Байыз таппай, беталды тентіреу туралы. ~ Өз үйіне түгел естірткен соң, бұ хабарды ішіне сыйғыза алмай, «Бозінген» бошалаған түйеше тайраңдай басып, екі қолын алды-артына құлаштай сермеп, Бірқұлақтікіне қарай жөнелді. Ж.Айм. ~ Мұнай табу — қиын іс, ал табылған мұнайды өндіру де оңайға соқпайды. Коммунист болсаң сені партия сонда қойды. Сонда боласың. Сен, шырақ, «онда болғым келмейді, онда жібер, мұнда жібер» деп бошалаған түйедей жай таппай келіп сырғисың! Ғ.Сл. ~ Шешесi бошалаған iнгендей сенделiп атсеркенiң арғы бетiнде жүр. Жүзiн төмен салып, аяғының басына қараған қалпы аузы жыбырлап сөйлейтiндей. Ә.Ыб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БОТҚА БЕТ
Семіз адамның быттиған, жалпақ жүзі туралы. * Бір кезде шымылдықтың ар жағынан: — Өзің өңкей бір… Сойған түлкідей ыржалақтап күле бергеннен не шығады. Одан да ана су жаңа жігітке кезек берсеңдерші, — деген дауыс шықты. — Жұлып алғандай ғып айтқан бұ қайсысы? — деді қызыл етікті, ботқа бет сары жігіт. Қ.Най. ~ Қашан үйіне барса әке–шешесімен бірге шайға қойдың майын салып ішіп отыратын ботқа бет кластасы бар еді. Н.Дәу.
БОТАСЫНАН АЙРЫЛҒАН НАРДАЙ (БОЗ ІНГЕНДЕЙ)
Зар жылады. ~ Енді ол әйелінің топырағын аймалап ботасынан айырылған нардай, боздай жылады. І.Ес. ~ Ботасынан айырылған мендей сорлы бар ма екен… Неге жоқ?.. Бар ғой, бар. Міне, менің әжем де дәл сондай ғой, ботасынан айырылған боз інгендей боздап қалды емес пе? С.Мұр.
БОТАЛЫ ТҮЙЕҢДІ ӨТКІЗІП ҚОЙҒАН ЖОҚСЫҢ
Құндайтындай еңбегің жоқ, құнданатындай себебің жоқ. ~ Екі елі езуге бес елі қақпақ дегенді білемісің? Ұнамайды екен, боқшаңды жина да тай! Бізге боталы түйеңді өткізіп қойған жоқсың! Қ.Ысқ. ~ Тәкаппарлықтың да размері бар, боталы түйесін өткізіп қойғандай ернінің емеурінін бұлдап, танаураған немені Бекет көргеннен-ақ тұмсықтан қонжитып жібергісі келіп тұрған. Қ.Ысқ.
БОТАЛЫ ТҮЙЕГЕ БАЛАДЫ (БАҒАЛАДЫ)
Әлдебір арзан дүниесін тым қымбатқа бағалады д.м. ~ Оның үстіне Аханның талғамы талай жазғыштың балшығын редакцияның босағасынан қайтарды да жамау- жасқауына дейін боталы түйеге балап жаман үйренген кейбір ағайындарға жақпай қалды. Қ.Ысқ. ~ Қорғалжын даласын Харитонның мақтағысы келіп еді. Өз жерінің бір бұтасын боталы түйеге бағалайтын жершілдердің қылығын істеп қайтем деп, іркіле берді. С.Ом.
БОТАЛЫ ТҮЙЕ
Аса құнды, бағасы жоғары дүниенің баламасы ретінде қолданылады. ~ Қайта жаманымыз жақсарып,
қысқамыз ұзарды, боғымыздан боталы түйе жасап байып алдық мінеки. Ә.Асқ. ~ Селсебет, ауылсовет
атаулының бәрін Стекеңнің қарын бөлесіндей көретін Зүкең содан бері боталы түйесін жеп кеткендей қыр
соңынан қалмай, малы қайтпаса да қыжыртпамен мазасын кетіреді екен. Қ.Ысқ. ~ Енді бір ауыз қалжыңын
көтере алмай, боталы түйесін ұттырғандай болмасқа томсырайып жатқан түрі мынау. Қ.Ысқ.
