Қадамы сәтті болды. * Ақыры екінші курсты бітірместен «КазГУ»-ге ұзатылып тынды. Недегенмен әдебиеттің табалдырығын оң аяғымен аттаған жігіт. Т.Сәу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СЫРТЫНАН ЖҰДЫРЫҚ ТҮЙДІ (КӨРСЕТТІ)
Жауы жоқта сыртынан қоқан-лоқы жасады, сырттай кіжінді. * Мен әйелімді алдаттырып қоймаспын,— деді қарт келіншегінің алдында қоқиланып, әлде кімге сыртынан жұдырық түйіп.— Жә, енді жетті. Кергімей жина төсек сал… М.Сүн. * Мәмбеттің шынашағына тұрмайтын күйкентай, сыртынан жұдырық көрсетуін көрдің бе? – деп, Пазыл жерге түкірді. Х.Ес.
ТАБАН АҚЫ, МАҢДАЙ ТЕРІМЕН КЕЛДІ (ЖАСАЛДЫ, КҮНЕЛТТІ, ТАПТЫ, ҚҰРАЛДЫ)
Адал еңбекпен келген табысы, ауыр бейнеттің зейнеті. ~ — Адам баласы…. табан еті, маңдай терімен күнелткен таза жолдан шыға жайылды. Еңбексіз мал тапқысы келеді. Бұрынғылар өз табан ет, маңдай теріне жалынған… А.Байт. ~ Мәдениеттің, ғылымның, тәжірибенің қай саласын алсаңыз да сансыз адамның «табан ақы, маңдай терімен жасалғалы» мәлім. С.Мұқ. ~ Біреудің малын біреу тартып алып жатқан жоқ, біреудің жеке меншігіне қол сұғушылар да көрінбейді, бар байлық табан ақы, маңдай термен келді емес пе? Б.Тоғ. ~ Біздің үйдің іші қартайған Имаш бабамнан бастап, есін енді- енді біліп келе жатқан баласына дейін жеген нанын табан ақы, маңдай терімен тапқан. Б.Мом. ~ Дәм татып, отымыздың басын көріп, дидарыңды көрсеткеніңе рахмет. Табан ақы, маңдай терімен Төре ауылының сарқытынан құралып өсіп-өнген малымыз мына далада жайылып жатқан. С.Бег. ~ Кім өзінің табан ақы, маңдай терімен тапқан малын, астығын құр-бекер бере салады?! Б.Тоғ.
СЫРТЫНАН ТОН ПІШТІ
Бір нәрсенің анық-қанығына көз жеткізбей тұрып, долбар жасады. ~ Анада мені дінге қарсы сөйледің деп, ел–жұртқа мазақ қылып, итімді шығарған жоқ па? Істейтіні — осы, біреуді біреуге айдап салу, үгіт тарату, біреуді мазақ қылу, сыртынан тон пішу. Т.Әбд. ~ Мұндайда айтыс арасында ақ жаулық атаулыдан бір жан қатыстырылмайды. Солардың сыртынан тон пішіп, үкімін айтатын да ерлер. Еркектердің ісіне қол сұқпайтын қатал әдет өз күшінде еді. Б.Мом.
ТАБАН АҢДЫСТЫ
Бір-бірінің басқан ізін аңдып, жауласты. ~ Ерегіскен дұшпанның, Екі талай болғанда, Азыққа етін жеп едім! Хан баласы ақсүйек Ежелден табан аңдысқан Ата дұшпан сен едің. Ата жауың мен едім. Махамб.
СЫРЫ АШЫЛДЫ
Жасырын ой-сыры, ниеті, мінезі, әлдебір құпиясы білініп қалды. ~ Көптен бері, ел көкейінде түйін болып келген бір қойманың сыры ашылды. С.Бег. ~ Дарын: – Қалдықсыз қоректің беріп отырған жемісінің бірі осы. Бұрын тіпті ойымызға келмеген көп жағдайлардың сыры ашылып отыр. Лашынның түйсігі сергек. Оны өзіңіз де байқап тұрсыз, — деді. С.Ғабб. ~ Шымылдығы желбіреп отырған Уәсиласы түскір Әлиге айтпай ауданға барыпты. Отан үшін жанын да, тәнін де аямаған еріне қызмет сұрапты. Пәтер деметіпті. Қосымша ақы даулапты. Сол кезде батырының сыры ашылыпты. Бақса, Әлидің әскерге барғаны рас. Бірақ ат бағыпты. Бары-жоғы сол. Р.От.
ТАБАН АСТЫНДА (АСТЫНАН, АРАСЫНДА)
Оқыстан; күтпеген жерден; аяқ астынан; кенет. * – Ой, ойнауын сен ойнадың-ау, ұялауын мен ұялдым ғой, – депті жұлып алғандай, табан астынан тауып сөйлейтін шешен режиссер. Ә.Сығ. * «Тоқта! Қайт кейін!» Табан астында былайғы ойдың бәрін белден омырып, көңіліне ұялай қалған осы бір оқыс бұйрық көмейіне кептеліп тұрып қалғандай. Ә.Кек. * Көзіңізден ештеңені оқытпадыңыз. Оқи алмағам. Ерініп отырғандайсыз. Табан астынан жыным қозып, қырсығым қабындады. М.Байғ. * Шартықбайдың күрік болған шұбар тауығы қанша жұмыртқа басып жатыр? Мүдірмей, табан арасында оны да айтып береді. С.Сағ.
СЫРНАЙДАЙ ТАҚЫЛДАДЫ
Тақ-тақ етіп, жөнді-жөнсіз көп сөйледі. ~ Сонда Абай: Дәумен, сен сырнайдай тақылдаған шешен емес пе едің, жағың қарысып қалған жоқ па, неге үндемей қалдың? деді. Содан соң Дәкең де сөзін жалғастырып, соға берді. Екеуі де сөздерін айтып болды. БС. 96 т. ~ Би ағалар-ау, мен қалып барамын, дегенде Қазыбек Қалдан Шерінге қайта кіріп, сырнайдай тақылдап, жүйесін босатып сөйлеп, сұрап алған екен. «Қазыбек өзгесінен бір жесір артық алыпты» деп кейінгіге айтылып қалған. БС. "Тарихи аңыздар."
СЫРТТАЙ ӨЛШЕП-ПІШТІ
* Сырттай өлшеп-пішу ағат та шығар, алайда қайтесіз, Кәмила-қыз осы бір көргенінің өзіненақ қаралай түңіліп, іштей жұтап, құтсыз құдалар маңында амалсыз, әрең шыдады да олардан құтыла бере ауырып қалды. З.Қабд.
СЫРТ АДАМ
Бөгде жан, бөтен кісі. ~ Сен ағайын-туған ішіндесің, ал мен сырт адаммын, суға ағып бара жатсам жан аямай қол ұшын созатын жақыным жоқ. Б.Тоғ. ~ Кешке үйге қонақ шақырайын. Сен менен гөрі сырт адамсың, әңгімені Көкшегір екеуің бастаңдар, ар жағын мен алып кетермін. Б.Нұрж.
