Шығармашылық шыңы, үздік туынды д.м. * Абай өміріне және әдеби еңбегіне арналған көркем шығармалардың биік шоқысы М.Әуезовтің «Абай жолы» романы. С.Мұқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БИІК ҰСТАДЫ
Өз құнын төмендетпеді, ар-намысын жоғары қойды. * Яғни, арбакеш тұрмыстың қандай талқысынан өтсе де, өзінің адамдығын биік ұстаған тұлға. Т.Әсем. * … Колчактың бірде болмаса да бірде осы өлкені патшадан кейін бір шыбықпен айдап отырған әмірші екенмін деп басқа жұрттан бойын биік ұстап, шіреніп отырғанын көрген жоқ. Ә.Нұрп. * Әрине, мұндағы оқиғаның ауаны басқа. Зады ел көсемі Құнанбайды жамандыққа қимаған сияқты және өздерінің де еңсесін биік ұстап, намысын таза сақтап қалу ыңғайы да байқалады. Т.Жұрт.
БИІК ТҰРДЫ
Беделі, билігі жоғары болды. * Білге қағаныңыз Тоны көктей дана, білгірді тыңдаған, орта ғасырда ақиық ақын жыраулар халық тағдырын шешетін кей тұстарда ханнан биік тұрған. М.Қаб. * Бірақ сөз астарға, мағынаға ие болғанда ғана – үлкен күш алады. Өлең – сөзден жасалғанымен, сөзден биік тұрады дейтініміздің мәні осы. Ж.Нәжім.
БИІК ТҰҒЫР
Жоғары лауазым, биік дәреже. ~ Әдетте биік тұғырдағы адам көзге де, сөзге де бұрын ілігеді. Билік тұғырындағы кісі жұрттың бәріне бірдей жаға беруге тиіс емес. Жұрттың бәріне жағамын деп жалпақтай берген адамнан жартымды басшы шықпайды. С.Ақт. ~ Сонау Жиренше шешеннен тартып, бүгінгі даналық сөз тудырудың биік тұғырынан көрініп отырған дарынды ақын Мырза-Әлі Қадырға дейінгі зерделі ұрпақтың баршасын бір мақала көлемінде қамтып айту, әрине, мүмкін емес. Ә.Қайд. ~ Ол құдды ақ жүрек ауылдастарымыз сияқты әулетіміз тарихына еркін еніп, өзінің биік тұғырын берік орнатып, сол арқылы отбасылық шежіремізге шын мәнінде елеулі сәуле түсірген адам. М.Юнь.
БИІК ӨРЕГЕ ЖЕТТІ (КӨТЕРДІ)
Шығарманың барынша сапалы, құнды болып, биік талғамға жауап беретін дәрежеге көтерілуі. ~ Қазіргі биік өреге, озық мәдениетке жеткен қазақ прозасының халық мұрасымен байланысын айқындау күрделі шаруа. А.Тойшан. ~ Десе де Мұхтарға еліктеу жаман емес-ау, бірақ Мұхтардың деңгейіндей биік өреге жеткізіп, иін қандырып, әлемдік әдебиеттің шоқтығына жармаса алды ма, жоқ па, ол жағына жеңіл кесім айта алмаймыз. Ж.Шәк. ~ Форманы талдау арқылы мазмұнды тану – біршама биік өреге көтерілген сыншылық қабілеттің айғағы. Т.Әс. ~ Романды әдебиетші қауым бірден жоғары бағалады: «Тағдыр» — ұлтжанды қаһарманды биік өреге көтерген роман. А.Жұм.
БИІК ӨРЕ
Адамның жоғары дүние танымы, парасаты, білім деңгейі. ~ Форманы талдау арқылы мазмұнды тану – біршама биік өреге көтерілген сыншылық қабілеттің айғағы. Т.Әс. ~ Қазіргі биік өреге, озық мәдениетке жеткен қазақ прозасының халық мұрасымен байланысын айқындау күрделі шаруа. А.Тос.
БИІК МАҚСАТ
Адамның өз алдына қойған елеулі, маңызды, құнды мақсат-мүддесі. * Әкесінің жолын қуып, Россияға бет бұрады. Ендігі жерде ел билеу, қызмет істеу, зор атаққа ие болу, биік мақсатқа жету тек патша чиновниктерінің қыбын табу арқылы ғана болатынын, ол үшін орысша оқу, хат тану – осының бәрінің қажеттігін өзге феодалдардай емес, алыстан болжап біледі». Т.Жұрт. * Жұматай мен Есенғалидың жақсы өлеңдерінің өзіне сын айтқанда, олардың таланттарын, не табиғаттарын кемсіткендік емес, қайта жоғары бағалағандықтан биік мақсаттарға шақыру … тұрғысынан айтамыз. Ж.Нәж.
БИІК БАҒАЛАДЫ
Әлдебір дүниенің ерекше құндылығын атап, жоғары баға берді. * Автор: «… Әр адам қабілетіне, ыңғайына қарай өз орнында қызмет етпесе, әлеуметке пайда орнына зиян келтіреді» — деп өмір мәнін, адам орнын, іс- әрекетін биік бағалайды. Р.Тұр.
БИІК (ІРІ) МАНСАП ИЕСІ
Лауазымы жоғары адам. ~ Бұдан біраз жыл бұрын астанада бір айдай тұрғанмын, сонда тәпелтек бойлы бір мырзаның, — жұрттың айтуынша, бойы аласа болғанымен биік мансап иесі көрінеді, — көшеде қыдырыстап жүргенін көргем; бір қызығы, ол қалай қарай бұрылмасын мейлі, бір салт атты қыр соңынан қалмай ереді де отырады. М.Серв. ~ Сол жерде Доротея оған қолын сүйгізді де, көктегі құдірет қайырымдылық жасап, корольдігіне қайта ие болып, билік жүргізуге кіріскен кезінде оны ірі мансап иесіне айналдыруға уәде етті. М.Серв.
БИІГІН БІЛГІСІ КЕЛДІ
Сынады, шама-шарқын білуге тырысты. ~ Мұндайда әрқайсысы өткір сөзбен, оңтайлы әзілмен, ойнақы қылықпен, жарқын күлкімен көрінгісі келеді ғой. Күйеу баланы жан- жақты сынап, биігін білгісі келгендер жағалай ұтымды сөз айтуға тырысады. Б.Мом.

