – бір рет босаға көрген, бала асырап, жалғыздықтың тауқыметін тартып жүрген жарым көңіл. Ә.Асқ.

БОСАҒА КӨРДІ Read More

БОСАҒА АТТАДЫ

а) Келін боп түсті. ~ Жетісуда әйелдер ақ орамал салады, ол әрі әйел екенінің, яғни некеде тұратындығының да белгісі болады. Қызыл орамалды ол кезде тек қыздар салатын. Ол да босаға аттамағанның белгісіндей. Б.Қыд. ~ Қыздың әкесі қуынбады ма екен? ─ Қайтсін енді, босаға аттаған қызын қара бет қып, қайтып әкелсін бе? Т.Әбд.
ә) Әлдебір өмір белесін артта қалдырып, жаңа өмірге аяқ басты. ~ Міне, балалар сендер де «Жас ұлан» мүшесі болдыңдар! Бұл — балалықтың босағасынан аттады деген сөз! Енді сендер еліміздің есейген азаматысыңдар! Б.Тоғ.

БОСАҒА АТТАДЫ Read More

БОС ТАҚЫМ

Атта шаба алмайтын; ынжық, әлсіз. * Кілең икемсіз теңге ілуші, батылдықтан гөрі жасқаншақтығы көп байқалып қалатын бос тақым аударыспақшы. БАҚ * Бүгін ғой қала жағалап, бос белбеу, бос тақым болып кеткені. Бірақ оның да өз себебі бар. Әкесінің қайтқанына жыл өтпей жатып азаматтық борышын өтеуге шақырылды. Е.Бақ.

БОС ТАҚЫМ Read More

БОС СӨЗ

Мағынасы жоқ әңгіме, бәтуасыз сөз. ~ Желіктірген бос сөзден байдың үйінен бір тостаған саумал ішкенін артық көреді ғой жұрт. Ж.Айм. ~ Ашына келсем, себебім болды, аға сұлтан. Онымды ауыр алма! Тай жүзген қара саба, тайқазан дегендер ендігі заманда бос сөздер. Нанмен ойнамайық. Ғ.Мүс.

БОС СӨЗ Read More

БОС СЕЛТЕҢ ЖҮРІС

Түк бітірмей босқа сенделу. ~ Қайта анасы байғұс шыжбалақтап, өз-өзінен қысылып, мұның бос селтең жүрісін қойып, ағасына қолғабыс жасайтын уақыты әлдеқашан жеткенін құлақ қағыс қылды. Ә.Кек.

БОС СЕЛТЕҢ ЖҮРІС Read More

БОС СЕЛТЕК

Құр селтеңдеп, уақытын босқа кетіріп жүрген жалқау. ~ Құдай басқа салмасын сен секілді Желмен жерге жығылып, жар сүзбекті. Обалың бір құдайға, байғұс, сенің, Қақтырып қойған мұнша бос селтекті. Абай.

БОС СЕЛТЕК Read More

БОС САНДАЛДЫ

Көше қаңғырып, түк істемей, уақыт өткізді. ~ Бүгін күн базар еді. Базарда халық толы … Базар қыдырған жігіттер бар ақшаларына махорке мен шемішке алып, көрінгеннің аузына қарап бос сандалып жүреді. І.Жан. ~ Ақтай, бір уақытта Қадишаны Жұмағұл алуға өзі тілеулес болса да, жаздыгүні қырдан келген ағасынан: «Қондыбайдың қызынан артық кімді алушы едің? Соны алып мал мүлкіне ие болмай, бос сандалып жүрсің. Есеп білмейсің! Сенен Жұмағұл озып кетті… » — деген сөгіс естіген уақытта шынымен өкінгендей де болып еді. М.Әу. ~ Көшедегі қайыршыларға қосылып, аштан-аш бос сандалған күндерінде ол «жоқ, бұлардың бәрі, мен көрген азаптың жанында түк емес, мен бұдан да зорды көргем» деген ойды ғана медет қылды. Т.Әбд.

БОС САНДАЛДЫ Read More

БОС САНДАЛБАЙ (САНДАЛЫС)

Еш қамсыз-қарекетсіз, көше кезіп бос жүру. ~ Кісілер қандай қызық, біреудің тамтығы, біреудің таңсығы деген осы да. – Біздің жүріс – бос сандалбай. Отан дегеніміз – от басы, бақытты ғұмыр кешу дегеніміз – сол отты өшірмеу, – деп кесіп айтып едім, Досым ол пікіріме келіспеді. О.Бөк. ~ Жазда Николай үйленді. Біздің тұқымға біткен сабырлы адамның бірі еді, қарекетсіз бос сандалыстан зеріккен болар, Васильевское селосындағы қазыналық имениенің іс басқарушының қызын таңдапты. И.Бун.

БОС САНДАЛБАЙ (САНДАЛЫС) Read More