АЛҒАН (АЙТҚАН) БЕТІНЕН ҚАЙТПАДЫ

Өз дегенін істеді, райынан қайтпады. ~ Не ойласа да, мейлі. Жақан, бәрібір, алған бетінен қайтпайды. Ә.Кек. ~ Бірақ Ақан алған бетінен қайтпады.‬ С.Жүн.~ Қыз әуелi шешесiне айтқызып, әкесiне Жосалыдағы темiржолшылардың мектебiне барып оқысам деген тiлегiн жеткiзiп көрген болатын‚ бiрақ Пiрмақан алған бетiнен қайтпады. Б.Алд. ~ Ұлжанның денесі қандай ауыр болса, мінезі де сондай тиянақты. Айтқан бетінен қайтпайды. Ә.Тар.

АЛҒАН (АЙТҚАН) БЕТІНЕН ҚАЙТПАДЫ Read More

АЛБАТЫ АЙТПАЙДЫ

Беталды, жөнсіз сөйлемейді, айтса, айтқанын орындайды д.м. ~ Әдетте көп сөйлемейтін, сөйлесе албаты айтпайтын бұл кісіні жұрт көріпкелі бар киелі адам деп имене қараушы еді. Ж.Шәк. ~ Басында көнгісі келмесе де шалының албаты айтпайтынын, айтса қайтпайтынын білетін кемпірі көзіне келген жасты жаулығының ұшымен көлегейлей сүртіп, үнсіз күйзеліспен бас изеді. Ж.Шәк.

АЛБАТЫ АЙТПАЙДЫ Read More

АЛҒАН БЕТІНЕН ТАЙМАДЫ (ТАНБАДЫ)

Өз дегенін істеді; өзгенің сөзін елемеді; табандылық танытты. ~ Бірақ олар алған бетінен таймай, еңбекші, қаналған халықты төңірегіне жинай-жинай күш алды. Ақыры ақ патшаны құлатты. К.Қаз. ~ Саптамасының сауырына тебінгінің тері әбден сіңген шалың сол алған бетінен танбай, капотты көтеріп тастап, сыртқа лап берген будақ-будақ буға бет шарпыта әлденені шұқылап жатқан шофердің жанына талтақтап барды. М.Қаб.

АЛҒАН БЕТІНЕН ТАЙМАДЫ (ТАНБАДЫ) Read More

АЛБЫРТ ЖАС

Өмірге терең бойламаған, жауқазындай балғын.~ Асығат өлең жазуды ерте бастаған. Алғашқы дастаны да ерте туды. Бірақ ешкім ол дастанға елең етпеді. Өмір көрмеген албырт жас, өзінің уыз махаббатын ғана арқау етіпті. І.Ес. ~ Тақсыр, өлімге жұмсардай Қуаттың мен білмейтін күнәсі бар шығар. Ол сұмдығы мына бұйрығыңыздан сезіліп тұр. Бірақ албырт жастың аңғырт қадамын кешірер үлкендігіміз қайда? С.См. ~ Ал жалғызсырасын. Сонда біз не қамсау боламыз. Əлде түйенің жарты етіндей дөңкиген Дос маңынан тіпті Мұхаңа да ықтасын болар бос қуыс табылатыны ма? Осының бəрі албырт жастың аңғырт ойы екен. Оны мен кейін білдім. З.Қаб. ~ Құлағында тынымсыз сыңғырлап әдемі үн тұрды. Сол үн қаяу түсіп көрмеген шаттық көңілден, таза пәк сезімнен хабар бергендей. Албырт жастың, сымбатты тұлға, сирек ажар ай құшақ қауып табысқан айырықша бақытты жан. Ә.Кек.

АЛБЫРТ ЖАС Read More

АЛҒАНЫ АС БОЛҒЫР

Істеген жақсылығының қайырын көрсін д.м. тілек, бата. ~ Алғаны ас болғырдың еңбегi шығар, өлiп-талып ақыры бiр рет көрдi ғой баласын, тергеу бiтiп, iсi сотқа кеткен кезде. Үстi-басын тiнткiлеп, әкелген тамағының жартысын өткiзбей, оның өзiн пышақпен тiлгiлеп қарап, есiк-терезесi темiрмен торланған абажадай бөлмеге кiргiзген. Т.Сәу.

