Аумалы-төкпелі, құбылмалы, бірде қатты, бірде тәтті. ~ «Демек, оның ойы басқа екен ғой, демек, ол мен жайлы!..» Ол дірілдей демалады. «Бірде киіз, бірде мүйіз, неткен адам»,- деді ол наразылық пен разылықтың тең ортасына түсіп. Д.Ис.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БІРДЕ БҮГЕ, БІРДЕ ШҮГЕ
Құбылмалы, бірде олай, бірде бұлай алмағайып дүние, өмір туралы. ~ Және де жаздым сәлем Гран-Чинге, Сұм дүние бірде бүге, бірде шіге. Параход одан ары мұхит-дария, Жарандар, паһимласаң жерді шене. БС. «Үркін-Қорқын».
БІРДЕ БОЛМАСА БІРДЕ
Қашан болмаса да, әйтеуір бір кезде. ~ Екеуміздің осы жүргенімізді де көре алмайтын кісілер бар еді… Тек солардың табасына қаламыз ба, бірде болмаса бірде бетіңе салық қып, сүйегіңе таңба бола ма деп, артын ойлағанымыз болмаса…- деген сөзге әкеп тіреді. Ж.Айм. ~ Артқа бұрылмаңдар, қарақтарым… Дала толған — қорқау қасқырлар. Бірде болмаса бірде жазатайым кетесіңдер, — деп шал жан ашу айтты. Б.Тоғ. ~ Бірде болмаса бірде керек болар деп балам, осы әңгімені өзіңе де айтқым келіп отыр. Ә.Ысқ.
БІРДЕ БАТУ, БІРДЕ ТАТУ
Бірде қас, бірде дос, бірде олай, бірде бұлай. ~ Бұхара ханымен бітімшілік жасасқан сияқтымыз. Бірақ қаншаға баратынын қайдам… Ноғайлардың Алтау ауылымен қас-қабағымыз жаман емес. Ал, Таңахмет балаларымен, Орыс әулетімен сол баяғы бірде бату, бірде тату қалпымыз. Ә.Кек. ~ Биыл ұйтқыма үттің қаупіне ұйтқыма жұрттың қаупі қосылып тұр. Қарсы топтың бірде бату, бірде тату боп қырық құйқылжып тұрғаны әлгі. Бәби бидің анадағы әңгімесінің де көмейі белгілі. Ә.Кек.
БІРДЕ БАР, БІРДЕ ЖОҚ ДҮНИЕ
Аумалы-төкпелі, алмағайып, бірде мырза, бірде сырдаң тіршілік. ~ …мен өз– өзімнен қысылып жылар едім; екі қолым алдыма сыймай, балаларды шықпыртатынмын, оның үстіне бірде бар, бірде жоқ дүние; жұртқа қарайсың, бәрі жақсы, жарасты өмір сүріп жатқан секілді, ең қоры біз секілді, сосын бәрін саған теліп, ынжық деп ғайбаттап та жүрдім; сіркемді су көтермейтін көк пері болдым… Т.Әбд.
БІРГЕ ТУҒАНДАЙ
а) Ең жақын адамындай. ~ Күлімсі шуаш иісі шыққан қойлар да бірге туғандай, түтіннің иісі күндегіден жағымды тәрізді, ала бұзауын қуалап, құйрығынан алам деп, домалап жатқан Кенжетайы да бір түрлі жарастықты. Ж.Айм. ~ . Менің көзімше қалта телефонымен анау Алматыдағы, анау Мәскеудегі өңшең дөкейлермен әмпәй– жәмпәй, тап бірге туғандай бауырмалдық сезіммен барын ақтарып, емен– жарқын сөйлесіп жатады. Қ.Жиен.
ә) Бірігіп кеткендей. ~ Тек кресломен бірге туғандай, креслоға жабысып қалғандай құдай– мүсін, мүсін– тәңір ғана көз алдында айдындана мызғымай отырады– ау. С.См. ~ Міне, сол күннен, сол мезеттен бастап, әлгі ат сенімен бірге туғандай маңдайыңа шапталған да қалған. Енді одан көзің тіріде қашып құтыла алмайсың. Ұнатпасаң да, мойныңа іліп жүре бересің. Б.Соқ.
БІРГЕ ӨСІП, БІТЕ ҚАЙНАСТЫ
Бала кезінен қатар өсіп, қиыншылықты бірге көрген жақын дос, құрдас туралы. ~ Ол бала жастан бірге өсіп, біте қайнаған досым еді. Жалшылықтың зардабын екеуміз бірге тартқан ек. С.Мұқ. ~ Алғаш үйленген күндері келгіш еді, кейін пышақ кескендей тыйылды. Неге? Кейде жасымнан бірге өсіп, біте қайнасқан досым Қойлыбай үйін өзім іздеп барып та жүрдім. Б.Қыд. ~ Өздері бала жасынан бірге өсіп, біте қайнасқан адамдар еді. Бір күндері екі колхоз бастығы іріген сүттей бұзылып, аралары қым-қиғаш болды да кетті. Ғ.Сл.
БІРГЕ ӨРІП, БІРГЕ ЖУСАДЫ
Мал соңында, мал сияқты ғұмыр кешу туралы. ~ Бәрібір мен қимайтындай бұл тіршілігімде не рақат көріп жүрмін. Малмен бірге өріп, бірге жусаған тірліктің несі қымбат дейсің… А.Сей.
БІРГЕ ОТ ЖАҒЫП, ТҮТІН ТҮТЕТТІ
Қатар өмір сүрді, отау құрды. ~ Жайшылықта қастарымен татуласу үшін қыз алып, қыз беруге оңай баратын Шыңғыс тұқымы, бұл жолы қасара қалады. Жәнібекпен, түбі бірге от жағып, түтін түтете алмайтынын сезген хан, қызын беруден үзілді–кесілді бас тартты. І.Ес.
БІРГЕ ЖАСАДЫ (ЖАСАСТЫ)
Қаз-қатар ғұмыр кешті, жақсы-жаманды бірге өткерді. ~ Аз күн бірге жасадым, Сен болсаң өрлеп тасамын. Қасірет шегіп мен қалдым, Қайғымды қайтіп басамын? «Нұрғазарын». ~ Гүлбаһрам сонда зарлады, Көзінің жасын парлады: – Аман бол, қалқам Қасенім, Елу күн бірге жасадың. Тірі қалды демесең, Өлгенге бүгін ұқсадым. «Нұрғазарын». ~ Ақан серіні көп заман қызықтап, онымен бала күнінен бірге жасасқан Қоқыштың (1927), Жауардың, Құлыштың (1959), тағы өзге қарттардың айтуынша, Көкшетау қазағында Ақан серідей ешкім әдемі киінбеген. Ә.Марғ. ~ Міне, содан бері қарай сен, қара талқан, менімен ылғи да серіктесіп, бірге жасап келесің. Қайда барсам айрылмас досымсың. Мен міне деп, жарқырап алдымнан шығасың. Б.Соқ.

