Өнегелі істері елдің есінде қалды. ~ Ұлы Жібек жолының бойындағы жеті кенттің бірі Алматы арғы тарихын айтпағанда, бертінде Кенесарының өзі келіп шатыр тіккен, Ахаңдардың, Жақаңдардың табанының ізі қалған, ұлттың байырғы интеллигенциясының Отаны, киелі, қасиетті жер. Демек, киемен ойнай беру ешкімге опа бермесе керек. Қ.Сәр. ~ Өзағаңның Торғай облысының мәдениетін қалай көтергені ел ішінде аңызға айналды. Торғай облысының Амангелді, Жангелді аудандарын жиі араладым. Өзағаның табанының ізі қалған, рухының табы лаулаған жерлерде көп жүрдім. Марат, Жанай атты бажаларым Өзекеңді ауыздарынан тастамайтын.О.Қау.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАБАНЫҢДЫ ЖАЛТЫРАТ
Құры, жоғал. ~ Бойковқа ашулы көзін қадады. — Айтқанымыз айтқан, осы істің, арты насырға шаппай тұрғанда, табаныңды жалтырат, Бойков. С.Ом. ~ Енді көп мыжыма. Алды-артыңды абайлап сөйлемесең табаныңды жалтыратып, ертең осы уақта Ақкөл шекарасының рғы жағында тұрасың!.. Ш.Рах.
ТАБАНЫҢНАН САПҚЫР!
Қарғыс, табаның тозсын, жүре алмай қал д.м. * Ойбай-ау, одан да ана сиырдың астын тазаламадың ба! — Оған әлі ерте қой, — деп Ерәлі күңк етті. — Ерте, ерте! Сүйдеп‚ сен табаныңнан сапқыр‚ ертеңді күнді кеш қыласың. Бүйткенше барыңнан жоғың. Шірік-ау, кітап сенің неңді алған? Піркарөл болатындай. Б.Алд.
ТАБАСЫ ҚАНДЫ
Біреудің қайғысына қуанды, табалап, мазақ етті. ~ Ол елдің ғұрпы емес пе? Олай істемей, ағамның өлгеніне табасы қанғандай, ағамның топырағына шөп шықпай жатып, жылын бермей отырып, Асанның жау боп түскені – өлсем сүйегіммен кетеді. С.Мұқ. ~ Сезімі суынып, көңілі торығар. Бұнда қалса, қаралай қан жұтып, қайғының уын ішер. Дұшпанның табасы қанбас, көптің қаңқуы қалмас. Құрбы-құрдастың қалжыңы тыйылмас. Қағытпай тұрмас.Ү.Жәл.
ТАБАСЫНА ҚАЛДЫ
Біреудің мазағына душар болды, қорланды. ~ Ақырында: "Өз ындының солай болса, оныңа мен де бөтен сөз айта алмаймын. Жалғыз-ақ дос бар еді, дұспан бар еді, құрбы-құрдас бар еді. Екеуміздің осы жүргенімізді де көре алмайтын кісілер бар еді… Тек солардың табасына қаламыз ба, бірде болмаса бірде бетіңе салық қып, сүйегіңе таңба бола ма деп, артын ойлағанымыз болмаса…" — деген сөзге әкеп тіреді. Ж.Айм. ~ Қадиша. Құрбыжан, сөзің алтын, тілің майда, Қазақта жылаған қыз азғантай ма? Қалдырып дос-дұшпанның табасына, Жылатып ата-анамды барам қайда?.. Б.Майл. ~ Осы оқиғадан кейін ұзамай ұзатылып, Нағима бұл елге ауыр кінәні арқалап келген болды. Абысын-ажынның табасына қалды. Жұрт күлкісіне ермек болды. Басынан таяқ кетпеді. Б.Майл. ~ Қимылыма тамсана, қызықтай қараса да мына қазақтыкі не деп бәсекелес кейбіреулер күндейтін болды. Олардан озуың керек, сен озасың деп ұстазым қайрай береді. Осылардың табасына қалып, қазағымның намысын жоймасам екен деп мен де жан аямай өршелене түстім-ау. Ш.Рах.
ТАБАНЫНАН ОТ ШАШТЫ
Жүйрік аттың шабысының сипаты ретінде қолданылады. * Өйткені ол соңғы он жылда шығармашылықтың қызығына айызын қандыра сусындап, табанынан от шашқан нарқызылдай зар күйіне түсіп, бауырын жаза жазды. Т.Жұр.
