Таң-тамаша болу; үрке, үрпие қарау. ~ Ойынды тастай сала бәріміз бірдей топырлап жүгіріп әлгінің қасына келдік. Адам көрмегендей бір-бірімізді кимелеп, қоршалай тұра қалдық. С.Мұр.~ Адам көрмегендей бәрі үдірейе қарайды. Бір-біріне қарап, күліп те қояды. Д.Әш. ~ Кебеженің бергі алдында көздері бақырайған, жіңішке арық мойындары менің мойным құсап қылқиған үш қара сирақ кішкене балалар отыр. Үшеуі де маған адам көрмегендей тесіліп қарап қалған. Бұл үйдегілер сірә, бөгде біреу келіп, есіктен қарауды баяғыда-ақ ұмытқан болулары керек. Б.Соқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АДАМ ҚАЛПЫНА КЕЛДІ (ТҮСТІ)
Жөнге келді, түзелді, оңалды. ~ Сардар мұнар көзбен Оңғарға, Ақанға жаңа көріп отырғандай тоқталып қарады. Бөлмедегі жұпыны заттарды көзімен түгендеді, бетіне қан тепті, тіріліп адам қалпына келді. М.Қаб. ~ Осынау мәңгі өшпес ғажап шығарманы көргенде, ол дүкеннің барлық керемет асыл қазынасын, түсіндегі шатасқан сандырақтарының бәрін түгел естен шығарып, адам қалпына қайта келді. О.Бальз. ~ Ешкімге ренжіген де жоқ. Ол үшін ең қымбаты мына құты қашқан қазіргі күйінен қайтадан адам қалпына түсіп, өзіне–өзі келу. Мына күйінде ол өзін дені сау адам екенмін деп ойлаған жоқ. Т.Әбд.
АДАМ ҚАРАҒЫСЫЗ (КӨРГІСІЗ)
Бет-әлпеті, ұсқыны жан шошырлық. ~ Малға жығып алдым. Жүздеп жылқы, бестеп жамбы, тай-тұяқ бердім. Не көрдім алғанда? Оң жақтан-ақ жанымды жылытып пейілін бір шешкен жоқ. Әкесінің үйіндегі қылжағы — еркелігі, асаулығы болсын. Ал ендігісі не? Жоқ, мен мұны еркінсіте алмаймын. Не жеңіп қатын: қылам, не бетіне адам қарағысыз етіп абиырын төгем…. І.Жан. ~ Бет-аузы көкпеңбек ісік, киімі далба-дұлба. Пенжагының әр жерінде баттаса жабысқан қан. Бетіне адам қарағысыз аянышты. Аяғын әзер-әзер басады. Жел үрсе құлап кетердей. Солдаттар айдаған беті алаңның ортасына алып келді. І.Ес. ~ Суы табандап қалған көлдің беті адам қарағысыз ала — айран боп, борсыған сорған, топырағы төңіректі мүңкітіп жіберді. С.Мұқ.
АДАМ ҚАТАРЫНА ҚОСЫЛДЫ (ҚОСТЫ)
Жағдайы, тұрмысы түзеліп, ел құсап тіршілік етуге жарап қалды. ~ «Қазір теңдік болды, сен де адам қатарына қосыласың» — деп Имашқа кездескенде осы мұғалім талай айтатын. Б.Май. ~ Анау жалғыз Тоқтамыс болмаса, өзге балалардың бәрi де адам қатарына қосылды, өз қолдары ауыздарына жеттi. Р.Рай. ~ Бәрінің де… боғын жуып, жақсысын асырып, жаманын жасырып, адам секілді қылып, осы ауылды адам қатарына қосқан сол емес пе еді? М.Әу.
АДАМ ҚОЛЫ
Еңбек күші; жұмыс жасауға жарамды жан. ~ Бірақ Ақсеңгірде суып қалған сыбаға жоқ, істелінбей жатқан, адам қолын, күш-көлік керек етіп тұрған жұмыс та жоқ. Б.Қыд. ~ … бос жатқан жер, жер тоздырған ор мен жыра, техниканың жоқтығы, адам қолының тапшылығы сөз болды. Қ.Ыс.
АДАМ ҚОЛЫ ДАРЫМАҒАН
Бос жатқан, игерілмеген иен дала. ~ Ғасырлар бойы адам қолы дарымаған сонау тау ішінде егін жайқалып, жол салынады, сонда халық: «Міне, біздің селомыз, біздің мектебіміз, біздің шеберханамыз!..» – дейтін болады. Ш.Айт.
АДАМ ҚОЛЫ ТИМЕДІ
Иен түзде жабайы, тұмса табиғат кейпінде сақталған. ~ Ернеуі топыраққа сынық сүйем батып кеткен, айналасындағы қау боп өскен құраққа із түспеген. Биылдыққа адам қолы тимегені көрініп тұр. Т.Сәу. ~ Қапшағайдың шор-шор қызыл жартастары не, қаланың сегіз-тоғыз қабатты үйлері не, бәрібір. Айырмашылығы — жартастар адам қолы, сүймен, күрек тимеген жабайы да, үйлер — бұрыш-бұрыштары шығып, мұрын-қабақтары жонылып, ысқаяқтанған сыптығыр. М.Қаб.
АДАМ ҚОЛЫНАН ШЫҚҚАН (ПАЙДА БОЛҒАН)
Өз бетімен пайда болған деуге келмейтін, адам жасаған. ~ Едіге тауының ұшар биігінде, жаңа қылтиған күн шапағы қызарта бедерлеген қожыр тастардың басында адам қолынан шыққаны күмәнсіз, пирамида кейіпті үшбұрыш белгі тұр. М.Мағ. ~ Осы тұрғанда бурыл аттың бойында адам қолынан пайда болған бір ғана белгі, өзгеріс бар. Ол құйрығының тілерсектен жоғарырақ етіліп қырқылғандығы. Б.Соқ.
АДАМ ҚҰРЛЫ КӨРМЕДІ
Менсінбеді, басынды, қорлады, ар-намысын аяққа басты. — Әй, мынау қайтеді? Жібер қолымды! — деді түбіт мұрт, бүркіттің қанды шеңгеліндей тым қатты қарулы алақандардан босана алмай. — Жібермеймін. — Құлтай өзін адам құрлы көрмеген мына бұзақысымақтың бейбастақтығына күйіп кеткен- ді. С.Ас. ~ Гүлбаданның жаны түршікті. Көзі жасаурап шыға келді. — Мама, рас айта ма? Сен неге үндемейсің? Адамды адам құрлы көрмей, ылғи осылай басып- жаншып өте бере ме? С.См. ~ Әйелінің үндемегені, мұны кісі құрлы көрмегені намысын қоздырды ма, қалай, Арасанбай екі қолымен бетін басып еңкілдеп жылай бастады … Ә.Тар.
АДАМ ҚЫЛДЫ (ЕТТІ)
Бағып-қағып, тәлім-тәрбие берді, ел қатарына қосты.
~ Марқұм сендерді адам қыламын деп аз сүйрелеген жоқ. Енді міне топырағы суып үлгірмей … Ж.Шәк. ~ … әпкесі Ақшагүл екеуін аналары Бегім-Бике «аузына тістеп жүріп» адам қылыпты, ел қатарына қосыпты. Ә.Тар. ~ Оқытып адам қылам деп жүргенде, торы аттың басын тоқтыға айырбастамасам неғылсын. Т.Ахт. ~ – Е, неге болмасын?.. Бәрі де ержеткен. Бәрін де адам еткенбіз. Әйтеуір, жерде қалған бірі жоқ. Д.Әш.

