Posted in

СӨЗ ТИМЕЙДІ

Артынан өсек ермейді. * «Әкесі бар қыздарға сөз тимейді. Сөз алдымен саған тиеді. Үстіңнен бір жаман әңгіме естімейтін болайын. Менің жесірлігім жұртқа жүк. Қазақ күйеуден ажырасқан әйелді өсекке таңбай жүре алмайды. Қашан да еркектің тәйтіктігі серілік те, әйелдің жеңілдігі перілік саналады» дейтін ол. Ү.Жәл.

Posted in

СӨЗГЕ ЖЫҒЫЛДЫ

Айтқан сөзді жөн тапты; айыбын мойындады. * Сөзге жығыла білген халықпыз. К.Сег. * Берік бұл сөзге жығылды да, бұрылып жүре берді. Б.Тоғ. * Бүгінгі жол кезіп бара жатқан бесеуіміздің қайсыбірімізге күндердің күнінде ісі түсуі де ғажап емес қой. Әйтпесе менің сөзіме жығылып, айып төлегеніне өзім де сене алмаймын-ау. К.Сег. ~ — Тақсыр, еркек адам бала таппаса, еркек қой қоздаушы ма еді? — дейді Қарашаш сұлу. Сонда хан сөзге жығылып: «Ой, тіліңді тәңір кессін!» — деген екен. Қаз. ерт.

Posted in

СӨЗ ӨТПЕЙДІ

Өзіне қарсы айтылған сөздерге мән бермейтін, біреудің сынын елемейтін адам туралы. * Ауқымнан ауа жайылатындар мірдің оғындай ажуаға ұшырайды. Бірақ оларға сөз өтпейді. Т.Әл. ~ Жаманға оқ өтсе де — сөз өтпейді. Ғ.Мүс. ~ Есенейге екі нәрсе өтпейді: оқ өтпейді, сөз өтпейді. Ғ.Мүс.

Posted in

СӨЗ ТІЗГІНІН ҰСТАДЫ

Әңгіме барысын өз қалауынша өрбітті. ~ Бұл отырыста сөз тізгінін ұстап, әңгімені өрбітіп отырған — Рамазан Шәнішев. Қ.Жұм. ~ Тыңдар құлақ бұныкі де, көбіне сөз тізгінін ұстап отырған Қосымхан. Т.Сәу. ~ …жасының жеткендігі де, белдің құяңы да емес, соңғы жылдары әкесінің орнына сөз тізгінін ұстаған Бекболат пен Абылай арасындағы қырбайлық болатын. Қ.Жұм.

Posted in

СӨЗГЕ ЖЫҚТЫ

Сөзбен жеңіп, ыңғайына көндірді. ~ — Торғай да бұтаны қорғалайды. Сенің еліңе келіп елді ғой, қорғамайсың ба?-деп жеңіпті. Сөйтіп, Найман елін сөзге жығып, қайтыс болған адамның жарты құнын өндіріпті. Р.Кар.

Posted in

СӨЗ ПАРҚЫН БІЛЕДІ (ТҮСІНЕДІ)

Сөз түсінеді. ~ Сағат өтпей жатып жаңалығының құны екі есеге кеміді. Ал прораб сөз парқын білетін жан. М.Қаб. ~ — Түу, түу, Құспан! Сөздің парқын білмейтін надан екенсің! С.См. ~ Сөз парқын түсіне білетін Сәлима күрсініп алды да: ─ Ана, Әспет дегенің кім? ─ деп сұрады. С.Шай. ~ Сөз парқын түсінетін Асқарбай осы бір хабар мына тұрған ана үшін, мынау жатқан дала үшін қандай қымбат екенін бар жүрегімен жаңа ұққандай болды. К.Қаз.

Posted in

СӨЗ ТОЛҒАУЫ

Сөйлеу мәнері. ~ Мына жана тағайындалған еңбек комиссарының сөз толғауынан, өз жауаптылығын тереңдей түсініп, жаңа жұмыс тәртібін ретке қоюға шүйілгенің сезінді. С.Бег. ~ Жүріс-тұрыс сөз толғауына қарағанда бірбеткей аңқылдаған жігіт тәрізді. С.Бег.

Posted in

СӨЗГЕ КЕЛДІ

1.Тілі икемге келді; әрең сөйледі. ~ Его плакоротие бұл кезде үйде отырушы ма еді, жоқ, кеңсесінен табасыңдар, бірақ кіре алсаңдар, – деп сөзге келді. С.Жүн. ~ Ерні әрең қимылдап, Әбутәліп сөзге келді: – Кешіріңіз, жеңіл киіммен шығып кетіппін. Үйге жеттім, енді жылынамын ғой. Ш.Айт. ~ Оттама, әй, сен оттама, – Досмағанбет бар күшін жинап әзер сөзге келді. – Ақтамақтан аулақ, пәлекет. Н.Дәу. 2.Дау шығарды, тілдесті, бір-біріне ауыр сөздер айтты. ~ Өлкелік бір жиында ақын Голощекинмен қатты-қатты сөзге келіп, тіпті Филипп Исаевичті ұрмақшы боп ұмтылғаны бар. Қ.Жұм.

Posted in

СӨЗ РЕҢІ БҰЗЫЛДЫ

Сөз сұйыла бастады, көркін жоғалтты д.м. ~ Сөз реңі бұзыла бастағанын сезген Әли астындағы ақтабанына сеніп сырғыта жөнелейін десе, тұғырда отырған бүркітімен кең көсілтіп кете алмайды. Б.Тоғ. ~ Бұзылып кетпесін де сөз реңі, Сөз қуған бір бәлеге кезігеді. Кешегі ақын-жыршы, серілердің Сезімі сере қарыс семіз еді. Д.Қап.

Posted in

СӨЗ ТӨРКІНІ

Негізгі ойы, айтпағы. * — Ыраштай… Әлгінің сөз төркінін көрдің бе? « Ісегін дейді ғой. Анау кескен томардай аяғымен тақымына басып алмақ. Нағыз ер… М.Сүн. * Егер күшіміз жетпесе қайтеміз? — деді әкесінің сөз төркінін аңғарып қалған Шыңғыс, — Кенесары сұлтан осал жау емес. І.Ес. * Ұзын составтың бас жағындағы бір вагоннан ақырын әнгімелескен кісілердің күбір-күбір даусы естілген соң, Дьяков ішке басын сұқты. Сөз төркініне қарап мұндағы қазақ жігіттері екенін білді. Ә.Нұрп. * Сүйегі сыпайы, мінезге берік кісі зайыбының сөз төркінін жаратпады, кондукторға «шай әкел» деп жарлық жасады. Д.Дос.