АЛҒАНЫ АС БОЛҒЫР Read More

АЛБЫРТ ЖҮРЕК

Балауса, арам шалмаған, алып-ұшпа, сенімпаз жүрек. ~ Біл, жаным, оның албырт жүрегінің жалынып, өзгелерге жағынбасын… Өмірде, қарап тұрсам, бағың да сын, тек жаның жалынынан арылмасын! Ф.Оң. ~ Арап әнші келісімен ол қыздан көзін айырмайды, екеуінің махаббаты күн-түн сайын арта береді. Бірақ олардың тілегі оразды бола ма, жоқ па, албырт жүрек оны керек қылмайды. Ә.Мар. ~ Құшағында тұрған жас сұлудың көзінен аққан ыстық жасы жігіттің албырт жүрегін қорғасындай балқытып жіберді. І.Ес. ~ Әрнеге алабұртып, алаң болған албырт жүректер бір мезгіл байыз тауып, алаңсыз жастық шақтың, мөлдір махаббаттың тасқынды әсеріне беріліп кетіп еді. С.Ом.

АЛБЫРТ ЖҮРЕК Read More

АЛБЫРТ КӨҢІЛ

Алабұртып, алып-ұшқан, аңғал, қызба көңіл. ~ Ол кездері бала тәрізді ессіз, есепсіз албырт көңіл ала қашып, уытты азап шекті де, ұрпақ көріп, үй күйбеңімен сансыраған Айсұлу кейінгі кездері мұнан бойын аулақ салғысы да келіп, байсалдылық сақтаған. Т.Рыск. ~ Алабұртқан албырт көңіліңнен сыйластық пен жарастық тауып, шын ләззат шырынына еліткендей бір түрлі байыздаған болмысыңнан құштар тілеулестік туғызып, соңғы демің үзіліп тынғанша бір мысқал азаймас тәуелсіз рухыңа айналар сол әуен. С.См. ~ Ондайда албырт көңіл ауаланып, көрдің аузындай індігешке телміріп отырған құдықшылар қосынан атымен безіп, мынау маң даланың әлдебір тұсына маңып кеткісі келеді. Ә.Кек.

АЛБЫРТ КӨҢІЛ Read More

АЛБЫРТ МІНЕЗ

Балғын жасқа тән аңғалдық, сенімпаздық туралы. ~ Алмас ойлап қараса, әңгімені жалған өкпеден бастағаны әбестік болған екен. Бұ да болса асығыс, албырт мінездің кесірі. С.Ом. ~ Өзінің туған өзені Есілдің осы қылығындай бір албырт мінез жас шəкіртте де бар– ды. Сол аңғарылатын. Евней жас жігіт кезінің өзінде уытты, жігерлі, екі тілге бірдей шешен, өз ісіне мығым болатын. З.Қаб.

АЛБЫРТ МІНЕЗ Read More

АЛБЫРТ СЕЗІМ

Алып-ұшқан көңіл, жастық шаққа тән уыз, балғын сезім. ~ Ұшан ой, ұшқыр қиял, албырт сезім, Шарықтап, шалқып келіп қонар жері – Тұғыры махаббаттың – армен төлі, Өр жанды пендесімін соның өзім. Т.Әл. ~ «Біреудің тауық кепесінде тұрғанша әкең салып берген кең сарайдай өз үйің бар емес пе» деп барған сайын құлағына құяды. Бірақ, албырт сезіммен әке сөзі бір құлағынан кіріп, бір құлағынан шығып кетеді. Қ.Түм.

АЛБЫРТ СЕЗІМ Read More

АЛБЫРТ ШАҚ

Балауса, балғын, пәк кездер. ~ Менің тәңірі қосқан Гүлжиһаным! Қайтып келер ме, сол «Шеген құдықтың» түбінде қол ұстасып тұрып, бүтін әлемді бір қауызға сыйғызған албырт шағым! Бақытты шағым! Х.Ес. ~ Бұл хатты Фарида қалтама қашан салып жүр? Ә, ұқтым, үйінен мен аттанар күні салған екен ғой… Осы бір хатты со бір албырт шақта неге оқымадым? Қандай аянышты! Неткен аңғалдық? Қап!.. Т.Бер.

АЛБЫРТ ШАҚ Read More