Posted in

ТАБАНЫҢНАН САПҚЫР!

Қарғыс, табаның тозсын, жүре алмай қал д.м. * Ойбай-ау, одан да ана сиырдың астын тазаламадың ба! — Оған әлі ерте қой, — деп Ерәлі күңк етті. — Ерте, ерте! Сүйдеп‚ сен табаныңнан сапқыр‚ ертеңді күнді кеш қыласың. Бүйткенше барыңнан жоғың. Шірік-ау, кітап сенің неңді алған? Піркарөл болатындай. Б.Алд.

Posted in

ТАБАСЫ ҚАНДЫ

Біреудің қайғысына қуанды, табалап, мазақ етті. ~ Ол елдің ғұрпы емес пе? Олай істемей, ағамның өлгеніне табасы қанғандай, ағамның топырағына шөп шықпай жатып, жылын бермей отырып, Асанның жау боп түскені – өлсем сүйегіммен кетеді. С.Мұқ. ~ Сезімі суынып, көңілі торығар. Бұнда қалса, қаралай қан жұтып, қайғының уын ішер. Дұшпанның табасы қанбас, көптің қаңқуы қалмас. Құрбы-құрдастың қалжыңы тыйылмас. Қағытпай тұрмас.Ү.Жәл.

Posted in

ТАБАСЫНА ҚАЛДЫ

Біреудің мазағына душар болды, қорланды. ~ Ақырында: "Өз ындының солай болса, оныңа мен де бөтен сөз айта алмаймын. Жалғыз-ақ дос бар еді, дұспан бар еді, құрбы-құрдас бар еді. Екеуміздің осы жүргенімізді де көре алмайтын кісілер бар еді… Тек солардың табасына қаламыз ба, бірде болмаса бірде бетіңе салық қып, сүйегіңе таңба бола ма деп, артын ойлағанымыз болмаса…" — деген сөзге әкеп тіреді. Ж.Айм. ~ Қадиша. Құрбыжан, сөзің алтын, тілің майда, Қазақта жылаған қыз азғантай ма? Қалдырып дос-дұшпанның табасына, Жылатып ата-анамды барам қайда?.. Б.Майл. ~ Осы оқиғадан кейін ұзамай ұзатылып, Нағима бұл елге ауыр кінәні арқалап келген болды. Абысын-ажынның табасына қалды. Жұрт күлкісіне ермек болды. Басынан таяқ кетпеді. Б.Майл. ~ Қимылыма тамсана, қызықтай қараса да мына қазақтыкі не деп бәсекелес кейбіреулер күндейтін болды. Олардан озуың керек, сен озасың деп ұстазым қайрай береді. Осылардың табасына қалып, қазағымның намысын жоймасам екен деп мен де жан аямай өршелене түстім-ау. Ш.Рах.

Posted in

ТАБАНЫ ТІЛІК

Көп жүрістен, қиын жұмыстан табаны тілім-тілім болған адам туралы. * Осы Сарқыт енеңнің әке-шешесі түкірігі жерге түспейтін атақты бай, табаны тілік Сүлей бала әуелі солардың маңыраған қой-қозысын, соңынан Сүлей жігіт үйір-үйір жылқысын бақты. М.Қаб. ~ Сенің қандай күнәң бар еді табаны тілік жүрегі сүлік ғұмыр кешетұғын, тастай қараңғы аулама бекер-ақ қондың-ау. Ұ.Зар.

Posted in

ТАБАНЫ ЖЕРГЕ ТИМЕДІ

1. Зулады, жосыды, құстай ұшты. ~ «Айт, жануар, шүу!» — деді, Құбылып бурыл гуледі. Табаны жерге тимеді, Құлақтың түбі терледі, Тер шыққан сайын өрледі. А.Байт. "ҚҚҚ". ~ Жорғадан басқа мінбеді, Торқадан басқа кимеді. Табаны жерге тимеді, Маңдайы күнге күймеді. "Қамбар б." ~ Сатай айғайлаған сайын торы дөнен құлағын жымырып ап, оқтай зымырап келеді. Жолдың ой-шұңқыры білінер емес. Кішкене шананың табаны жерге тиер емес. С.Мұр. ~ Нөмірі он үшінші алып сары, шынында да, Бәкен үшін, Тайбурылдан бір де кем емес, жарықтық табаны жерге тимейтіні рас… Ә.Тар. 2. Көңілі көкке жетті.~ Үйлену тойы өткесін бұны оқу бітіріп келген жас маман деп желкілдетті де әкетті. Қошемет те, қолпаш та көбейіп, табаны жерге тимей бара жатты. Ә.Нұрп.

Posted in

ТАБАНЫ ТҰҢҒЫШ ТИДІ

Алғаш келуі д.м. ~ Бір күні Сары алдыға түсіп алып, қарлы таудың асуының арғы бетіне асып түскен. Ақтөстің табаны тұңғыш тиіп тұрған жерлер. К.Сег. ~ Қазақ топырағына табаны тұңғыш рет тиген бауырлас елдің балалары тарихи шаһармен танысты. БАҚ.

Posted in

ТАБАНЫ ЖЕРДЕН АЖЫРАМАДЫ

Байланысын үзген жоқ. ~ Адам жерден жаратылған. Және Адам Адам болғалы оның табаны жерден ажырамаған. Мегаполистер Адамды жерден ажыратты. Жерден ажырау Адамды бақытынан ажыратты. С.Ел.

Posted in

ТАБАНЫН ЖАЛАДЫ

Құлдыққа түсті, жағымпазданды, жалынышты күйге түсті. ~ Табынар Құдайыңды таба алмастан, Табанын жалай бердің әр күштінің. С.Қали. ~ Тілмашты айтамын да. Кулактың баласы екен ит неме. Соғыс кезінде фашистердің табанын жалапты. М.Қаб. ~ Есің дұрыс па?!. Көрінеу көзге біреуді жығып беріп көрген күнім құрысын!.. Өзі де табанын жалаған қу екен, майлы ішектей айландырып әкетіп барады. Қ.Ысқ. ~ Ел алдында асқақтап, аспандап кететін солардың патша чиновниктері алдында құрдай жорғалайтынын, табанын жалауға дайын тұратынын, арсыз намыссыздығын қатты мінейді. Т.Қож.