ТАБАСЫНА ТАСТАДЫ (ҚАЛДЫРДЫ)
Қор қылып, ұятқа қалдырды, абыройдан айырды. ~ Дала боран. — Жел ұлиды, ысқырады, өлімсіреп жылағандай болады. Желмен бірге, мөлдір көзін ыстық жаспен шылап, Айнажан да жылайды. Жандай көрген жалғыз әжесін тоқалдың табасына тастап, ойламаған іске бел буғанына өзін шілтелегісі келеді. Б.Майл. ~ Тыныш жүрсең тиын да көрсетпейді, Көтеріліс жасасаң ақша берет. Соны көріп тілеймін бір құдайдан, Дұшпанның табасына тастама деп. Б.Шойб. ~ Қаптаған Арқадағы қалың елің, Ешкімнің қалдырмайды табасына. Алғыс пен ақ батасын ел береді, Халқымның ардақ тұтқан баласына… Ш.Дәлд. ~ Арақта арғы атаңның кегі кеткендей ішіп едің, ақыры не таптың? Сүйегімізге таңба болпы, «әкелері ішіп жүріп, аязда үсіп өлген» деген ағайын-туыстьың табасына қалдырдың. А.Рақ. ~ О, тоба! «Арғымақтың баласы аз оттар да, көп жусар…» Өзімен құрдас Жәніке миығынан күлді. «Жабысың» дегені ғой. Жаман баланың қылығы Жылқайдарды дұшпанның табасына қалдырды. З.Шүк.
ТАБАНЫНАН СЫЗ ӨТТІ
Суық кешіп, қиындық көрді, қар жамылып, мұз жастанды. ~ Мұң-мұқтаждық қинаған безеді үміт ашынып, — күні бойы жинаған тиындары шашылып. Сол бір үміт, сезінем! Алған жанын мұз етіп, — Жас ағады көзінен, табанынан сыз өтіп. Т.Мед. ~ — Айран дейді ғой құлқын сәріден! Қазір әкең кеп ойранымызды шығарады! Төс табанынан сыз өткен жынды бурадай жынын шашып кеткен жоқ па!.. Қ.Ыс. ~ Таулы өлкесін өзгенің, Өз жеріндей даулаған. Өз жерінде аң аулап, Кісі елінде адам ғана аулаған. Тыныштығын күзеткен, Таулар қанша. Табанынан сыз өткен? Р.Нияз. ~ Табанынан сыз өткен, Кетті де қыс жөтеліп. Келді ауылға қыз – көктем, Қозы-лағын көтеріп. Қызғалдағы қаз тұрып, Көрінді ыстық қыр маған. Тырна белде шақырып, Қуы көлде жырлаған. Б.Дүй. ~ Тілсіз жауды ауыздықтаған айбынды тұлға. Тобығынан саз кешіп, табанынан сыз өтсе де, өзгенің өмірін өзінен жоғары қоятын қаһарман жан. Ерлігімен халық құрметіне ие болған маман иесі… "Atyrau TV" ~ Қойшы көзін сүйеді кеп ұйқы қыз, Өтті уақыт, ол уақыт, түлкі қыз. Самал келіп түртеді сол жігітті, Самал шытпен жанарыңды сүртіңіз. Намыстылар бірін-бірі күзетіп, Таң атырар табанынан сыз өтіп. Ж.Көксу.
ТАБИҒАТЫНДА ЖОҚ
Үйреншікті емес, бөгде әрекет, жат мінез туралы. * Жылда біреумен ырың-жырың болғанша, өзіміз бен өзіміздің дөңгеленгеніміз көш артық, — деп табиғатында жоқ көнбіс мінез танытқан. А.Сейд. * Інім, қазақ дүниедегі ең тебіз халықтың бірі, тәртіпке бойсынбау біздің халқымыздың табиғатында жоқ нәрсе. Б.Қыд. * Асқар бешпентін жүре киіп, үйден шықты. Сыртқа ере шыққан Қалаған Асқардың жан–жағына жалтақтай қарап, табиғатында жоқ қимылмен жорғалай басып кетіп бара жатқанын көріп, көкірегі қарс айрылғандай болды. Т.Әбд. * Бұл өмірдің шындығы. Қарасуды қанша қайнатқанмен қойылмайды. Кездейсоқ келгендер кездейсоқ кетеді, өйткені қойылу оның табиғатында жоқ, атала, сұйық күйінде қалады. Б.Қыд.
ТАБАНЫНАН ТАЙРЫЛДЫ
Табаны тозып жүруден қалды. * Көз кірпігің қыраулы, Түн ұйқыңды бөлдің бе? Атыңыз қату жараулы, Шаба-шауып желдің бе? Қырандардан бата алып, Қабатына ердің бе? Райдан қайтқан кісідей, Мойныңды Хаққа бердің бе? Табанынан тайрылған, Қанатынан қайрылған, Жалғызынан айрылған, Әкекем менің көрдің бе? Тәжірибе қылып анамның Рас болса айтқаны, Ия боларсыз, болмассыз, Болсаң аман келдің бе? Аузыңа қарасам ,Сұлуды таңдап сүйгендей. Келбетіңе қарасам, Қымқапты таңдап кигендей. Мендей сорлы жетімнің Қадірін жақсы білгендей. «Алпамыс батыр» * Ал бір салдақының кесір-кесепатынан салы суға кетіп, ыңыршағы айналып, ұнжырғасы түсіп, табанынан тайрылған ер-азамат қанша! Б.Қыд. * Елімізге шұрқан салды. Зығырданы қайнаған ерге зәнжір кигізді, таландыны табанынан тайрылтты. Бұл бір қазақтың емес, бар қазақтың басына түскен нәубет, ауырмалық еді. Б.Қыд. ~
