Ел қатарлы; қарабайыр (тірлік). * Сергіп қалды, пендешілік тіршілікті ұмытып: «мейлі де, қорықшы болмағанда аштан өлер деймісің. Біреуден ілгері, біреуден кейін боп ғұмыр кешемін. Д.Дос. * Бір бөлмелі үйде біреуден ілгері, біреуден кейін күн кешіп жатыр. Қ.Түм. * Оның арманы өз арманымен төркіндес сияқты. Сабағы да шүкір, біреуден ілгері, біреуден кейін. К.Қаз.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БІРЕУГЕ МАЛ ҚАЙҒЫ, БІРЕУГЕ ЖАН ҚАЙҒЫ
Әркім өз керегін іздейді; өз мұңын мұңдайды. ~ Россияға үлкен пәле жабысты, жікке бөлініп, өзді-өзі соғысып, бірінің қанын бірі судай төгіп жатыр. Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы дегендей кер заманға кез болдық. С.Сей. ~ Біреуге болса жан қайғы, біреуге болар мал қайғы, Мың құбылған түлкі өмір, көзді тартып алдайды. Қ.Бұғ.
БІРЕУГЕ КӨЛ, БІРЕУГЕ ШӨЛ
Әркімге әртүрлі қарайды д.м. ~ Біреуге көл, біреуге шөл қатыгез тағдыр Сарыауыздың итін қырын жүгірткеніне де он жылдан асты. Ө.Кәр.
БІРЕУГЕ ЖАН ҚАЙҒЫ, БІРЕУГЕ БАС ҚАЙҒЫ
Әркімнің өз мүңы бар д.м. ~ Өмір заңы осындай, бәрі арман, адам армандауын қоймайды, адам үмітпен өмір сүреді. Зым-зия тірлік жүйрік, бәрі бір көрген түс! Сонда да біреуге жан қайғы, біреуге бас қайғы, ал, Сәкен ақын дос іздейді. Қ.Бұғ.
БІРЕУГЕ — БІРЕУ, ҚИСЫҚҚА ТІРЕУ
Әркім өзіне лайықтыны таңдайды. ~ Ақжұлдызға тырнақтай да тартпаған болып шықты. Біреуге — біреу, қисыққа тіреу үшін сүймегенге сүйкенбеді ол. Соңғы сапарына дейін жалғыз өмір сүрді. М.Кәр.
БІРЕУ ТОЙЫП СЕКІРЕДІ, БІРЕУ ТОҢЫП СЕКІРЕДІ
Әркімнің мінезі, таным-тәрбиесі, тірлік-тынысы әрқилы, біреу жылап-сықтап күн кешсе, енді біреудің кеудесіне нан пісіп, өзін қайда қоярын білмей жүреді. . ~ Біреуді ұру, әрине, тентектік қой… Бірақ тентектің де әр түрлісі болады, біреу қорлыққа, ызаға шыдай алмай, лажсыз тентектік қылады, біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді. С.Сей.
БІРЕУ БОЛМАСА БІРЕУ
Бір адамның істемегенін басқа бір адам істеуі мүмкін д.м. ~ Белгі біреу-ақ, сізге келгенде мына белбеудің оң жағында тұратын құты, оқшантай, қыны сол жағында тұрады.
— Кісесі ше? — Белбеулерінде кісе болмайды. Жас жігіттерге келіспейді. Біреу болмаса біреу сезіп қалуы мүмкін. І.Ес. ~ Қазір заң билеген патша заманы кірді ауылымызға. Егер жерімді даулаймын деп, көрінгенге барып аптығар болсаң, біреу болмаса біреу: «ақ патсаның сиясатына қарсы, патса ағзамына қарсы понт шығарып жүр», — деп түртіп жіберуден тайынбайды. С.Жүн.
БІРЕУ (БІР) ДЕ БОЛСА БІРЕГЕЙ
Жалғыз болса да, елден ерек. ~ Солай. Əуезовті қайталау ешкімнің қолынан келмейді. Тек соған ұқсап қана ұстаз атын алып жүруге болады. Біреу де болса бірегей, тек Əуезовке ұқсас ұстазы бар институт, не университет қана білім-ілім-ғылым ордасы бола алады. З.Қаб. ~ Дәуір қанша шапшаң дамып, космостық жылдамдықпен зымырағанымен, біздер – сәулетшілер асықпауымыз керек еді- ау. Біреу болса да бірегей салсақ… О.Бөк. ~ Бүгін мен де Садыкемнің қойнықонышы толы сын-сықағына сыналап кірмей- ақ, … сатирасының бір де болса бірегей сипатын аңғартатын бірер сөз айтсам деп едім… З.Қаб.
БІРДІҢ АЙЫ
Наурыз айы. ~ Бізде ай тоғысуы деген болған. Оның реті мынандай болып келеді: шілдеде – 23 тоғыс, тамыз – 21 тоғыс, мизам – 19 тоғыс, қазан – 17 тоғыс, қараша –15 тоғыс, желді –13 тоғыс, қаңтар –11 тоғыс, үштің айы – 9 тоғыс, бірдің айы –7 тоғыс, көкек – 5 тоғыс, мамыр – 3 тоғыс, маусым –1 тоғыс. Ж.Баб. ~ Ақпан, қаңтар, бірдің айы — баршасы да қазір Абайлар жүріп келе жатқан сар дала, қоңыр адыр, сай-сала, қорық-қойнауларға өздерінің ақ ирек, сар-кідір омбыларын, оқаптарын, мұздақ жалтырларын жапқан көрінеді. М.Әу.
БІРДІ ЕКІЛІ
Азын-аулақ. ~ Жерошақтағы бірді екілі қазандарды аудара-маудара тіке келіп, әлгі боз отауға тоқтаған. АҚ «Арпалыспен…» ~ Бірді екілі киімін алып беріп, Астанада қыдыртамын деген. АҚ. «Күйген нан».

