Әр нәрсенің басын шатты; айтқан сөзінде береке болмады. ~ Бірді айтып, бірге кетем: адамға өз өмірбаянын, әсіресе, менікі сықылды шимай-шатпақ тірлікті тізіп беруден тозақ не бар дейсіз, мен де қылғынып-ақ отырмын. Ж.Нәжім.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БІРДЕҢЕСІН ӨТКІЗІП ҚОЙҒАНДАЙ
Біреуге бұлданып орынсыз өкпе, реніш білдіру туралы. ~ Ал оныңыз салған жерден тұлданып, бір нәрсесін өткізіп қойғадай, өзіңе қарай қарсы шабуылдайды. Қ.Жиен. ~ Жатақханаға… — деді ол маған бірдеңесін өткізіп қойғандай қабағын шытып. — Сен енді мынаны түсіріп бермейсің бе? Ә.Нұрш. ~ «Маған бірдеңесін өткізіп қойғандай қайтеді, ей?» Күлімсіреген болды. М.Қаб. ~ Құттыханасында жан шақырайын десе, тағы маза бермейді жора-жолдас, ағайын-туыс. Шетінен міндетсіп кие-жарады. Тап бір, бірдеңесін өткізіп қойғандай?! Ө.Кәр.
БІРДЕҢЕДЕН ҚҰР ҚАЛҒАНДАЙ
Кешігіп қалатындай асығып д.м. * Мана қос қалғаны асыққа лықа толтырып, бірдеңеден құр қалғандай тақырға қос аяқтап шапқылап, жетуін жетіп-ақ келіп ем. Қазір екі қалта бос. М.Қаб. * Сол сəтте əдеттегідей: – Марат Жангалич! – деп бірдеңеден құр қалғандай, алқынып Шолпан жетіп келді … С.Досж. * Алпыс – иншалла, менің өкшемді баса, бірдеңеден құр қалғандай аптығып жетіп, «қызығын» асықпай көрер көрешегі… Т.Шап.
БІРДЕҢЕ ТҮРТІП ЖҮР
Бір жамандыққа ұрынайын деп жүр д.м. ~ Бәсе, мен соның боларын білгемін. Бұл Ұзақты бірдеңе түртіп жүр, ойын деп жүрген шығар. Әлі орыс бұның жүрегін шайлықтырған жоқ. Бірақ бұл бірдеңе көреді. М.Әу.
БІРДЕҢЕ КӨРІНГЕН ШЫҒАР
Бұған (бұларға) не болған, есі дұрыс па д.м. * Председатель мүлдем жарылып кете жаздады: – Саған бүгін бірдеңе көрінген шығар! Өзіңнің есің дұрыс па? «Күлісің» не?.. – деп ежірейсін. О.Сәрс. ~ Қызыл фескасын түзеп киген Әшімхан қалғандарына қарап: – Мына мұғалімдерге бірдеңе көрінейін деген шығар. Оқушыларды кешкі сеансқа жібермейтін бопты. Жат жұрттың фильмі жас жеткіншекке дұрыс тәрбие бермейтін көрінеді. К.Хам. ~ Генерал Чернов ызалана мырс етті. Осы халыққа бірдеңе көрінген шығар. Нелер заманнан бері қаннен–қаперсіз келген халык баяғыдан бергі шеккен қорлық, зорлығын жаңа сезгендей. Ә.Нұрп.
БІРДЕН БІРГЕ КӨШТІ
Жиі өзгерді, ауысты. ~ Қолымда қалам. Алдымда қағаз… Ел ұйқыда. Мен ояу. Отырмын. Екіні, үшті соқты… əлі отырмын. «Переброскеге» ұшыраған Н. жолдасшылап ойым байыз таппайды, бірден бірге көшеді. Ж.Айм. ~ «Мұғалім Сәни» әліппесі бірден бірге көшіп, ернеуі бүктеліп, түте-түте болып, жыртылып, кірленіп қалған. Мұғалім кітапты саусақпен түртіп «кірлетіп оқымаңдар, таза ұстаңдар» дегеннен кейін, балалардың барлығы да, ауыл шәкірттеріндегі дағдыны қолданып, қағаздан әріп нұсқағыш істеп алып еді. М.Дәу. ~ Ильястың ақталып, шығармалары енді ғана бұрқырап шыға бастаған кез, сонда да зиялы қауымның қолына кітап жетпей бірден бірге, үйден үйге көшіп жүрді. Қ.Ысқ.
БІРДЕН БІРГЕ ЖЕТТІ
Тез тарап кетті. ~ Жатыңдар, қозғалмаңдар, жатыңдар! ـــ деген тілмаш пен орыстардың ұғымсыз дауысы шығып, дала тыныштала қалды. ‹‹екі азамат қашпақ болып білініп қалып орыстар атып тастапты›› деген хабар бірден бірге жетіп Шөкеніңде зәресін алды. Б.Жұм.
БІРДЕ ТҮЙЕ (БИЕ), БІРДЕ БИЕ (ТҮЙЕ)
Мінезі сан құбылған, тұрақсыз. ~ Бұл кісінің көңіл-күйінің тез өзгеретінін, бірде түйе, бірде бие болып шыға келуі оп-оңай шаруа екенін кешелі бері аңғара бастағандаймыз. О.Сәрс. * Қырықтан асқан кәрi қыздың бабын таппақ түгiлi, өз отының түтiнiн қай жақтан шығарарын бiлмей жүргенде, бiрде бие, бiрде түйе әйел мiнезiн қайдан танып бiлсiн-ау бұл Димашың?! Ш.Құм. * Осындайды желеу етіп, өз бастықтарыңа да ниет білдіріп қою қажет. Жұмыста не болмайды: бірде түйе, бірде бие. М.Қаб.
БІРДЕ ТАТУ, БІРДЕ АРАЗ
Бірде достасып, бірде қастасты. ~ Өзгеден бұрын Шұбар сез қатты: — Бұлар — Тәкежанның көршісі. Бірде тату, бірде араз көрші сыбайластың әдеті емес пе? Сол Тәкежанның өзіне жіберсеңіз жетпей ме! М.Әу. ~ Керей мен Тобықтының арасында өміріне шешілмей жатқан қашаннан қатты түйіншек бар. Жапсар екі ел бірде тату, бірде араз болып барымталасады да жатады. Керей Демесін Ыбырайды байлайтүннан кейін бұл екі елдің арасы тіпті қағынып кеткен. Сөз ұшығып, бітімсіз сүреңге айналған кезі еді. І.Жан. ~ Бірнәрсе айтатын сияқты. Абай осыны аңғарып, анасының жүзіне қарағанда, Ұлжан бұған біраз көз салып тұрып: – Балам, үлкендер бірде тату, бірде араз бола беретін. «Күндестің күлі күндес» дегенді сен білмей-ақ қой. Бөжекеңді көрген жерде сәлеміңді түзу бер. М.Әу.
БІРДЕ ОМПЫ, БІРДЕ ТОМПЫ
Бірде жайраңдап, бірде тымырайған, аумалы-төкпелі мінез. * Мінезі бірде омпы, бірде томпы, әкесіне аумай тартпағыр! М.Қаб.