БОТАДАЙ БОЗДАП, БОРДАЙ ТОЗДЫ
Жылап-сықтап, итшілеп күн көрді. ~ … Досмағанбет Ә. қаласындағы темір торлы терезеге жыл жарымдай телміріп, содан соң түсінде көрмеген тундраның ақ қар, көк мұзынан бір-ақ шыққан. Ботадай боздап, бордай тозған тірліктің құйрығына байланғандар мұнда аз емес көрінді. Н.Дәу.
БОТАДАЙ БОЗДАДЫ
Зар жылады, көз жасын тия алмады. ~ Атынан түсіп, тайдың тізгінін ұстады. Домалай түскен Шәріпхан ботадай боздап, әкесін бас салып, күпісінің өңіріне тұмсығын тығып, сөзін айта алмай өксіп-өксіп кемсеңдейді. Ж.Шәк. ~ Сонда ғой, Әнбияның ауғын мұжық ауласының сыртында Аллаға жалбарынып, жер құшақтаған бетінде ботадай боздағаны, сонда ғой Әнбияның көмір қара сақалы бір сапардың үстінде бурылдап қайтқаны. Ғ.Біл. ~ «Айналайын… өлім мен өрт ішінен шығып, ел шетіне аяқ басқан күні өзіңді кездестіріп отырмын… Өзім күлгенмен, жаным ботадай боздап отыр… Сәл тізе бүк!..» — деді. С.Елу. ~ Жұмекен… әдебиет түгіл, бір-бір елдің патшасы болуға лайық арыстарынан айырылып, ботадай боздап, жаны жазылмастай жараланған халықтың ұлы болды. А. Кеңш. ~ Менің әжем Әбдірахман үшін ботадай боздап жылап жүргенде, айызы қанған адамша табалап насаттанып тұрғандары болды… Б.Май.
БОТА ТІРСЕК БОЗБАЛА
Қабырғасы қатпаған жас жігіт. ~ Қараңғы түнде қызға бармақ боп келе жатып киіз үй алдындағы жерошаққа сүрініп, қоламтаға аяғын күйдіріп алған бота тірсек бозбала секілдісің, хық- хық- хық… З.Қаб. ~ Бірақ ол әкесінің ол үмітін ақтамай, ер жете келе қолына домбыра алып, біржола ақындық жолға түсіпті. Атақты Ырысжанмен айтысқанда, бұл әлі жиырмаға тола қоймаған бота тірсек бозбала екен. Қ.Жұм.
БОТА ТІРСЕК
а) Әлжуаз, аяғын нық баспайтын осал адам д.м. ~ Піриомы біткен жоқ, дегенмен, арық бота тірсек сары ушителге бардым. – Орын жоқ. Ж.Айм. ~ Тұрысбектің мұнда келісі де тегін емес. Әншейінде мұнын айбатынан ығып, маңайын баса алмайтын бота тірсек төренің бұл қай басынғаны? Қ.Жұм. ~ Қолыма үш-төрт парақ қағазды ұстатты да бота тірсек стиляга шығып жүре берді. Жөнін айтқан жоқ, қағазды да жөндеп ұстатқан жоқ. Қ.Ысқ.
ә) Жүйрік ат, сәйгүлік тұлпардың теңеуі. ~ Бұлардың мінгендері жал-құйрығы түйілген қамыс құлақ, бөкен сан жүйрік, не болмаса құлан қандас бота тірсек сүліктен жаратылған будан. І.Ес. ~ Бұлардың мінгендері жал-құйрығы түйілген қамыс құлақ, бөкен сан жүйрік, не болмаса құлан қандас бота тірсек сүліктен жаратылған будан. С.Мұр.

