Адам кейіпті, екі аяқты хайуан, малғұн д.м. қорлау, балағат ретінде қолданылатын тіркес. ~ Көзіме көрінбе, дүниеқор, адам сирақ! М.Әу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АДАМ КӨРМЕГЕН
Жан төзгісіз, шектен шыққан. ~ — Мынаны қараңызшы: мына бір вагондардың ішінде қамаулы адамдар жатыр. Адам көрмеген азапта… Бәрі де бұралған аш. Адам баласын осынша азапқа салар ма!.. С.Сей. ~ Тұщы етіне ащы таяқ тигізді. Мұңын айтар, шерін тарқатар жан таппады, адам көрмеген қорлықты көрді. С.Бег.
АДАМ КӨРМЕГЕНДЕЙ
Таң-тамаша болу; үрке, үрпие қарау. ~ Ойынды тастай сала бәріміз бірдей топырлап жүгіріп әлгінің қасына келдік. Адам көрмегендей бір-бірімізді кимелеп, қоршалай тұра қалдық. С.Мұр.~ Адам көрмегендей бәрі үдірейе қарайды. Бір-біріне қарап, күліп те қояды. Д.Әш. ~ Кебеженің бергі алдында көздері бақырайған, жіңішке арық мойындары менің мойным құсап қылқиған үш қара сирақ кішкене балалар отыр. Үшеуі де маған адам көрмегендей тесіліп қарап қалған. Бұл үйдегілер сірә, бөгде біреу келіп, есіктен қарауды баяғыда-ақ ұмытқан болулары керек. Б.Соқ.
АДАМ ҚАЛПЫНА КЕЛДІ (ТҮСТІ)
Жөнге келді, түзелді, оңалды. ~ Сардар мұнар көзбен Оңғарға, Ақанға жаңа көріп отырғандай тоқталып қарады. Бөлмедегі жұпыны заттарды көзімен түгендеді, бетіне қан тепті, тіріліп адам қалпына келді. М.Қаб. ~ Осынау мәңгі өшпес ғажап шығарманы көргенде, ол дүкеннің барлық керемет асыл қазынасын, түсіндегі шатасқан сандырақтарының бәрін түгел естен шығарып, адам қалпына қайта келді. О.Бальз. ~ Ешкімге ренжіген де жоқ. Ол үшін ең қымбаты мына құты қашқан қазіргі күйінен қайтадан адам қалпына түсіп, өзіне–өзі келу. Мына күйінде ол өзін дені сау адам екенмін деп ойлаған жоқ. Т.Әбд.
АДАМ ҚАРАҒЫСЫЗ (КӨРГІСІЗ)
Бет-әлпеті, ұсқыны жан шошырлық. ~ Малға жығып алдым. Жүздеп жылқы, бестеп жамбы, тай-тұяқ бердім. Не көрдім алғанда? Оң жақтан-ақ жанымды жылытып пейілін бір шешкен жоқ. Әкесінің үйіндегі қылжағы — еркелігі, асаулығы болсын. Ал ендігісі не? Жоқ, мен мұны еркінсіте алмаймын. Не жеңіп қатын: қылам, не бетіне адам қарағысыз етіп абиырын төгем…. І.Жан. ~ Бет-аузы көкпеңбек ісік, киімі далба-дұлба. Пенжагының әр жерінде баттаса жабысқан қан. Бетіне адам қарағысыз аянышты. Аяғын әзер-әзер басады. Жел үрсе құлап кетердей. Солдаттар айдаған беті алаңның ортасына алып келді. І.Ес. ~ Суы табандап қалған көлдің беті адам қарағысыз ала — айран боп, борсыған сорған, топырағы төңіректі мүңкітіп жіберді. С.Мұқ.
АДАМ ҚАТАРЫНА ҚОСЫЛДЫ (ҚОСТЫ)
Жағдайы, тұрмысы түзеліп, ел құсап тіршілік етуге жарап қалды. ~ «Қазір теңдік болды, сен де адам қатарына қосыласың» — деп Имашқа кездескенде осы мұғалім талай айтатын. Б.Май. ~ Анау жалғыз Тоқтамыс болмаса, өзге балалардың бәрi де адам қатарына қосылды, өз қолдары ауыздарына жеттi. Р.Рай. ~ Бәрінің де… боғын жуып, жақсысын асырып, жаманын жасырып, адам секілді қылып, осы ауылды адам қатарына қосқан сол емес пе еді? М.Әу.
АДАМ БАЛАСЫ
Бүкіл адамзат, адам атаулы. ~ — Жоқ, бұл қиянат емес!… Қонақтың өзі бұлап, иә, ұрлап жемей, үй иесі сыйлап-зорлап жегізген тамақты адам баласы қиянат деп есептемейді. Қ.Шаб. ~ … адам баласын тәрбие қылу дегенде, әрине, адам баласының әсіресе, жанын тәрбие қылу керек деп ұғу керек. М.Жұм.
АДАМ БАЛАСЫНА (ТІРІ ЖАНҒА, ЕШКІМГЕ) ҚИЯНАТЫ ЖОҚ
Ешбір адамға зиян келтірмейтін, бейкүнә жан. ~ … енді серігі шер болды-ау, шерлі ағам қашан сенің шерің тарқаған, адам баласына титімдей қиянатың жоқ асыл ағам неден ғана сенің жолың болмайды. С.Жүн. ~ Ылғи бір паң, кірпияз арудай тәніне лас жуытпай, таза жүреді. Жат иіс болмайды. Тегіне тән бір танауға жағымды майда қоңыр иісі бар. Тірі жанға қиянаты жоқ, маңқиып жүрген аңқау жануарлар. С.Ел. ~ Отбасында жолы болмаған, домбырасын тыңқылдатып қойып, бір үйде баласымен бірге өмір күйін шерткен қазақы адамды бәрі де іштей жақсы көреді; ешкімге қиянаты жоқ, біреу қиянат көрсе өлгенше болысады. Қ.Түм.
АДАМ БАЛАСЫНА ЖАМАНДЫҚ ОЙЛАМАЙДЫ
Тірі жанға қиянат жасауды ойына да алмайтын адал, ақ ниетті адам туралы. ~ Іскендір өтірік айтуды, кісі алдауды білмейді, адам баласына жамандық ойламайды. Үлкенді – әке, аға – деп тұрады. Ж.Айм. ~ Адам баласына жамандық ойлаған, қатыгездік жасаған жерім болып көрген жоқ еді. О.Көш. ~ Дұшпаным көп болған жоқ. Өйткені дұшпанныңкөп болуына өзім себеп бермеймін. Елдің бәрін де «дорогой» деп, үлкенді аға, кішіні іні деп жүрсем,ешкімге жамандық ойламасам менде кімнің не шаруасы бар. А.Жақ.
АДАМ БАСПАС ЖЕР
Көз көріп, құлақ естімес қашық жер, меңіреу дала. ~ Жетеу болып жүріп кетеді, бұлар жеті ай жол жүріп, Темір хан елінің отырған жеріне келсе, Темір хан елінің жұрты жатыр. Төстіктің келе жатқанын естіп, көшіп кетіп қалған екен. Саққұлақ тыңдап көрсе, адам баспас деген жерге қонып жатқан хабары естіледі. «Ер Төстік». ~ Осы алтауы жолдас болып, Темір ханның жайлауына келсе, көшіп кетіп, тек жұрты жатыр екен. Сақ құлақ тыңдап көрсе, «Адам баспас» деген жерге барғаны сезіледі. Ә.Мар.

